Басты бет » Тамшы сыр » Сыртына қарап тон пішпе… (мөлтек сыр)

Сыртына қарап тон пішпе… (мөлтек сыр)

Қырсықтық пен бірбеткейліктің артында кейде біз білмейтін бір миссия не мейірім жатады. Бірақ бізге тереңіне үңіліп жатпай, адамды қаралай салу әлдеқайда оңай.
Өткенде тик-токта бір қыздың әңгімесіне тап болдым. Тыңдадым.
Оның сөзі: «Көлігіме жанармай құю үшін бекетке бардым. Кезегімді күтіп тұрдым. Кассаға бір жігіт келді. Қолында ыстық кофе мен жейтін тамағы бар.
Кассадағы қыз: «Сіз кофені басқа стаканға құйып алыпсыз, ауыстырыңыз, бұл басқа сусынның ыдысы
Жігіт қырсығып, қатты дауыспен: кофені әрі-бері стаканға құйғанда суып қалмай ма, ауыстырмаймын!
Кассадағы қыз: біз олай бағасын шығара алмаймыз, ауыстырыңыз!
Жігіт: Жарайды, онда мен кофені әрі-бері сапырмай, керек стаканды да қоса сатып алайын.
Жігіт кофесін алып сыртқа шығып кетті.
«Не деген мінезі жаман жігіт, ауыстыра салса не тұр» деп оны жақтырмай қалдым. Сосын бензинімді толтырып шықсам, жаңағы мен жақтырмаған жігіт, қолындағы кофесі мен тамағын «тоңып қалдыңыз ғой, ыстықтай кофені ішіп, тамақты жеп алыңыз» деп жанармай құюшыға ұсынып жатыр екен. Қыс мезгілі еді. Мына көріністі көріп, мен жігіт туралы асығыс шешім қабылдағаныма, еш нәрсенің байыбына бармай жатып баға беріп, сөге салғаныма қатты ұялдым. Ал жігіттің қырсықтығының артында, сыртта суықта тоңып тұрған жанармай құюшы суық кофе ішпесе екен деген тілегі тұрыпты».
Әңгіме кәдімгідей әсер етті. Ойлантып тастады. Ешкімге ұнауға тырыспайтын бірақ, жүрегі саф алтындай таза адамдарға шын құрметім ерек!
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ,
Фейсбуктегі жазбасынан