Басты бет » Жаңалықтар » ШЫМКЕНТТЕ «АЙБЫН–2026» БАЙҚАУЫНА ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «АЙБЫН–2026» БАЙҚАУЫНА ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Айбынды жауынгер – берік елдің қалқаны. Бүгінде әскери салаға қызығатын жастар қатары көп. Олар өз отанын қорғауды басты парыз санап, есейгенде әскери салада қызмет жасағысы келеді. Елімізде осындай ержүрек, білімді жастарға арналған «Айбын-2026» әскери-патриоттық жобасының іріктеу кезеңі Шымкентте жалғасты. Аталған іс-шараның мақсаты – жастардың патриоттық рухын қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, физикалық және әскери дайындық деңгейін жетілдіру.

Биылғы іріктеу кезеңіне 14-17 жастағы оқушылар қатысып, 100 мектептен іріктелген 15 команда қатысты. Салтанатты шарада Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Әбдіғабит Шегебаев, сондай-ақ білім және ардагерлер сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі.

Нұрдана ЕРҒАЗЫ, «Арыстан» патриоттық клубының тәрбиеленушісі:

– «Айбын» жиынына тыңғылықты дайындықпен келдім. Бұған дейін Алматы және Ақтөбе қалаларында өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болғанмын. Бүгін автоматты бөлшектеп-жинақтау, пресс және білім сайыстарына қатыстым. Осындай жарыстар бізді тек қана физикалық тұрғыдан емес, рухани жағынан да шыңдайды деп ойлаймын. Әрбір қатысушы өз мүмкіндігін барынша көрсетіп, ел намысын қорғауға дайын екенін дәлелдейді. «Айбын» әскери-патриоттық жобасы арқылы өзіме жаңа достар таптым. Біз мұнда тек жеңіс үшін емес, тәжірибе жинап, жаңа достар табу үшін де келдік. Болашақта әскери салаға оқуға түсіп, әскери қызметкер болғым келеді!

Қатысушылар өздерінің күш-қайратын, ептілігі мен шапшаңдығын, сондай-ақ әскери дайындық деңгейін айқын көрсетті. Оқушылар әскери-қолданбалы пәндер бойынша машықтарын көрсетті. Атап айтқанда, автоматты бөлшектеп жинау, пневматикалық мылтықтан ату, күш жаттығулары және командалық эстафета сияқты жарыстарда бақ сынады. Әрбір сайыс тартысты өтіп, командалар өз ұйымшылдығын көрсетті.

Еркін СӘБИТ, «Жас сарбаз» республикалық әскери патриоттық қозғалысының Шымкент қалалық филиалы төрағасы:

– Бұл байқау жалпы сайыстың 11 түрінен өткізілуде. Осы жылғы іріктеу кезеңінің ерекшелігі жүзу спортының қосылуы. Біздің жалпы мақсатымыз қарулы күштердің имиджін көтеру, жастар арасында қарлы күштерге деген кереғар идеясын тың жолға салу мақсатында сайыс жыл сайын қалалық, республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістер сайыстың мазмұнын байытып, қатысушылардың жаңа қырларын ашуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіруде ерекше рөл атқарады. Өскелең ұрпақ осындай сайыстар арқылы өз бойындағы қабілеттерін шыңдап, тәртіпке үйреніп, елге қызмет етуге деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы