Халықаралық шығармашылықты тоғыстырған айтулы мәдени оқиға – III Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2025» өз мәресіне жетті. Мәдени мереке Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы, Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өтті.
Фестиваль – заманауи қуыршақ театрының сан алуан қырын көрсеткен, мәдениет пен өнерді тоғыстырған ерекше алаң болды. Биылғы өнер думанына Италия, Испания, Иран, Үндістан, Ресей, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 15 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық кәсіби қуыршақ шебері қатысып, көрермен қауымды түрлі стильдегі қойылымдарымен тәнті етті.
Қаржылай жүлдеге ие болған дода нәтижесі бойынша:
Бас жүлде «Үздік спектакль» номинациясымен – «Minusmal» театры, «Нил» (Испания, Гранада);
«Үздік режиссер» номинациясымен – Рязань қуыршақ театры, «Серебряное копытце» (Ресей, Рязань);
«Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен – Халықаралық театр орталығы, «Творения» (Италия, Флоренция);
«Үздік қуыршақ жүргізуші» номинациясымен – Дженгиз Озек Гельге театры, «Мусорный монстр» (Түркия, Ыстанбұл);
«Үздік суретші» номинациясымен – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры қуыршақ труппасы, «Қаршақыз және 7 ергежейлі» (Қазақстан, Қарағанды);
«Жаңа сахналық ізденісі үшін» номинациясымен – Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театры қуыршақ труппасы, «Ортеке туралы аңыз» (Қазақстан, Көкшетау);
«Ұлт рухын ұлықтағаны үшін» номинациясымен – Өзбек ұлттық қуыршақ театры, «Ох, уж этот Ходжа Насреддин» (Өзбекстан, Ташкент) марапатталды.
Сонымен қатар фестивальдің барша қатысушыларына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Қойылымдармен қатар, қуыршақ театрының теориясы мен тәжірибесі тоғысқан шеберлік сағаттар мен дәрістер өткізілді. Олардың қатарында «Қуыршақ театрының өнер тарихындағы орны», «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы», «Күрес алаңының кеңеюі: XXI ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері» секілді өзекті тақырыптар қамтылды. Бұл басқосулар халықаралық мамандар үшін кәсіби өсу мен өзара идея алмасудың тиімді алаңына айналды.
Алмат Амангелді, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры: «Бес күн бойы қуыршақ театрының әлемі жаңа бояуларға, жаңа есімдерге және жаңа идеяларға толы болды. Фестиваль аясында көрермендер мен қатысушылар түрлі елдің мәдениетін жақыннан танып, бір сахнада тоғысқан шығармашылық қуатты сезінді. бізбен бірлесе жұмыс істеген әріптестерге, шет елдерден келген қонақтарға, театр ұжымдарына және фестивальді ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің еңбектеріңіз – осы фестивальдің шынайы табысының кепілі. Келешекте де осындай игі бастамалар жалғасын тауып, қуыршақ театры өнері өрлей берсін!»
Алматыда өткен бұл мәдени фестиваль – тек өнер мерекесі ғана емес, әлемдік қуыршақ театрының даму бағытын, эстетикалық ізденістерін айқындаған бірегей платформа болды. Сонымен қатар, фестиваль Алматының халықаралық мәдени имиджін нығайтып, қаланың рухани тынысына ерекше серпін берді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қуыршақ театры биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Темірбек Жүргеновтің бастамасымен 1935 жылы құрылған бұл театр – еліміздегі қуыршақ өнерінің қара шаңырағы. 90 жыл ішінде бірнеше буынның жүрегінен орын алып, ұлт мәдениетінің алтын қорына айналды.
Фестивальдің соңғы күнінде театр ұжымы барша көрерменге алғысын білдіре отырып, қуыршақтар әлеміндегі шынайы сезім мен шексіз қиялға толы сапарға бірге шыққан сәттер үшін жүрекжарды ықыласын жеткізді.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ