Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спортшы Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.
– Әлемдік сайыста ел намысын қорғау – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздердің жеңістеріңіз жастардың спортқа деген құлшынысын арттырады. Спортшыларымыз ұлт саулығын жақсартуға үлес қосып жатыр деп айтуға болады. Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан біз спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Бір ел болып, чемпиондарымызды ұлықтап, олардың еңбегін жоғары бағалап, қоғамда жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемге әйгілі спортшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтініне, жастардың чемпиондарға қарап бой түзейтініне назар аударды. Сондықтан сөзбен, іспен, күнделікті мінез-құлық, жүріс-тұрыспен, әдеп-дағдымен көпке үлгі болу өте маңызды деп атады.
– Жастарды отаншыл, еңбекқор, білімпаз, тәртіпті, жинақы, ұйымшыл, жанашыр болуға баулу керек. Мен сіздерді чемпион деген атқа лайық еліміздің мықты спортшылары деп есептеймін. Жалпы, үлкен спортта биікке көтерілу оңай емес екені белгілі. Ал сол биікте қалу – одан да қиын жұмыс. Сондықтан жеткен жетістікке масайрап, босаңсуға болмайды. Алдымызда тұрған үлкен белес – Лос-Анджелестегі жаһандық дода. Олимпиаданың жеңіс тұғырына шығу – әр спортшының арманы. Бүкіл Қазақстан халқы сіздерге сенеді, үміт артады. Ел сенімін ақтау үшін қазірден бастап дайындыққа кірісу керек. Мен Ұлттық құраманың осы жеңісін Олимп шыңына бастайтын маңызды қадам деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.