Салтанат қазақстандық боксшылармен қарым-қатынасы жайлы да айтты, деп жазды Jastar janary порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: gettyimages
«Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Мамыр айында ғана достарыммен бірге Астанаға демалуға келіп кеткенбіз. Алматыға да анаммен демалуға келгенбіз. Алматының, жалпы Қазақстанның табиғаты ерекше ұнайды. Оқу-жаттығу жиындарына келген қыздар Медеуге ғана барып үлгеріпті. Бірақ соның өзінде ерекше әсермен оралды. «Жоғарыға көтерілгенде өзімізді қыран бүркіттей сезіндік» деп жатыр. Өкінішке қарай, олармен бірге бара алмадым», – деді боксшы қыз.
Салтанат қазақстандық боксшылармен қарым-қатынасы жайлы да айтты.
«Қыздармен араласып тұрамыз. Олар жылы қарсы алады. Тек арасында сөздерін түсінбей қалатын кездерім бар. Әдетте менен бірінші кезекте руымды сұрайды. Қазақстандықтар да жекеме жазып сұрайды. Орта жүздің ішінде Қыпшақпын», – дейді ол.
Сонымен қатар ол үйінде әжесі ғана қазақша сөйлейтінін алға тартты.
«Негізінен әжем ғана қазақша сөйлейді. Ата-анам Омбы қаласында тұрады. Ал біз жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлесеміз. Себебі оқу орындарында да, жаттығуда да тек орыс тілінде қарым-қатынас жасаймыз», – деп қосты былғары қолғап шебері.
Меденова санкцияларға қарамастан азаматтығын ауыстырғысы келмейтінін жеткізді.
«Әзірге шектеулер көп, соған қарамастан жарыстарға қатысып жүрміз. Өзге елдерден де ұсыныстар бар. Қазақстаннан да шақырту түсті. Бірақ ондай нұсқаларды қарастырып жатқан жоқпын, себебі маған бар білгенін үйретіп, қалыптасуыма әсер еткен бапкерімді ренжіткім келмейді», – деп қорытындылады ол.