Басты бет » Жаңалықтар » «Менің Елім – Менің Туым»: Еліміздің әр түкпірінде 10 000-нан астам мемлекеттік ту желбіреді

«Менің Елім – Менің Туым»: Еліміздің әр түкпірінде 10 000-нан астам мемлекеттік ту желбіреді

Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде 10 000-нан астам мемлекеттік ту желбіреуде. «AMANAT» партиясының «Менің Елім – Менің Туым» акциясы Отанға деген сүйіспеншілік пен ел бірлігінің жалпыұлттық нышанына айналды.
Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бастамаға «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері, еріктілер мен қарапайым азаматтар қатысуда.

Биыл акцияға екі мыңнан астам жас қосылып, мереке қарсаңында ел бойынша он мыңға жуық туды қалалар мен ауылдарда, мектептерде, аулаларда және өндіріс орындарында ілу жоспарланған. Үйдің, көліктің немесе дүкеннің алдында желбіреген ту – елге деген мақтаныштың және болашаққа деген сенімнің белгісі.

Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толады. Осы орайда аталған акцияның мәні айрықша. Бұл құжат – Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, демократия, билікті бөлу, теңдік пен еркіндік қағидаттарын айқындаған алғашқы тарихи акт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Республика күні халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

Айта кету керек, Егемендік туралы Декларация қазіргі заманғы либералды-демократиялық құндылықтарға сәйкес келетін мемлекет жұмысының сапалы жаңа жүйесін бекітті. Тұңғыш рет республика тарихында биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары қағидаты енгізілді. Саяси және экономикалық бәсекелестікті қамтамасыз ететін ережелер қабылданды. Декларация барлық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға тең мүмкіндіктерге кепілдік берді. Құжатта аумақтың тұтастығы, егемендігі мен таласқа түспейтін тәуелсіздігі, халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары айқын көрсетілді.