Басты бет » Жаңалықтар » Жәудір Нартай. КӨКЕ (Әңгіме)

Жәудір Нартай. КӨКЕ (Әңгіме)

Сағын көкемнің бейнесін алғаш рет үйдегі ескі альбомдардың бірінен көргенмін.
– Менің Алматыдағы нағашы ағам, – деп марқайды әкем бірде қара түсті фотосуретті қолыма ұстатып жатып.
Суреттегі адамның бейнесін алғаш көргенімде, езуіме балаң күлкі үйіріліп:
– Түрі күлкілі ғой, – дедім.
Менің көзіме суреттегі кісінің киім кию үлгісі соншалық қораш көрінген еді. Кала шалбарының балағы жер сызып, панама қалпағын бастыра киген пәкене бойлы кісі езуіндегі шылымды еріне тартып, әлдеқайда алысқа көз тастап, қарап тұр екен. Ал, енді бірде менің абитуриент әкемді жанына алып, саябақтар мен гүлзарларда, «Алматы» қонақ үйінің алдында, цирктің алдында, енді бірде театрдың алдында күлімсіреп қарасұр түсті фотосуреттерге айнала берген.
Әлгінде айтып өткенімдей, Сағын көкем әкемнің нағашы ағасы болатын. Бала күнімізде Алматыдан Сағын көкем келсе, біздің әулеттің балалары үшін қызықты да қуанышты күндер басталушы еді. Өйткені, көкемнің ауылға келуі – бірер минутқа ғана дүркіреп өтетін жаздың жылы жаңбырына болмаса аспандағы ақ шуда бұлттардың арасынан жарқырап көрінетін кемпірқосаққа ұқсайтын сирек оқиға іспетті, ал кейде үлкен тойдың, әлдеқандай бір мерекенің қарсаңындай шат-шадыман қызыққа толы ерекше көңілді мезет болып көрінуші еді. Әрі біздің әулеттің күлдібадам бала-шағасының «шала байитын» уақыты да осы Алматы асып келетін кісінің сапарымен тікелей байланысты болатын.
Автобустан түскені сол-ақ екен, кеу-кеулеген үлкендермен жағаласып, тамам бала:
– Сағын көке-е-е! – деп далбаңдап, алдынан жүгіре шығып, құшағына кеп құладық.
– Өй, айналайын, әй, көкебас! Әй, батыр, бері кел! Шашың қайда, тоқырайып қалыпсың ғой! Әкел, әңгелек пісті ме! – деп, шекесі шодырайған қара домалақтардың басына тоқетер тастап, жағалай құшып, бетімізден кезек-кезек сүйетін көкшіл көз кісі кенет төс қалтасынан қызарған бес мыңдық пен жап-жасыл екі мыңдықтарды шығарып: – Мә, ұстаңдар, балмұздақ алыңдар! – деп, тек үлкендер ғана ұстайтын ірі ақшаларды бізге қағазша таратып бере салды. Құдай-ау, мұндай да жомарт адам болады екен-ау!
Ақ аралас буырыл шашы шекесіне қарай құлаған, пәкене бойлы, көкшіл көз кісінің басқа біреулердің емес, дәл біздің туысымыз болғаны мұндайлық жақсы болар ма еді! Қуаныштан жүрегіміз жарылуға шақ қалатын. Әуелі: «Сағын көкем берді!» – деп, шешелерімізге ақшаның шетін көрсетіп, ыржақтап мәз боп қалдық. Бірақ, қу ақша қалтамызға сыймай, іле келесі көшенің басындағы қораз кәмпит сататын Күләш кемпірдің дүкеніне қарай дүркіредік.
– Ии, жетпегір, бәрін жаратпай қайтып әкел! Мойныңды үзіп алам тура! – деген шешелер қонақтардан көзді ала бере қара санымыздан шымшып үлгергенше, біз де жығыла-мығыла тырағайлап қаша жөнедік.
Сағын көкем ауылға келген соң, алдымен біздің үй қонаққа шақырды. Қонақ бөлмеге үлкен дастархан жайылып, қойдың басы мүжіліп, әулеттің үлкендері ығы-жығы, ырду-дырду әңгімеге көшкенде, бала-шағаның көзін ала бере, әкем үстел астынан шыны шөлмектің мойнын қылқитып, Сағын көкемнің бүйірінен түртіп ыржиа күлді де, алдындағы рөмкеге лекілдете ақтан құя бастады. Алғашында Сағын көкем:
– Өй, мыналарың жарамады енді, – деп барынша ыңғайсызданып, біршама уақыт мөлдіреп тұрған ақаңа жоламай кері итеріп, сыпайыгершілік танытқан еді.
Алайда ауыз үйренген ащы судың керті ұрып, артынша рөмкеге қарап отырып, тартып салды да, лезде өңі қызыл-шырайланып шыға келді.
Сағын көкем көңілшек адам еді, әсіресе ішкен кезде. Алдымен Мұқағалидің өлеңдерін оқитын, содан кейін ұзақ-сонар тілек айтатын, ал тілектің соңына қарай, өксік ата кеп жылайтын. Жылағанда әкемді құшақтап, шашынан иіскеп, өксігін баса алмай әбден егілетін.
– Оның көзі тура сенің көзің сияқты, қой көзді еді ғой, есіңде ме, Қалтай? Шашы да сенікіндей бұйра болатын, мұрты да, тіпті күлгені де сенен аумайтын еді ғой… А-ай, бауырым-ай… Қайтейін, іздемеген жерім жоқ, Мәскеудің «Жди менясына» дейін хат жаздым. Сайда саны, суда ізі жоқ. Ғайып болған. Қу таудың басына шықты да, жоқ болды. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп деуші еді. Бетбақтың шөлінде өскен бала таудың қай қуысына түсіп кетті екен деп ойлаймын да бүгінде. Байғұс баланы тау тартты да тұрды. Әкең алпенист болған жоқ, атаң да алпенист болмаған, таста бұл істі дегенімді тыңдамады. Енді бүгінде сорым қайнап, бүкіл Іле Алатауы кезсем де, Арманымды таба алмай шерменде болып жүрмін. Кейде ойлаймын, мүмкін әлдебіреулер оны құлдықта ұстап отырған болар? Әлде ақылынан алжасып кетті ме екен? Өлді дегенге көңілім еш сенбейді. Өлуі мүмкін емес оның. Ол өте өжет, жанып тұрған жиырмадағы жігіт еді ғой, Қалтай… Арман… Есіңде ме сенің? – деп, Сағын көкем әкемді құшақтап, өксіп жіберді.
– Қойыңыз енді, Сәке, сабыр қылыңыз. Ешкім де Арманды ұмытқан жоқ. Бәріміз де оның күндердің бір күні елге оралатынына сенеміз, – деп әкем басу айтып, ағасының арқасынан қағып жатып, көзі жасаурап қамығып қалды.
– Ол тірі. Мен сенем, Арман тірі! Күндердің бір күні Алатаудың басынан төмен түсіп, мені іздеп келеді. Мен оны сол Абай Момышұлы көшесіндегі пәтерімде күтетін боламын, – деп еңіреп отырып, жеңімен көзінің жасын сүртіп, әкемнің маңдайына басын түйістіріп, жанарына қадала ұзақ қарады.
Сағын көкемнің айтып отырғаны – ең кенже бауыры еді. Осыдан тура 21 жыл бұрын ел-аман, жұрт тынышта альпинизмге қызығып, альпинистермен бірге Тянь-Шань шыңын бағындырамын деп кетіп, ізім-ғайым жоғалып кеткен. Содан бері Арманды көрдім-білдім деген тірі пенде жоқ. Содан бері Сағын көкем көңілшек. Оның жылағанын көрген жеңгелер көздеріне орамалдарын басты. Әулеттің үлкендері «Е-е-ее, жалған дүние-ай!» деп ауыр күрсінді. Ал есік жақта отырған бала-шаға үрпиісіп отырып қалдық…
Арадан біршама жылдар өтіп, мен орта мектепті тәмамдап, бір қойдың еті салынған қытай сөмкемді сүйретіп, Алматыға оқуға келдім. Сағын көкем Сайран автовокзалынан өзі күтіп алды. Ол кезде көкемнің шашына ақ қырау түсіп, елуді еңсерген шағы еді. Автобустан түскен бойда:
– О-оо, Жадыра! – деп бас салып, құшағына қысты.
Көкемнің құшағынан әрең босанып жатып:
– Жадыра деген менің мамам ғой, көке. Мен Жауһармын ғой, – дедім, шекеме түскен шашымды сілкіп тастап.
Бетіме оқшырая қарап қалған қалпы:
– Хыы, ұмытып кете берем, и-и-ии… Екеуіңнің аттарың ұқсас қой, ей, – деді алаңғасар күйде иығы селк ете күліп.
Жоғары оқу орнына құжаттарымды ойдағыдай тапсырып, алып шаһардың студенті атанған соң, жатақханаға тұрамын деген қиғылығыма қарамай, көкем:
– Біздің үйде тұрасың! – деді. – Нағашыңның дағарадай үйі тұрғанда, жатақханаң не, и-и, айтып тұрған? Кезінде сенің әкең де менің қолымда тұрып оқыған. Сен де сөйтесің. Арқаңды кеңге салып, нағашыңның үйінде жатпайсың ба?! Ана екі жүгермек… Біреуі Ресейдің Томбысында, екіншісі Омбысында оқып жатыр. Жылына бір келеді. Үй деген кең, футбол ойнауға болады. Бір бос бөлмесінде тұра бер. Оның үстіне Гүл тәтеңе серік боласың, ол байғұс үйде итпен сөйлесіп қияли болып кетті, – деп арқамнан қақыштап қойды.
Мен де басымды изеген боп, үнсіз келістім. Сол күні-ақ Сағын көкем төрт бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін босатып берді. Көкем мені таңертең көлігімен жол-жөнекей универіме де тастап кетіп жүрді. Жол бойы көкем Алматыны мақтай келіп:
– Алматы қалай екен, ұнады ма, Жауһар? – деп сұрайтын.
– Ұнады, – деймін танауым жәмпеңдеп, қуанышымды жасыра алмай.
– «Жер жәннаты – Жетісу» деп, тегін айтпаған ғой. Алматыға ешқандай қала тең келмейді, қарашы таулары қандай! – деп тамсанды көкем көлігін баяу айдап келе жатып, масаттанып.
– Созақ та әдемі ғой, көке, – деймін Қаратаудың етегінде қалған еліме біртүрлі бүйрегім бұрып.
– Созақ ол – Созақ! Өзінше әдемі. Ал Алматы-ы-ыы… – деп, ақ басты Алатауға ұзақ қарады да: – Анау Алатаудың басын көріп тұрсың ба? – деді.
– Иә… Көріп тұрмын.
– Нені көріп тұрсың?
– Таудың шыңын қар басып жатыр ғой….
– Жоқ, Алатаудың басында сенің армандарың билеп жүр, – деді көкем.
– Билеп жүр? – деп, мен де терезеден басымды шығарып, алыстағы Алатауға қарап қоямын.
– Иә, өздері түрлі-түсті екен, саған қол бұлғап шақырып тұр, дұрыстап қарашы, – дейді көкем.
– Сіздің армандарыңыз да билеп жүр ме, көке? – деймін көкеме қарап еркелей сөйлеп.
– Менің армандарым ба?.. Менің армандарым бұрын билейтін. Қазір Алатаудың шыңына ілініп, шөгіп қарап тұр. Әне, ано-о-оу шарбы бұлтты көрдің бе? Менің армандарым – сол… – деді көкем ту алыста көшіп бара жатқан бұлттарға қарап қойып.
– Гүл тәтемнің армандары ше? – дедім кенет көкеме қарап, ыржия күліп.
– Қойшы, онда не арман бар дейсің? Оның жалғыз ғана арманы бар еді – маған тұрмысқа шығу деген. Ол арманы 25 жыл бұрын орындалып қойған. Содан бері Гүл тәтеңнің арманы болған емес, – деген көкем басын шалқайтып күліп жіберді…
– Фу-уу, воняет! – деді Гүл тәтем мен ауылдан сүйреп келген қытай сөмкесін ашып жатып, мұрнын басып.
– Нечего не воняет, қойдың еті ғой кәдімгі. Тұздап жібереміз, болды, – деді көкем қалбалақтап сөмкедегі сом-сом еттерді шығарып жатып.
– Ну вот, баранина воняет, – деді тәтем көкеме жаратпай қарап.
– Не воняет деймін, ей! Сарымсақ бар ма? – деп, көкем жеңін түріп жіберіп, ет жайғауға кірісті.
– Хм, баранина… Какая досада! – деп біздің әбігер тірлігімізді жартпаған Гүл тәте күшігін құшақтап, кері бұрылды.
Көкемнің әйелінің есімі – Гүлнар. Былайғы жұрт Гуля дейді. Мен оны Гүл тәте деймін. Өзі Ресей жақтың қазағы. Алғашқы уақытта өзімнің орашолақ орысшаммен шатып-бұтып тіл табысып жүрдім. Біртіндеп мен де тіл сындырып, Гүл тәтемнің «ана тіліне» көшкенімде, тәтемнің үйін-түйін қабағы жазылып, іші жыли бастаған еді. Оның үстіне, кенже баласындай болған чихуахуа күшігін де еркелетіп, жотасынан сипап қоятын болдым. Бір қарағанда, Гүл тәтемнің түсі суық көрінгенімен жүрегі кең, дастарханы мол адам еді. Әсіресе үйсіз-күйсіз жүрген үй жануарларына көмектесетін волонтерлік жұмысы туралы шай үстінде әңгімелеуді жақсы көретін.
– Мен Феняны алғаш қаңғыбас жануарлар паналайтын приюттан көрдім. Мені көріп, қыңсылап жылап қоя берді бедный! Үсті-басы кір-қожалақ, әбден жәбір көріп, арып-ашып кеткен екен. Оң аяғы сынған еще. Үш күн ұйықтай алмадым. Феня түсіме кіре берді. Сосын Сагынга айттым, асырап алайық деп. Алғашында «қазақтар итті үйде ұстамайды» деп, қарсы болды. Кейін келісті ғой. Ит – ең адал дос, жұмақтан түскен періште ғой, – деп күшігінің басынан сипап, еркелетіп қояды.
Күшік иесінің өзін сөз етіп жатқанын сезгендей, құйрығын бұлғаңдатып, тәтеме еркелей қарап, тілін салаң еткізді.
Дастархан басында адаммен қатар отыратын күшікті мен де еркелеткен болып, «Фенятай» деп, жотасынан сипап қойдым. Гүл тәтем жадырап сала береді.
– Ты кушай, кушай, не стесняйся, – деп тәрелкеме күріш ботқасын үстемелей салды да, үстіне котлет қойды.
Уақыт өте келе, мен де Гүл тәтемнің әңгімелеріне араласып, ауылдағы марғау мысығым мен ақтабан итімді мақтап айтатынды шығардым.
Бірақ, әңгіменің ауаны Гүл тәтемнің менің ауылбай нағашым Сағын көкемен қалай танысқаны жайлы әңгімеге ойысқанда, өзгеше реңк алатын. Алғашында тәтем көкемнің жас кезінде қандайлық келісті жігіт болғанын айтып тауыса алмайды. Бұл кезде тәтемнің тілі таза орыс тіліне ауысатын:
– Эх, Сагын, Сагын… Каким же он тогда был красив. Я так любила лаванду. Но они были сезонной. Он умудрался даже зимой доставать, ты преставляешь как он его нашел? С ума можно сойти. Ал, қазыр ол қартайған, шашы агарган мылжын шал. Все время ворчит как попугай: «Я – казах», «Я – казах», «Қазақстан Алға» деп. Я говорю, «давай новый квартираға көшейік» десем, келіспейді. «Бауырым осы үйге оралады» дейді. Арманды айтады. «Келмейді ол. Он давно пропал, давно умер, наверное» десем, а он «Нет, он живой, келеді» дейді. Он живой болса, неге келмейді? – деп тәтем осы кезде маған көзі бақырайып, сұраулы жүзбен қарады.
– Может он и правда живой, – дедім мен де күмілжіп.
– Я так не думаю, – деді тәтем шынаяғын қолына алып жатып. – Если бы он был жив, мы бы хоть какую-то весточку от него получили, – деді де шайын ұрттап, терең ойға шомып кетті.
Кейде көкем «ақаңмен» сырласатын. Сырласқанда да, ғажап сырласатын. Ондай кезде ерлі-зайыпты екеуі жиі керілдесіп қалды. Бірде теледидар алдында шалжиып жатқан көкеме Гүл тәтем:
– Поставь на ТНТ, щас Галкина концерт будет, – деді. Көкем:
– Мен Тянь-Шань таулары жайлы деректі фильм көремін, – деді.
Менің көз алдымда қырғи-қабақ соғыс басталды да кетті.
– Сен өз ана тіліңді білмейтін кещесің, – дейді көкем теледидар пультіне жармасып жатып.
Тәтемнің де селдіреген сарғыш түстес бес шашы селк-селк етіп, шекесіне шашырай құлап
– Ой, бедный! «Казахпын» дейді ғой! Какой ты казах? Ты алкаш, несчастный! – деп мұқата күлді. Көкем:
– Сен өзіңді қазақпын дейсің ғой, Гуля! Тфу, мә, қазақсың! Бір ауыз қазақша білмейсің, аққұлақ! Гуля, сен – орыссың, орыстық сенің қаныңнан өтіп, сүйегіңе жеткен, – дейді көкем селкілдей.
– На себя посмотри, мамбет! Что ты сделал для казахов? Или ты думаешь, что ты Назарбаев? Алкаш несчастный! Билем мен қазақша, еще как билем! – дейді тәтем де долдана түсіп.
Бұл кезде теледидардың пульті тәтемнің қолына түсіп, «ұлы орыс тілі» жеңіске жетіп, ТНТ арнасы қосылып, Галкиннің бенефисі басталып кеткен еді.
Тәтем креслоға шалқалай отырып:
– Ах… Козёл ты, Сагы-ы-ыын! Я тебе это еще припомню. Феня, иди сюда, любимый, – деп, кішкентай баладай жүгіріп келіп, аяғына оралған күшігін жерден көтеріп алып, төсіне басып, аймалап сүйе бастаған тәтеме жақтырмай қараған көкем, ышқырын бір көтерді де, балконға шығып кетті.
Балконнан көрінетін ақ басты Алатауға қарап, ойға батып ұзақ тұрды. Кенет көк түтінге оранып шылым тартты, сосын әлдене деп бұрқылдап сөйлеп жатты.
Менің қасына келгенімді кейін байқап, аздап қысылғандай:
– Ой, Жауһар! Сен бе едің? Сен бізге ренжіме… – деді кенет.
– Жоқ, ренжімеймін ғой, көке…
– Тәтең екеуміз мүлде екі бөлек адамдармыз ғой, бірақ, тағдыр бізді ерлі-зайыпты етіп қойған. Осыған үйленерде, жер шарының картасына дұрыстап қарамаппын ғой мен, – деп мырс етіп, шылымын қағып қалды. – Отбасы болу деген – екі адамның еңбегі, Жауһар. Мен кейде Гулядан осылай жеңіле саламын. Қатынмен қатын болам ба? – деп, қиқылдап күлді сосын көкем.
Мен үнсіз көкемнің әңгімелерін тыңдап тауларға қарап тұрмын. Шылымын аузына апарып, Алатауға қарап ойға шомған көкем:
– Осы жоғалған адамдар қайда кетіп жатыр, білесің бе, Жауһар? – деді тосынан маған жалт қарап.
– Білмеймін ғой, көке… – дедім қапелімде не дерімді білмей, абдырап.
– Мен де білмеймін… Жыл сайын елімізде 4-5 мың адам хабар-ошарсыз кетеді екен. Бір ғана Алматының өзінде жыл сайын 300-дей адам жоғалады дейді. Сонда олардың барлығы қайда кетіп жатыр?
Мен не айтарымды білмей, көкеме қарап тосылып қалдым.
– Менің ойымша, олар тауға кетіп, өркениеттен жырақтап, өмір сүріп жатыр. Олар таудың ең биік нүктесінде, бізге көрінбейді. Өйткені олардың мекенін бұлттар тұмшалап тұр. Әне-е-ееу Алатаудың басында оратылған ақ шуда бұлтты көріп тұрсың ба? – деді көкем тау жақты иегімен нұсқап жатып. – Жоғалғандардың мекені сонда. Өздерін тауып алып, бәрін қалаға айдап алып келер ме еді әттең… – деп көкем тау сілемдеріне ұзақ қарады.
Мен де осы жолы алыстағы тауларға әлдене іздегендей, анықтап қарап тұрып қалдым. Таудың төбесінен ақша бұлттар көшіп бара жатқан еді….
Бұл уақытта менің Сағын көкемнің үйінде тұрып жатқаныма жарты жыл болған. Алматыға әбден-ақ үйренісіп алдым. Феняны серуендетіп үйге кіргенім сол еді көкем:
– О-оо, Жадыра! – деп, қуанышты нәшінде қарсы алды. «Мен – Жауһармын ғой, көке» деп айтудан жалыққан соң, үндемедім. – Мен журналға шықтым ғой, – деді көкшіл көзі қуаныштан күлімдеп.
– Мә-әә, құтты болсын, көке! – деп қолын алдым.
– Анау-мынау емес, «Спорт» деген журналға шықтым, – деді көкем марқайып.
– Ме-е, қане-қане… – деп, жураналға жата жабыстым.
Көкемнің жас кезінде қандайлық каратист, ержүрек батыр болғандығы туралы ертегі аралас аңыз-әңгімелерін өз аузынан жиі естісем де, өткен аптада подъездің алдына жиналып, сыра ішіп отырған жас балаларға мораль оқимын деп, көзінен көгілдір от шашу ұшып, бір жеті үйден шыға алмай, терезе пердесінен аулаға сығалап жүргенін көрген соң, көкемнің баяғы ерліктеріне аса көп сенуді доғарғам. Бірақ, бүгін жалбыратып, журналды қолына ұстап алыпты.
– Міне, мына журналға шықтым, – деді қуанып, «Спорт» деген журналды көзіме тақап.
Мейлінше мейманасы тасып, жүзі қызара бөртіп, танауы делдиіп кеткен екен. Бетіме тура қарап, көзі қуақылана күлді де, кекірік атты. Біле қойдым, сылқиып алыпты жарықтық. Журналға шыққанын «жуып» отыр екен.
– У-у-уу… Бүгін сізді Гүл тәтем оңдырмайды, – деп мұрнымды басып, теріс айналдым.
– Қойшы сол Гүл тәтеңді! – деген көкем қолын бір сілтеп, – Ықы… Қи-ии, – деп қос иығы селкілдеп, күліп алды. Көкемнің күлгені өзгеше қызық еді, тура бір жас бала дерсің… – Тіпті, Гуля да мұндай журналға шықпаған, – деп дастарқан үстіндегі қақталған балықты иіскеп жатып, қолындағы журналды столға қарата тастай салды.
Өз әйелін өзі жау көрген осы кісіні көрдім деп, басымды шайқай, мен де күліп, журналды қолыма алып үңіле түстім.
– Жақсылап қарап ал, сенің Сағын көкең тегін адам емес. Гуляға әлі айтқам жоқ, жұмыстан келсін, көзіне шұқып тұрып көрсетем. Ол өзінше мені ауылбай, Созақбай деп менсінбейді ғой… Көрсін, көрсі-і-іін қандайлық мықты жігітке байға тигенін! – деп көкем рөмкеге лекілдетіп ақтан құйды да, көмейіне лақ еткізіп лақтыра салды. Іле қақталған балықты құшырлана иіскеп, басын шайқап: – Уәһ! – деп тітіркеніп қалды.
Мен болсам журналды ақтарыстырып жатырмын… Тәпелдек бойлы, ақ бурыл шашты көкем көзі көкшиіп, «Ең үздік спорт шебері» деген төсбелгісімен бірген журналдың бір бетінен жарқ ете қалатындай.
– Гуляны мен алмасам, ешкім алмас еді, – деп бастады келесі әңгімесін. – Жасы бақандай бір жылы кем отызда еді ғой, і-і-іі… Кезінде соңымнан жылап-еңіреп жүгіріп еді… «Сағын, я тебя люблю. Я жить без тебя не могу» деп. Екеуміз алғаш кездескеннен кейін, мені үш күн, үш түн түсінде көріпті. Түсінде мен кір-қожалақ қалпы аяғым ақсаңдап, жылап, «Гуля!» деп айқайлап шақырып жүреді екем, һаһ-һа-а-аа. Ғашық болып қалған ғой маған, – деп бетін басып күлді. – Ал қазір кім жаман? Сағын жаман. Кім алкаш? Сағын алкаш… – деп көкем тағы бір стаканды қағып салып, қара нанды үзіп, танауына апарып ұзақ иіскеп, қаужай салды.
– Феня екеуіңіздің тағдырларыңыз ұқсас болған екен ғой, – деп еріксіз езу тарттым мен де құр тұрмай.
Осы кезде Феня көкеме ырылдап, айбат шекті.
– Кетші әрі, Педя! – деп, көкем күшіктің бүйрінен ыңқ еткізіп, бір теуіп қалды.
Феня біраз шәуілдеп барып, столдың астына тығылып жым болды.
– Сәл-пәл орыстығы болмаса, Гүл тәтем жақсы адам ғой негізі, – дедім кенет көкеме қарап.
– Ұнамайды-и-и-ии маған сол… – деді артынан тұздалған қиярды қытыр еткізіп тістеп жатып…
Мына сөзіне айқайлап күлкім келсе де, күлуге біртүрлі қысылдым да журналмен бетімді бастым.
– Осы Гуля мені қызғанады, ә-ә-әә? – деді әлден соң, сығырая күлген көкем.
– Қызғанады, қызғанады. Қызғанғанда қандай! – деп қойдым журналдың әр бетін парақтап отырып.
– Гуля мені жақсы көреді, ә-ә-әә? – деді сосын көкем, бір көзін қысып ыржия күліп.
– Жақсы көреді, жақсы көреді…
– Қалай ойлайсың, ол Педяны көбірек сүйе ме, әлде мені ме?
– Әрине, сізді көбірек сүйеді.
– Ол әуелім мендей жігіт тапқанына қуансын! – деді сосын әуелгі сөзін қайталап.
– У-у-уу, мен жас кезімде қандай болғам, Жауһарка! Вот сен білмейсің, сенің әкең біледі. Мен деген: «Кімсің – каратист Сағын» едім ғой.
– Білем, білем.
Мен журналды әлі ақтарыстырып отырмын. Көкем сөзін әрмен қарай жалғап әкетті.
– Баяғы денсаулық министрі бар ғой, Қоскалиев деген… Ү-ү-үү, мен сонымен бірге бір курста оқығам ғой. У-у-у-уу, мен ол жігіттерді кезінде талай төбелесте қорғағам, қазір ғой олар министр… Үг-г-г, әне… Тағдыр дегенді көрмейсің бе, ә-ә-әә, Жауһарка…
– Сіз неге министр болмадыңыз, көке?
– Ә-ә-әә, қойшы! – деп қолын бір сілтеді көкем.
– Айтыңызшы, – деймін қыстағандай болып.
– Мен сол төбелесем деп, соңғы курста оқудан шығып қалғам, әкең… – деді бір кезде қақталған балықтың басын сындырып жатып.
– Егер оқудан шықпағанда, министр болар ма едіңіз, көке?
– Ү-ү-ү-г-гг… Болғанда қандай! Мені не, сол Қоскалиевтен бір жері кем дейсің бе? Мен деген мынадай министр болар едім ғой, – деп көкем бас бармағын көрсетті.
Мен журналдың іші-сыртын түгел ақтарыстырып болған соң:
– Көке, мына журналда сіздің суретіңіз жоқ қой, – деп журналды аударып-төңкеріп, артқы бетіне үңіле бастадым.
Көкем журналды қолына алды да, мұқабасын көрсетті.
– Міне, тұрмын ғой! Журналдың бетіне қарасаңшы, ый, – дейді маған жаратпай.
Мен журналға үңіліп қайта қараймын. Екі ұзын сирақ волейболшы ауада қалықтап тұрған допты қармағалы тұр. Ал, үшінші волейболшы олардың шаужайына жармасқан қалпы жерде сұлап жатыр. Сурет сол жерден қатқан да қалған.
– Қане? – деймін көзімді сығырайтып.
– Жақсылап қара, – дейді көкем.
Мен енді көзімді бақырайтып қарай бастадым. Ақ бурыл шашты, көкшіл көз көкем ізім-ғайым жоқ.
– Өтірікші екенсіз ғой, көке! Сізге сылтау керек болған да, тәтем келсін осыдан! – деп журналды тастай сап, ашуға бастым…
– О-о-ой, Жаухар-р, міне тұрмын ғой мен! Неге осы маған сенбейсіңдер, ей?!
– Қане?
– Міне!
Көкемнің журналға шықтым деген суретін көріп, екі көзім тас төбеме бір-ақ шықты! Бағанағы ұзын сирақ екі волейболшының аяқ жағында, ойыншыларға қолдау көрсеткен бір топ жанкүйердің арасында бір кішкентай ғана ақ шашты адам әлгілерден бөлініп, екі қолын ербеңдетіп, аузы далиған қалпы сурет болып қатқан да қалған. Жазбай таныдым, Сағын көкемнің нақ өзі еді. Апырау, үстіне ілген көнетоз «Адидас» күртешесі де, әлгі тәтем үтікке басам деп, кеудесін күйдірген сұр футболкасы да – дәл өзі. Күлкісін айтсаңшы, протез тістері ұшып кетер ме екен дейсің, тіпті жансыз суреттің ар жағынан көкемнің қауқылдаған күлкісін де естіп тұрғандаймын.
Көзімнен жас аққанша күлдім-ау!
– Мынау сіз ба, көке? Уаха-ха-ха-ха-а-а!
– И-и-и, неге күлесің, и-и-и?
Мен ішімді жаза алмай домалап жатырмын.
– Ойбай, ішім…
– Өй, не болды, ый?!
– Лупа бар ма, суретіңізді үлкейтіп көрейін…
– Ө-ө-өй, мұндай журналға Гуля да шықпаған, и-и-и… Оны кім шығарады, и-и-и, быдық-быдық дегізіп, – деп журналды қолына ұстаған қалпы ышқырын бір көтерді де, залға қарай өтіп кетті.
Кешкілік ас үйден Гүл тәтемнің:
– Ну, ты хулиган, Сагын! Ай, балбес, Сагын! – деп кейіген, кейде тіпті күйінген дауысын естіп жаттым. Ал, көкем болса:
– Аққұлақ Гуля, естимісің, сен мұндай журналға өміріңде шықпағансың! Сен орысты быдық-быдық еткізіп, кім басады, ей, журналға?! Естимісің, Гуля-я-я! – деп қарқылдай күліп, балконды көк түтінге орап, шылымын тұтатты да, Алатаудың төбесіне келіп шөккен шарбы бұлтқа қарап тұрып, қолындағы журналды көкке көтеріп бұлғап-бұлғап жіберді.
Кім білсін, бәлкім, сол күні Алатаудың басына шөккен ақша бұлттар арасынан көкеме де бір адам қол бұлғаған шығар… Әйтеуір сол кеште ол журналды қайта-қайта парақтап, қауқылдай күліп, балконда ұзақ тұрып еді…
2026 жыл