Басты бет » Әдеби әлем » ҚЫЗҒАНЫШ

ҚЫЗҒАНЫШ

Әңгіме

Алмагүл Джанұзақова


Бір жақын таныстарымыз ұлын үйлендіріп, тойға шақырды. Туыстар емес, жақын танысымыз болған соң, тойға ағылып келіп жатқан адамдардың арасынан көпшілігін танымай шеткі бір орындықта отыр едім, бір кезде орташа бойлы, сымбатты, сары қыз мені көре сала, күлімсіреп, құшағын жая қарсы жүрді. Мен де орнымнан
тұрып, күлімсіреп, қуана алдынан шықтым. Менімен бірге институтта, бір топта оқыған – Мөлдір! Жиырма жыл
өтсе де, бір-бірімізді кеше ғана парада көргендейміз. «Сен түк өзгермепсің, сол қалпысың», – дейді Мөлдір мәз болып. Мен де оған: «Сені кеше ғана көргендеймін. Сен де бір өзгермепсің!» – деп күлеміз мәз болып. Бір-бірімізден: «Өмір қалай?», «Тұрмыстасың ба?», «Неше балаң бар? Олар нешеде? Студенттер ме? Ұл ма? Қыз ба?», – деп жатырмыз кезек-кезек. «Баяғы студент кезінде кездескен жігітің қайда?» – дейді Мөлдір маған күліп. Мен: «Әне, ана жерде тұр еркектермен сөйлесіп. Енді танисың ба оны?» – деп тағы күлеміз.

Осылайша, мәз болған минуттармыз: «Қайда жұмыс істейсің, Мөлдір?» – дегенде тыйылды. Мөлдірдің
жүзіне мұң ұялап: «Сен естіген жоқсың ба? Мені институт бітіріп, диплом алсымен, сыртымнан маған ғашық
болып жүрген жігіт алып қашты. Мен қалдым. Енді не істейін? Жаман емес. Мені жанындай жақсы көреді. Үлкен
ұлымыз университетте студент, екінші ұлымыз биыл 18-ге толады. Кішкентай қызымыз 5-те. Бірақ өмір бойы күйеуімнің орынсыз қызғануы, отбасымыздың шырқын бұзып жүр. Өзім армандап, аңсап түскен мамандығым бойынша бес жыл оқып алған дипломыммен бір күн де жұмыс істей алмадым ғой! Жұмысқа бара жатқан адамдарға терезеден телміре қарап тұрамын. «Шіркіііін, мен де халатымды тастап, әдемі көйлегімді киіп, үйден бір мезгіл шығып, халқыма кішкентай да болса, пайдамды тигізсем бе» деген арманым күннен-күнге менен алыстап бара жатыр. «Жыл сайын қыркүйекте: «жұмысқа шығамын, енді үйде отыра алмаймын», – десем болды, үйдің тыныштығы бұзылады. Балалардың мазасы кетеді. Балалар томсырайып отырмасыншы деп, қоямын,
айтпаймын қайталап».

Мөлдірдің аянышты түрін көріп, ойға баттым, не айтарымды, қалай жұбатарымды білмедім. Қандай өкінішті,
қызғаныш сезімі арқылы жанындағы ең жақын адамың саған қиянат жасап жүр.

Пікір жазу