Басты бет » Жаңалықтар » «Үйге барған соң жазаңды аласың!»: Kalifarniya-ның әнінің астарында не бар?

«Үйге барған соң жазаңды аласың!»: Kalifarniya-ның әнінің астарында не бар?

«Неге менің мазамды аласың,
Үйге барған соң жазаңды аласың!»…
Қазақстанда жыл сайын шамамен 80–400 әйел күйеуінің соққысынан қайтыс болады. Соққы туралы әннің астарында не бар, неге бұл дұрыс емес? Құқық қорғаушы, фембике Әйгерім Құсайынқызымен әннің мазмұнын талдадық, деп жазды «Тіл кеспек жоқ» телеграм арнасы.

«Әннің де естісі бар, есері бар…» демекші, соңғы уақытта мән-мағынасы төмен, сөздері қазақша, орысша шұбалаңқы тілде жазылған әндер көптеп жарыққа шыға бастады. Айтуға жеңіл той әндері ретінде сөздері қайталана беретін әндердің көбейгені рас.

Kalifarniya лақап атымен танылған әнші Фархат Қалиевтің Almaty атты әні сынның астында қалды. Әннің сөзі жұрттың көңілінен шықпады.

«Обида ұстама, жазаңды аласың!»

«Әннің сөзінде жігіт қызды қорқытып, жазалайтынын айтады. Тыңдаушы бұл сөздерді қайта-қайта естіген сайын, «осылай жасау дұрыс шығар» деген ой қалыптасуы мүмкін. Бұ әсіресе жасөспірімдерге әсер етеді.

Құқық қорғаушы Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, ән сырттай көше стиліндегі көңілді, жеңіл лирика сияқты көрінгенімен, мазмұн тұрғысынан: патриархалдық бақылауды романтизациялайды, әйелді сырт келбеті арқылы бағалауды қалыпты етеді және зорлық пен жазалауды қарым-қатынастағы норма ретінде ұсынады», – деп Әйгерім Құсайынқызы пікір білдірді.

Құқық қорғаушының айтуынша, бұл жолдарда токсик/уытты маскулиндік ашық көрінеді. Ер адам өз кеңістігін бақылаудан тыс аймақ деп жариялап, әйелдің алаңдауын «мазалау», «бақылау» ретінде бағалайды.