Басты бет » Жастар үні » Отанды қорғау – қасиетті парыз: Алғашқы әскери дайындық пәні не үйретеді?

Отанды қорғау – қасиетті парыз: Алғашқы әскери дайындық пәні не үйретеді?

Бүгінгі бозбала ертеңгі күні жігіттік жасқа жетіп, әскер қатарына қосылады. Елін, жерін қорғап айбынды сарбаз ретінде Отан алдындағы парызын өтейді. Әрбір ер азаматтың Отан алдындағы міндеті – әскерге бару.

Бүгін – Отан қорғаушылар күні. Айтулы мерекемен барша еліміздің тыныштығын күзетіп, Отанын қорғап жүрген азаматтарды құттықтаймыз!

Біз бүгін мерекеге орай мектептегі Алғашқы әскери дайындық пәні жайлы әңгімелемекпіз. Бүгінгі кейіпкеріміз – мектеп оқушыларының әскерге деген ынтасын оятып, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жасөспірімдердің әскери білімін шыңдап жүрген Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектеп-лицейінің Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы Дархан Белибаев.

Жасөспірімдерді Отан қорғауға дайындау мектеп жасынан басталады. Бұл тұрғыда Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің маңызы үлкен. Балаларды жастайынан әскерде қызмет етуге ынталандыру, отаншылдық сезімін ояту бағытында еңбектеніп жүрген ұстаз Дархан Серікұлы:

– Әскери дайындық сабағында қолданылатын заманауи оқыту түрлері білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға және әскери-техникалық білімін арттыруға бағытталған.  Мен функционалдық сауаттылыққа көп көңіл бөлемін, өмірде алған білімдерін қолдана білуге көп акцент қоямын. Сабағымды түрлендіріп өткізуге тырысамын. Мәселен, интерактивті оқыту әдісі. Дебаттар мен пікірталастар арқылы, әскери тақырыптарда ой бөлісу арқылы сыни ойлау қабілетін дамытып отырамын, – дейді.

Сабақта оқушылар түрлі ситуациялық тапсырмалар, яғни нақты әскери жағдайларды модельдеу, рөлдік ойындар, мысалы, командир, сарбаз, бақылаушы сияқты рөлдерді бөлісу арқылы әскери әрекеттерді игеруге үйренеді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде симуляторлар мен тренажерлар – атыс, жаяу жүру, алғашқы көмек көрсету сияқты машықтарды үйренуге арналған құрылғыларды қолдана білу де маңызды.

– Сабақта виртуалды оқу платформаларын да пайдаланамын. Ол платформалар  арқылы  әскери дайындық тақырыптары бойынша онлайн курстар мен тестілер орындаймыз. Интерактивті тақта мен мультимедианы қолданғанда оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады. Себебі қазіргі балаларды мобильді құралдар көп қызықтыратынын білеміз. Сондықтан олардың көңілін пайдалы дүниеге бағыттау – біздің міндетіміз. Сонымен қатар, жобалық оқытуға да бағыттаймын.  Мысалы, оқушылар «Қазақстан армиясының құрылымы», «Әскери форма тарихы» сынды әскери тақырыпта шағын жобалар дайындайды. Мұндай жұмыстар  командалық жұмыс пен зерттеу дағдыларын дамытады. Одан бөлек, кейс әдісі де өте қызықты. Себебі нақты өмірден алынған әскери жағдайлар қарастырылады, шешім қабылдау дағдысы дамиды. Геймификациялық ойын элементтерін  де қолданамын, – дейді ұстаз.

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін оқыту барысында әскери квесттер, жарыстар, шифр шешу сияқты элементтер қолдану оқушылардың қызығушылығын арттыратын көрінеді. Практикалық далалық жаттығулар бойынша да жұмыс жасалады.

– Мектеп маңында немесе арнайы полигонда марштар, саптық дайындық, алғашқы көмек көрсету cекілді түрлі практикалық жұмыстар ұйымдастырылады. Әскери дайындық сабағы 10-11 сынып оқушыларына ғана өтетіндіктен, олардың болашақ сарбаз ретіндегі қырларын ашуға тырысамыз. Жан-жақты дамуына, оның ішінде физикалық, моральдық дайындығына баса назар аударамыз, – дейді Д.Белибаев.

Әскери дайындық пәні барысында сыныптан тыс көптеген іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, аудандық жарыстарда, сондай-ақ Binom мектептері арасында да өткен байқау, сайыстарда жүлделі орындар иеленген.

Биыл оқушылары Халықаралық «Айбын-2025» әскери патриоттық жарысының іріктеу кезеңінен өткен. Жыл сайын Ауған, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылып отырады. Оқушылардың бұл пәнге деген қызығушылықтары жоғары.

Сондай-ақ Дархан Серікұлының оқушылары да Алғашқы әскери сабағы туралы өз ойларын айтты.

Ерасыл МАХСОТОВ, 10 -сынып оқушысы:

– Сабақ жоспар бойынша өтеді. Әуелі мұғалім теориялық бөлімді түсіндіреді. Кейін жаттығулар немесе практикалық тапсырмалар орындаймыз. Кейде топпен жұмыс істейміз немесе сұрақ-жауап түрінде пікір алмасамыз.

Әзірге әскерге толық дайынмын деп айта алмаймын, бірақ бұл сабақ арқылы дайындық деңгейім артып келеді. Физикалық жаттығулар жасап, тәртіпке бой үйретіп жатырмыз. Әскерге бару – үлкен жауапкершілік, сондықтан осы сабақ көп көмектесіп жатыр.

Марлен ЕСЕБАЕВ, 10сынып оқушысы:

– Біз бұл сабақта әскери саптық дайындықты, алғашқы көмек көрсетуді, қарумен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін және ел қорғау туралы маңызды мәліметтерді үйренеміз. Сонымен қатар тәртіпке, жауапкершілікке үйренеміз.

Темірлан Нұрланұлы, 10сынып оқушысы:

– Алғашқы әскери дайындық маған ұнайды. Себебі тек теория ғана емес, тәжірибелік бөліктері де бар. Әскер туралы көбірек білу қызық, әрі болашақта қажет болады деп ойлаймын.

Перизат САПАРОВА,

 Jastar janary