Студенттік шақ – әр адам өміріндегі естен кетпейтін тәтті кезі. Арман қуып үлкен өмірге қадам басатын адам өміріндегі ең бір маңызды кезеңнің бірі.
«Біз де студент болғанбыз» айдарында түрлі саладағы маман иелері студенттік шақтағы естеліктерімен бөлісіп, сол жылдардың қызығы мен қимас кезеңдері жайлы сыр шертіп, әңгіме өрбітеді.
Біздің бүгінгі қонағымыз – театр және кино актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тутова.
Гүлшат Әбсаттарқызы 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтын «Театр-кино актері» мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы.
Театрда Шахимарден «Қазақтар» (реж. Т.әл-Тарази) – Шолпан, Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» (реж. Б.Атабаев) – Күләй, С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» (реж. Ә.Рахимов) – Есектас, А.Володин «Қоштасқым келмейді…» (аударған және реж. А.Маемиров) – Миронова, Б.Шоу «Сүйікті менің періштем» (реж. Ә.Оразбеков) – Миссис Пирс, М. Әуезов «Қарагөз» (реж. Е.Нұрсұлтан) – Текті құдағи, Ф. Буляков «Отыз ұлың болғанша» (реж. Ә.Рахимов) – Фатима, Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» (реж. Б.Атабаев, қайта сахналаған – Е.Нұрсұлтан) – Күләй сынды жүздеген рөлде ойнаса, кино саласында да «Біржан сал», «Сүйінші», «Әкем екеуміз», «Несиеге махаббат», «Жетімдер», «Мәңгі өмір сүргің келсе», «Астанаға көктем кеш келеді», «Үмітіңді үзбе», «Тұрар Рысқұлов», «47 баланың анасы» және т.б. көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдады.
– Гүлшат Әбсаттарқызы, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Ең алдымен әңгімені өзіңіздің туған жер, өскен ортаңызды таныстырудан бастасаңыз…
– Мен, Түркістан облысы Шардара қаласында қарапайым шаруашылықпен айналысатын жұмысшы отбасында дүниеге келдім. Әкем – шофёр, анам – тігінші болды. Отбасымда әкем әншілікті жақсы көретін. Ауылымызда халықтық театрда жұмыс істеп, өлең айтатын. Анам ауылдағы адамдардың киім-кешегін қысқартып, тігіп жүретін. Тату-тәтті өмір сүрдік. Отбасымызда төрт ағайындымыз, үш ағам бар, мен – жалғыз қызбын. Ең үлкен ағам екеуміз қатты мұңдас әрі сырлас болдық. Ол ағам дүниеден өтіп кетті. Ал екі ағам немере сүйіп, өсіп-өркендеп үлкен шаңырақ болып отыр. Өзіміз де дәл солай немерелеріміздің ата-әжесіміз. Өзім мектепте де белсенді болдым. Ауданаралық, республикалық жарыстарда бірінші орындарды алып жүруші едім. Мектепті жақсы аяқтаған соң әкем «актриса боласың» деп, өзінің орындалмай қалған арманына мен жетсін деген болуы керек мені Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсірді. Алматыға келген кезде Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының алдына апарып: «Мінекей, бұл – театр, бұл театрда Сәбира Майқанова деген актриса бар. Сен де ертең сол кісі секілді актриса боласың», – деп көрсететін. Ол кезде мен жас баламын ғой Сәбира Майқанованың кім екенін де білмеймін. Бірақ театрға барғанда міне Сәбира Майқанова деген осы кісі деп қолын қалдырғаны әлі кезге дейін есімде. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына Тұңғышбай Жаманқұловтың курсына түстім. Менің ұстазым әрі кураторым болды. Сол сәтте керемет тұлғалардың арасына түстім деп қуанып, мақтанып жүрдім.
Бір сұхбат барысында журналист «өнердегі режиссерлеріңізді білеміз, ал өмірдегі режиссеріңіз кім?» деп сұрақ қойған еді. Сол сәтте ойланбастан, «өмірдегі режиссерім – әкем» деп жауап берген едім. Әкемнің «Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрымен бірге ауылға келсең» деген арманы болатын. Араға 36 жыл салып жақын арада ауылыма әкемнің арманын орындауға барып, сол арманын орындап келдім. Әкем бір аунап түскен шығар. Сол кісінің аруағы сахнада жанымда жебеп жүрген сияқты болды. Шынымды айтсам, қатты толқып көз жасым көмекейіме тығылып тұрды. Бірақ оны ешкімге көрсеткім келмеді. Сөйтіп, «Бес бойдаққа бір той» қойылымын қойып бүкіл туысқандарымды мен барлық Шардара тұрғындарын шақырып, осы қойылымды ұсындық. Оның барлығы қаражатқа келіп тірелгеннен кейін, оның бәрін көтеріп ұйымдастырып берген Шардара қаласының әкімі Арман Романұлына үлкен алғысымды айтамын. Себебі бір ауыз айтқанымнан бірден келісіп, бізді өте жақсы қарсы алды. Өз төркініме жайдарлы болып келгеніме қатты қуандым. Төркінге қыз келгенде қуанады ғой, қызды сыйлап төрге шығарып жатады сол секілді өзім де төрде отырғаныма қуанып қалдым.
– Дәл қазір сан жылдарды артқа тастап, балалық бал дәурен шағыңыздан үлкен өмірге қадам басқан студенттік өміріңіз жайында кеңінен әңгімелеп бесеңіз…
– Бірінші, екінші, үшінші курс кездер өте қызықты өтті. Керемет естен кетпес студенттік бақытты шақтар болды. Студенттік кезде неше түрлі қойылымдар мен үзінділерді ойнадық. Сол кездерде Тұңғышбай ағай «студенттік кездеріңде Джульеттаны да, Қаракөзді ойнап алыңдар, ертеңгі күні үлкен сахнаға шыққанда ойнамай қалуларың мүмкін, сондықтан осында ойнап-ойнап еселеріңді алып алыңдар» дейтін. Сол сөзі рас екен. Мен Қаракөзді де, Джульеттаны да ойнаған жоқпын. Қазіргі уақытта үлкен аналардың образын сомдап жүрмін.
Сондай-ақ студенттік кезде жолдасымды кезіктірдім, екеуміз бір курста оқыдық. Ол кісі біздің курсымызға әскерден келіп қосылды. Сонымен, үшінші курсты бітіріп, төртінші курсқа аяқ басқанда Нұржанмен отау құрдық. Және сол кездерде менің курстастарымның 90 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істей бастады. Оның ішінде, жолдасым Нұржан Тутов, өзім, Алмат Сахатов, Әбеке Серіков, Қуандық Шәкіржанов, Асылбек Боранбаев, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқар, Дулыға Ақмолда, Бақыт Әліпбаева болды. Осы курстастарыммен өсіп-өнгеніме тағдырыма риза болып, әрдайым мақтанып жүремін.
– Өнер жолына тәрбиелеген ұстаздарыңыз кімдер және өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
– Менің ұстазымдарым – Тұңғышбай Жаманқұлов және марқұм Айжан Бадыровна. Айжан апай өте әдемі келіншек еді, өмірден өтіп кетті. Одан кейін бізге Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берген менің ұстаздарым Әшірбек Сығай, Майра Смагуловна қазіргі уақытқа дейін академия да сабақ беріп келе жатыр. Өте ұлағатты ұстаздар.
Содан кейін театрға келдік, ол жерде де ұстаздарым өте көп болды. Сахнадағы әрбір партнерім ұстазбен теңдей болды. Тұңғышбай ағамен, Оразхан Кенебаев, Данагүл Темірсұлтанова, Ғазиза Әбінәбиева, Бақтияр Қожа, Бекжанұлы Тұрыс секілді кісілердің көбісімен партнер болдым.
Ал өзім ешқандай шәкірт тәрбиелеп жүрген жоқпын. Өйткені еш жерде сабақ бермеймін. Мысалы, өзім кезінде Ғазиза Әбінәбиева еліктеп өскенім секілді, маған да еліктеп артымнан өсіп келе жатырған жастар болса, шәкіртім деп айтар едім.
– Студент кезіңізде шәкіртақы алдыңыз ба? Шәкіртақы сіздің қажеттіліктеріңізге жетуші ме еді? Әлде студент кезіңізде жұмыс істедіңіз бе?
– Иә, студенттік кезімде шәкіртақы алғанмын. Біздің кезімізде шәкірақы алмай қалу деген нәрсе болмайтын. Керісінше, бізде қосымша премиялар болатын. Әрине, студенттік кезде шәкіртақы жетпей қалатын кездер болып тұрады ғой. Себебі арасында таксимен жүретін кездеріміз болатын. Ол кезде таксидің бағасы 1 мың сом еді. Ал шәкіртақымыз – 40 мың сом. Енді 1 мың сомға бір таксиге отырсаң, 30 күнде 30 мың сом кетіп қалатын. Одан бөлек, жейтін тамағымыз бар (күліп). Сондықтан да көбінесе автобуспен, кейде жаяу жүрдік. Өз басым жаяу жүргенді жақсы көретін едім. Бірақ студент кезде жұмыс істеген жоқпын. Әкем жұмыс істеткен жоқ. Құдайға шүкір, әкем асырап-бағып, менің жұмыс істеуіме мүмкіндік бермеді. Ақшадан бөлек, үйден азық-түлік салып жіберетін. Азық-түлік көп болса, өзіміз тамақ істеп жеп жүре беретін едік.
– Студенттік өміріңіз жатақханада өтті ме? Жатақханада өткен студенттік кездеріңіз жайында айтып берсеңіз?
– Иә, студенттік кезім жатақханада өтті. Бірінші рет талапкер болып келген кезден бастап Бақыт Әліпбаева екеуміз бір бөлмеде жаттық. Сол кезден осы күнге дейін біз екеуміз құрбы болып жүрміз. Әкем: «Сен қай жақтың қызы боласың, біз мына жақтан боламыз», – деп бір-бірімізбен таныстырып: «екеуің енді ұрыспай, таласпай, осы жерде тату-тәтті тұрыңдар», – деп айтты. Төрт жылдың ішінде басқа да курстың қыздарымен бірге тұрдық. Айнұр Жүгінісова әнші Мирас Жүгінісовтің анасы біздің курстасымыз болған. Айнұр, Бақыт, мен үшеуміз бірге тұрдық. Мен Бақытқа қатты сенетінмін.
Төртінші курста тұрмысқа шықтым, сол кезде де Бақыт бізбен бірге тұрды. Осылайша, жолдасым Нұржан үшеуміз бірге тұрдық. Төркініме, басқа да жақтарға кететін болсам: «Нұржанға қарап жүр, жарайды ма?» – деп Бақытқа тапсырып кететінмін (күліп). Енді сенгенде де өте қатты сенуші едім. Студенттік кезім өте тамаша өтті ғой. Өз басым студенттік кездерді сағынып еске аламын. Ұрыс-керіссіз, тату-тәтті болып, өмірімізде бірінші рет ғашық болып, ғашықтықтың не екенін сезіндірген де студенттік кездер ғой.
– Сіз қандай студент болдыңыз? Студенттік кездерде есте қалған қызықты сәттеріңізбен бөліссеңіз?
– Студент кезде мен өте тәртіпті болдым. Сабақты жақсы оқыдым. Қатты бір шектен шығып кеткен оқиғалар болмапты. Сабағыма барамын, үйге қайтамын. Нұржанға тұрмысқа шығар кезімде өмірімде бірінші рет бір емтиханнан қалып қойған болатынмын. Десе де, «жақсы оқитын қыз ғой» деп мұғалімім 4 қойып жіберген екен ол кісіге рақмет айтамын. Ол мұғалімім өмірден өтіп кетті, әйел кісі еді аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Сондай жақсы көретін едім. Бірақ басқа кездерде емтихандарға қалып қойып не болмаса тәртіпсіздік көрсеткен кездерім болмаған. Дипломдық жұмысымдағы рөлді де жақсы ойнап шықтым. Студенттік кездерім тек жақсылыққа толы болды.
– Студент атанғалы жатырған талапкерлер мен студенттерге қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?
– Студенттік кезді сезінудің өзі ғажап қой. Оны үлкен өмірмен араластырудың қажеті жоқ. Ол – балалық балбұл шағыңның әлі де кетпеген кезеңі. Кейбір жастар студенттік шақтарында қатты жұмысқа беріліп, құдды бір 10 бала-шағаны асырай алмайтындай, қатты жұмысқа беріліп кетеді. Студенттік кезді ересек өмірмен алмастырудың қажеті жоқ, әлі есейетін кез келеді.
Студенттерге айтарым, оқуларыңды жақсы оқып, ата-анаңды сыйлап, оларға жақсы бала болып, айтқанын істеу керек. Ол кісілер оң мен солды біледі, ата-анаңның айтқанымен жүріп, дипломыңды аман-есен алғаның артық. Ал егер қыз бала болатын болсаң, екінші жартыңды студенттік кезде кездестіріп жатырсаң тұрмысқа шыға бер деп айтар едім. Өйткені қыз баланың екі тірлікті де қатар алып жүргені жақсы. Болашақта балаң өзіңмен бірдей өсіп кетеді. Сіздер ертеңгі күні бағып-қағатын жақсы жолдасыңыз болғаны жақсы ғой. Білмеймін, өз басымнан солай өткеннен кейін, төртінші курсты бітіріп балалы болғаннан кейін осындай пікірдемін. Қазіргі таңда қызымыз өзімізбен бірдей. Соған қуанамын. «Жоқ, мен үй алып алайын, одан кейін көлігімді алайын» дейтін кісілер мені кешіріп қойыңыздар, оны ерлі-зайыпты болып бірлесіп жасауға да болады.
Біз коммунистік партия кезінде тәрбиеленгеннен кейін тәртіп өте қатал болды ғой. Сол тәртіпке үйреніп қалғанбыз. Ал қазіргі жастар «демократия» деп, көбінесе еркіндікті қалап кетеді. Ал еркіндік көп жағдайда жақсы нәрсеге апармайды. Сондықтан менің айтатыным, әке-шешеңнің айтқанын тыңда. Біреудің жетегінде кетпей, өз түйсігіңмен ойланып істеген дұрыс. Қазір не көп алдамшы дүние көп. Өзіңе жақсы жолдас бола алатын жақсы орта табу керек. Бүгінде жақсы орта табу өте қиын. Сол себепті бірінші кезекте сенің ортаңа келе алатындай, сенің ортаңа жүргісі келетіндей қатарда болу керек деп кеңес берер едім.
– Керемет! Жақсы ақыл-кеңесіңіз үшін рахмет! Енді қазіргі өміріңізге оралсақ, қазір театрда да, кино саласында да көптеген рөлдерді сомдап жүрсіз. Өз табиғатыңызға, болмысыңызға қандай рөлдер жақын?
– Негізгі режиссерлер көп жағдайда актерлерге табиғатына жақын рөлдерді беруге тырысады ғой. Өзім өмірде ашық-жарқын, әзілге жақын жанмын. Сол себепті театрда маған көбінесе комедиялық рөлдерді береді. Негізі, мен «социальный героинямын» ғой. Лирикалық рөлдерді көп бере бермейді. Ал кинода көбінесе драманы, тек қана жылайтын рөлдерді ұсынады ғой. Бір ғана режиссер Айдын Сахаманов мені ылғи жексұрын рөлдерде көре алады.
– Өзіңіз түскен киноларды көресіз бе?
– Өзім түскен киноларды қалай ойнадым екен деп көріп шығамын. Кейде бір сахнадан екінші сахнаға көшкен уақытта кинолардың арасы ұзап кеткен кездерде сол образды ұстай алмай, басқа образда жүргенім сериалдарда көрініп қалады. Мұндай кезде сол образды ұстап жүруге образымды ұмытып қалмауға тырысамын. Долы әйел ме долы әйел болып жүремін, парасатты әйел болса, парасаттылықты, мұғалім болса, сол мұғалімдік образымды ұстап жүремін. Өзімнің түскен фильмдерден бөлек, басқа да актерлердің түскен киноларын да көремін. Өйткені сол кісілердің ойнаған рөлдерінен үйренерім әлі де көп. Кейде біреулер «өзім түскен киноны көрмеймін» дегенде таңғаламын. Қалай көрмеуге болады немесе қателік кеткен жерлерін көруге ұялады ма екен. Ондай жағдайларда болуы мүмкін. Өз басым қателіктерімді біліп, келесі түсетін киноларда қайталамауға тырысамын.
– Әсерлі әңгімеңізге үлкен рахмет! Өнердің биігінен көріне беріңіз!
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary