Басты бет » Жаңалықтар » 1991 жыл 15 қараша Қ.Қуанышбаев театры ашылды

1991 жыл 15 қараша Қ.Қуанышбаев театры ашылды

Бүгін – астаналық театрсүйер қауым үшін ерекше күн. Дәл осы күні бүгінгі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры ашылды.

1991 жылы 15 қараша күні театрдың негізін қалаушы, режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омарұлы сахналауымен Ғ.Мүсіреповтің «АҚАН СЕРІ-АҚТОҚТЫ» спектаклімен театр шымылдығын түрді.
Бүгінде ұлттың рухани ордасына айналған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері: Жақып Омарұлы, Қадыр Жетпісбаев, Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Театр ұжымы өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алды.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді. Елімізде және шет елдерде өткен бірнеше театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ол – қазақтың театр өнерін өркендету, сөйтіп кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсету.