Бүгінде атажұрттан тыс өмір сүретін қазақтар аз емес. Олардың басым көпшілігі Қытай және Моңғолия елдерінде тұрады. Қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Көп адам Моңғолия қазақтары әлі күнге дейін киіз үйде өмір сүріп, аңшылықпен айналысады деп ойлайды. Шын мәнінде, жағдай басқаша.
Моңғолия қазақтарының күнделікті өмір салты өте қарапайым. Олардың көпшілігі біз сияқты заманауи үйлерде немесе пәтерлерде тұрады. Салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары біздікіне ұқсас. Олар күнделікті жұмыс істеп, табыс табады. Халықтың басым көпшілігі саудамен кәсіп етеді. Азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық тауарлар сатады. Осылайша олар қарапайым күнкөріспен айналысады. Моңғолия қазақтары киіз үйде өмір сүреді деген ақпарат – миф.
Бұл пікір қайдан шықты? Әлеуметтік желіде Моңғолия қазақтары туралы видеолар мен жазбалар өте көп. Олардың басым көпшілігінде қандастарымыздың киіз үйде тамақтанып, ас әзірлеуі көрсетіледі. Мал шаруашылығымен айналысып, аңшылықпен күн көреді деп жазылады. Иә, қазіргі уақытта да аңшылықпен айналысып, мал асырайтындар өте көп. Жаз мезгілінде ауылдық жерлерде киіз үйлер тігіледі. Бұл өңірде «қыстақ», «қыр», «жайлау» сияқты терминдер көп қолданылады. Себебі ауылдық жерлерде өмір сүретін Моңғолия қазақтарының көбі мал асырайды. Осыған байланысты маусымдық көшіп-қонуға тура келеді.
Ал қала тұрғындарының өмірі мүлде басқаша. Қала халқы білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет және жеке кәсіпкерлік сияқты көптеген салаларда еңбек етеді. Мектеп оқушылары қазақша білім алып, түрлі үйірмелерге қатысады. Мектеп бағдарламасы да біздікіне ұқсас. Тек олар 12 жыл білім алып, мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына түседі. Жасөспірімдер саябақта серуендеп, демалыстарын көңілді өткізеді. Олар өзара қазақша сөйлесіп, қазақ тілін күнделікті өмірде қолданады. Тіпті мерекелік кештер де қазақша өтеді.
Моңғолияда төл мұралар мен көне салт-дәстүрлер жақсы сақталған. Ұлттық киімдер мен дәстүрлі музыкалық аспаптар бүгінге дейін кеңінен қолданылады. Көпшіліктің пікірінше, қазақтар — әлемдегі ең қонақжай халықтардың бірі. Дәл осы қонақжайлылық Моңғолияда да қалыптасқан. Менің ойымша, қонақжайлылық — екі мемлекеттегі қазақтарға ортақ ұлттық қасиет. Моңғолияда туризм саласы жақсы дамып келеді. Ол жаққа жыл сайын түрлі елдерден туристер саяхаттайды. Моңғолия халқы саяхатшыларды жылы қарсы алып, оларға сый-құрмет көрсетеді. Дастарқанға ұлттық тағамдар қойылып, ұлттық әндер шырқалады. Дәл осындай ықыласпен Қазақстаннан келген туған-туыстарын да құшақ жая қарсы алады. Олар Қазақстанды тарихи Отаны ретінде құрметтейді. Атажұрттан келген қонақтарды ерекше құрметпен күтіп алып, шығарып салады.
Қорытындылай келе, Моңғолия қазақтарын бір ғана киіз үй немесе аңшылық арқылы сипаттау дұрыс емес. Олар қазақ жерінен тыс өмір сүрсе де, біздің қандастарымыз. Бауырларымыздың туған жерден алыстап кетуі — ауыр тарихпен өрілген оқиға.
Айсана ТЕМІРБЕК,
Қарағанды облысы Саран қаласы
Абай атындағы ЖББМ—нің 11-сынып оқушысы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы