Басты бет » Жаңалықтар » «QUIZ» зияткерлік жарысы

«QUIZ» зияткерлік жарысы

12 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күніне орай Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы арасында «QUIZ» зияткерлік сайысы өтті. Бұл шара – тек білім жарысы ғана емес, мемлекеттік тілді меңгерудің маңызын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды бастама болды.


«QUIZ» – ағылшын тілінен аударғанда «викторина», «сауалнама» деген мағынаны білдіреді. Бұл ойынның ерекшелігі — әр кезеңнің тапсырмалары түрлі форматта, шығармашылық және логикалық бағытта берілуімен ерекшеленеді. Бұл қатысушылардың тек білімін ғана емес, тапқырлығы мен шапшаңдығын да сынайтын ерекше мүмкіндік.
Сайыстың негізгі мақсаты — қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен өнерін, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраларды насихаттау. Зияткерлік жарысқа Полиция департаментінің әр түрлі құрылымдық бөліністерінен бірнеше команда қатысып, білім мен тапқырлықтарын сынға салды.
Сұрақтар логикалық тест, сурет, бейне-аудио форматта ұсынылып, қатысушылардан жылдам әрі нақты жауап беру талап етілді. Әр тапсырма қатысушылардың ойлау қабілетін, зейінін және командалық жұмысын бағалауға бағытталды.
Жарысты бағалау үшін Полиция департаменті басшылығы мен Ардагерлер кеңесі өкілдерінен құралған қазылар алқасы тағайындалды.
Олар қатысушылардың жауаптарының дұрыстығын, жылдамдығын және логикалық ойлау қабілеттерін бағалады.

Бес кезеңнен тұратын бұл сайыс тартысты әрі қызықты өтті. Қорытынды бойынша:
«Smart Police» және «UniversalCop» командалары – жүлделі ІІІ орын;
— «RoboCop» командасы – ІІ орын;
— «CyberSheriff» командасы – І орын иеленді.
Қазылар алқасы жарыс барысында білікті де парасатты полицей бейнесі ашыла түскенін атап өтіп, сайыстың маңызын жоғары бағалады.


Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай зияткерлік сайыстар – полиция қызметкерлерінің кәсіби дамуына, тілдік және мәдени білімдерін арттыруға, сондай-ақ ұжым ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Гүлжиян ҚАРАҒОЙШИЕВА,

Орал қаласы Полиция басқармасының ақпараттық

саясат тобының маманы