Басты бет » Тамшы сыр » «Біз де осылай ғашық болғанбыз»

«Біз де осылай ғашық болғанбыз»

Студент кезіміздегі біздің замандастарымыздың ғашықтық сезімі, махаббаты туралы жазу қиынның қиыны. Қанатсыз-ақ алып-ұшқан мөлдір сезімдерді, жүрек дүрсілін, махаббатыңның жауабын күту, қосылу қуанышы мен айырылу азабын сөзбен айтып немесе жазып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен бір досымның махаббатын бейнелеп көрейін.

Бір күні Шагабутдинов көшесін бойлап жатақханаға беттеп келемін. Алдымда екі бойжеткен кетіп береді екен, асыға басып, қуып жете бере тіл қаттым:

— Қыздар, сіздермен бірге жүруге бола ма?

— Əрине.

Екі қызбен таныса келе білгенім, шет тілдер институтында оқиды екен. Бірі – Жезқазған өңіріндегі Байқоңыр ауылынан, екіншісі қайда екені ойымда қалмапты. Алғашқысы – кісіні өзіне тартып тұратын бір беймәлім мінезі бар сияқты көрініп, көңіліме ұнап қалды. Театрға барғанды ұнататынын олар сөз арасында айтып қалды. Маған да керегі сол, ұтымды сәтті құр жібермей, келесі күнге театрға шақырдым. Олар да сəл ойлана келісті.

Ертесіне таңмен жеделдетіп М. Əуезов театрына үш билет алдым да, кештетіп қыздар жатақханасына жеттім. Қыздар да сөздеріне тұрып, театрға келдік. Сол күнгі қойылымда «Ана – Жер-Ана» спектаклі екен, Сəбира Майқанова апамыздың ойынына қыздар ағыл-тегіл жылап шықты. Екі қызды сөзім жеткенше жұбатып, жатақханасына алып келдім. Бірі ішке кіріп кетті де, көңіліме ұнаған жан екеуміз біраз қыдырдық.   

Жатақханаға келген соң, бірге бөлмеде жатқан жігітке əңгімелеп едім, ол «дос қызымен болса да таныстырмен» жабыса кетті. Келесі күні кеште қыздарға екеуміз келдік. Жаңағы қызды көрісімен қасымдағы жігіт ескерткіш сияқты қатты да қалды. Тіпті «не болды» деп сұрап та үлгермедім, бұрылып алды да кетіп қалды.

Ішке келсем, досым кереуетте бүк түсіп жатыр. Себебін сұрасам – үндемейді. Əрең түрткілей сұрап, сөзге тарттым. Сөйтсем, ол қызды менен бір ай бұрын көрген, содан бері өлердей ғашық екен. Жатты да жалынды:

— Сенің қызды көргеніңе үш-ақ күн болған, ал мен оған біраздан бері сыртынан ғашықпын. Мен онсыз өмір сүре алмаймын.

Мен де ол қызды ұнатып қалғанмын, біразға дейін ыңғай бермедім. Бірақ оның көзіндегі ғашықтықтың от-жалынын көріп, шыдай алмадым.

Енді ол қызға досым бара бастады, ал мен оның кездесуден кейінгі əңгімесін асыға күтемін де, құмарта тыңдаймын. Мүмкін досым бас тартар немесе «қыз оны кеудесінен итерер» деген ойда қылаң беріп қояды. Алғашында ол барып жүргенде үнемі мені сұрайтын болыпты. Əртүрлі ойдан құрастырған сылтаулардан кейін маған суыған да шығар. Бірақ, досыма кездесуге де шықпай қойған. Ал, ол болса ғашықтықтан шынымен аласұрды. Алдымен, қыздың суретін алып келіп, кереуеті тұсына жарға іліп қойды. Кейін ол суретке екі қолын кеудесіне қойып, құдды Будда дінінің табынушысы сияқты табынуды шығарды.

«Кешке маған кездесуге шықшы, жаным, күнім! Бір-ақ көрінші, тыңдашы менің сырымды». Кейін ол табынуы жыр жолдарына да ұласты. Қыз шықпай, ашуланып келгенде ызадан Махамбеттің мақамымен жырлай жөнеледі:

Қыз емессің қ…сың,

Хас албасты басқырсың,

Достарың келіп, табалап,

Сүйгенің сені басқа ұрсын, — деп кете барады.

Сəлден кейін ашуы басылып, суретті аймалап, кешірім сұрайды:

Жаным-ау, менің жаным-ау,

Айтылмай жатқан əнім-ау,

Ащылмай жатқан сырым-ау,

Жазылмай жатқан жырым-ау!

Жігіттің де егіле, сезімге беріле, махаббатың азабына жегіле ғашық болғанын алғаш көргенім! Бұрын мұндай сезімді үнді киноларынан көретінбіз немесе кітаптардан ғана оқығанбыз. Кейбір күндері ызадан удай мас болып, ішіп келеді. Онысы бөлме ішіндегі жарда орналасқан фанерден жасалған шкафтарға «пəле» болды. Жасында бокспен айналысқаны бар еді, соның «пайдасы» ма, фанера шкафтарды түгел соққымен тесіп шығады. Ертесіне бəрімізден кешірім сұрап, тесіктерді фанер əкеліп жамайды. Оқу тіпті жайына қалды, қызбен сөйлескенінің ертесіне барады, кездесу болмаған күні оятуға да батпаймыз – тас бүркеніп жатып алады. Кеште жігіттер болып, жиналып келіп «ол сені сынап жүрген шығар, еңсең түспесін» деп жұбатамыз, көңілін аулап, гитара тартып өлең айтамыз. Жəне ол кездегі біздің өлеңдеріміз де кілең ғашықтық жыры ғой – үнсіз, тас бүркеніп тағы жатып алады.

Қызды вахтаға кіреберіске жүздесуге шақырса – шықпайды, хат беріп жіберсе – жауап жоқ. Оның жатақханасы біздің жатақханаға қарсы орналасқан еді. Қыздың бөлмесі үшінші қабатта болатын және ол ғимараттың балконы да жоқ. Досым оған да амал тапты: Əуезов театры маңынан жұлып əкелген гүлдерін жылтырақ целлофан тауып орайды да, қыздың бөлмесі терезесі тұсындағы ағашқа өрмелейді. Қасындағы құрбылары «шықсайшы, ең болмаса гүлін алсайшы, ана байғұс құлап өледі ғой» деген соң ғана, қыз амалсыз əуелі терезе арқылы, кейін кіре берісіне шығып, ұсынған гүлін алатын болды. Сөйте, сөйте қызда жібіді-ау деймін, кездесетін, киноға, театрға, циркке, т.б. жерлерге баратын болды. Менің де қызға деген сезімімді досымның қызға деген махаббаты жеңіп кетті, өмірде сирек кездесетін лирикалық сүйіспеншіліктің тамырына балта шапқым келмеді. Бұл түйсігімнің түсінігін қыздар түсінбейтін де шығар, онысы заңды да. Өйткені, досының қызға деген сондай асқақ сезімін көре тұрып, өзінің ынтық сезімін тежеу еркектерге ғана тəн шығар. Мүмкін, мен қателескен шығармын, бəрі мүмкін?!.

Екі айға жуық уақыт өткенде қыз да көніп, екеуі бірге жүре бастады. Ал менің көрінуіме досым тиым салған, тек сыртынан ғана көріп қаламын. Біздің ұйымдастырған вечерлерге қыз келетін болса, мен жоқ боламын. Қыздарды бір жерге апару керек болса, қасына серік қылып ауылдасын ертіп кетеді. Бірақ, екеуінің арасында ыстық сезім жоқ екендігі сырт көзге білініп-ақ тұрады. Қатар келе жатырса қол ұстасып немесе қолтықтасып жүргенін көрмейсің. Вечерлерде, ойын-сауықтарда құшақтасып билегенін көрмейсің деп айтып келеді. Ғашық жүрек – көзсіз деген, оны тек досым ғана көрмейді – жауапсыз махаббат деген осы шығар. Əлде отқа ұшатын көбелекке теңеген дұрыс па? Əйтеуір, бір түсініксіз қарым-қатынас. Ол қыздың жанында жүргенінің өзіне риза сияқты.

Досымның сабақ үлгерімі түзелді, арақ-шарапты, сыраны тек қыз ауылына кетсе немесе қалада болмайтын болса ғана ішеді. Онсыз вечер, ресторан, т.б. жерлерге аттап баспайды. Досым үшін Алматыда тек екеуі ғана жүрген сияқты, мүмкін, тіпті бүкіл əлем сол екеуі үшін жаратылған болар. Жардағы фото біраз жетімсіреп тұрды да, жігіттердің бірінің айтуымен, газетке оралып, чемоданнан орын тепті. Оған сыйыну, жазғырып немесе жалынып өлең арнау жайына қалды. Жігіттер бөлмеде өзіміз жиналып, əңгіме-дүкен құрып, гитара шертетін кездерде досым ортаның белді мүшесіне айналады. Бірақ, жатақханадан тыс жердегі қыдырыстарда қарасын көрсетпейді. Бармаймын деп айтпайды, бірақ келмей қалады. Сөйтіп жүргенде бесінші курстың аяқталуы да таяп қалды, біз үшін əлі алтыншы курс бар. Сол жылы қыздың да институтта оқу мерзімі де аяқталып, досым жазда үйленбек болып жүрген. Бір-ақ күнде аспан жерге түсті! Сәуір айының аяғында досым біздің бөлмеде туған күнін тойлады. Ол маған сол кешке қыздың қатысуға келісім бергенін айтып, оған қатынаспауымды өтінді. Ойыма ештеңе алмастан, келісім беріп кеште келесі корпустағы курстас жігіттің бөлмесіне кеттім. Қырсыққанда, жүріп жүрген қызыммен түскен фотосурет кереует жанында жарда ілулі тұрған, соны алып тастау менің де, досымның да ойына келмеген. Қыз бөлмеге кіргеннен содан көзін алмапты – оны кейін кеште бірге болған жігіттер айтты. Содан, біздің бір жігітпен вальс билеп жүргенде, құлағына сыбырлап мені сұраған. Ал, ол жігіт, біздің арамыздағы оқиғадан хабарсыз, менің қай бөлмеде кеткенімді айтып қойған. Кешкі он бірлерде мен «тығылып» жатқан бөлменің есігін біреу қақты. Бөлмеде менен басқа ешкім жоқ, ұшып тұрып есікті ашып қалсам Қыз тұр! Мені көрді де егіліп жылап жіберді. Мен есік ашқан күйімде қалшиып, үнсіз қалдым! Ол да үнсіз. Ол сұмдық əдеміленіп кеткен екен, оны екі жылдан бері бетпе бет көріп тұрғаным ғой! Қолаң шаштары иығына төгіліп түсіп тұрды, ұзын бойлы, көп сөйлемейтін, сабырлы, ойшыл қыз болатын. Кірпігінің ұзын екендігі бота көздерін жұмғанда білінетін, екі көзінен аққан жас əдемі қыр мұрынының екі жағымен жағалап құйылып тұр. Сол бейне əлі көз алдымнан кетпейді. Содан кілт бұрылды да, түп-түзу аяқтарын тез-тез басып кете барды. Əттең, досымның көңілін қимай үлкен əбестік жасағанымды сонда түсіндім! Бірақ, бəрі кеш еді!

Бірінші май мерекесі қарсаңында қаладағы əпкесінің үйіне кеткен қыз бір жігітке күйеуге тиген де, пəтер жалдап жатақханадан шығып кеткен. Оны қасындағы қыздар досыма айтуға батпаған. Ал, досым күнде қызды тосып жатақханаға барады, күнара əпкесінің үйіне барады. Есік қағып үйінен сұрауға ұялып, сыртында тұрып-тұрып, қайтып келеді. Ол қызды бірінші май мен тоғызыншы май арасындағы демалысқа ауылына сұрап кетті деп естіген сыңайлы. Фото чемоданнан шығып, жардағы кілемшенің жоғарғы қыры ортасынын қайта орын тепті. Тіпті, бұл жолы əйнекті рамаға орналасып, бір байып қалды. Оның орнында тұрған чеканкалар біздің жарға көшті. Ыңылдап зарлы, сағыныш өлеңдер де гитарада шертіле бастаған.

Жеңіс мерекесі күніне берілген демалыс күндері де аяқталды. Біз, əдеттегідей ерте тұрып, сабаққа кеттік. Досым «мазам болмай тұр, лекция бара беріңдер, мен циклге барамын » деп, бөлмеде қалды. Ол кезде бізде клиникалық сабақтар цикл түрінде жүретін. Бір аптадан бірнеше айға дейін күніне төрт қырық бес минуттан, яғни, екі пара (жұп) бір ғана сабақта жүреміз. Түске дейін немесе түстен кейін əртүрлі сабақтардан лекциялар (дəріс) оқылады. Ол циклге де келмеді. Түс қайта жатақхананың кіреберісіне жақындай бергенде сыңғыр етіп сынған əйнек дауысы естілді. Жатақхана екі корпустан тұратын да, əйнектен жасалған кіре беріс ортақ болатын. Əйнек дыбысы біздің корпустан және біздің қабаттан естілген соң, жылдамдата басып бөлмеге келдік. Есікті ашып кіріп келсек бөлме іші тас-талқан болып жатыр. Отырғыштың бірі терезеде қадалып тұр, бірі сынып жатыр. Үстел, кереуеттер төңкерілген. Шкафтардың есіктерінде зеңбіректердің ұңғысындай тесіктер үңірейеді. Айна сынған, шкафтағы киімдер шашылып жатыр. Досымыз өле мас, еденде жатыр, қолдары əйнекті ұрғаннан кесілген. Тездетіп оны жуындырып, төсекке жатқызып, бөлмені жинастырдық. Таңертең, бізден қалған соң, тұрып жуынып-қырынып, киініп, əдетіндей иіс суды бұрқырата шашып қыздың жатақханасына барған. Вахтерша орнында жоқ, бірінші курстың қыздары кезекші екен, төбеден түскендей қып «ағай, ол қыз күйеуге тиіп кеткен, төсек-орнын тапсырған, квартирада тұрады» деп қойып қалған. Бұл алғашында мелшиіп қалған да, қызды ұрып жібере жаздаған. Сол жерде айғай-шу болып, шындықтың беті ашылған. Досымыздың мына жатысы содан келген беті екен. Содан, курстастар кезектесіп оны бағып отырдық. Оянса – жылап-сықтау. Ұйықтауы үшін арақ та əкеліп бердік. Оған өмірдің өзі оған қажет болмай қалған сияқты, асылып өлуге дейін барды. Бір-екі рет қыздың жатақханасына да барып, ойран салды. Қайта сол кезде түсінігі бар вахтершалар тап келіп, милиция шақырмады, олар да талай «ғашықтық трагедияларын» көрген шығар. Ал біз бұрынғы, біз білетін досымызды жоғалтып алдық. Өз-өзіне келгеннен кейін де құр сүлдесі ғана жүрді. Ештеңе оны қызықтырмайды, сабағына барады, келеді. Ас ішуге де, біреу шақырмаса, бармайды. Алтыншы курсты бітіргенше солай жүрді де, ауылына кетті. Кейін медицинаны тастап кеткен, үйлі-баранды болды деп естідім.

Ес-түссіз махаббат деген осы шығар.

Марат Шуақбаев

2017 жылы жазылған

Пікір жазу