
.jpg)
Шеберлік сабағы барысында Рыбакина жас теннисшілермен бірге жаттығу өткізіп, ойын тәсілдерін көрсетті және кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Балалар «Үлкен дулыға» турнирлерінің чемпионымен доп алмасып, құнды кеңестер алды.
«Балалармен бірге осылай уақыт өткізу – керемет мүмкіндік. Кортта өз тәжірибеммен бөлісу маған үлкен қуаныш сыйлайды. Тенниске қызығатын балалардың көп екенін көру өте жағымды. Шеберлік сабағына қатысушылардың арасында жасы өте кіші болса да, ойын шеберлігімен көзге түскен балалар болды», – деп әсерімен бөлісті Елена Рыбакина.
Шеберлік сабағы жас спортшылар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше оқиға болды.
«Менің балам сегіз жаста. Бүгін Елена Рыбакинаның шеберлік сабағына қатыстық. Бұл – балалар үшін керемет мүмкіндік. Олардың қуанышында шек жоқ. Еленаның жетістіктері жас спортшыларға үлкен мотивация береді. Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жүрген әлемнің бірінші ракеткасының елге келіп, балалармен бірге кортқа шығуы – ерекше оқиға. Біз өте бақыттымыз!» – деді жас теннисшінің анасы Мариям Ізмамбетова.
Алматыға сапары аясында баспасөз мәслихаты да өтті. Әлемнің бірінші ракеткасы өткен маусымды қорытындылап, алдағы жоспарлары, командалық жарыстарға қатысу мүмкіндігі және Олимпиада ойындарына дайындық туралы айтты.
«Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндіктерін қарастырамыз. Әзірге турнирлік күнтізбенің қалай қалыптасатынын айту қиын. Ең алдымен денсаулығыма мән береміз. Басты мақсат – ірі турнирлерде өнер көрсету және алдағы Олимпиада ойындарына дайындалу», – деді Рыбакина.
«Маған Алматының климаты өте ұнайды. Мұнда достарым көп, сондықтан Алматыға келген сайын өзімді үйдегідей сезінемін. Ұлттық тағамдардың көбін жақсы көремін, әсіресе бесбармақ пен тәттілерді ұнатамын», – деді спортшы.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы