Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қаңтар айының 30-ы күні кішкентай көрермендер назарына «ТҮКБІЛМЕС» спектаклінің премьерасын ұсынды.
Кішкентай сәбиден еңкейген кәріге дейінгі өнер сүйер көрерменге қашан да ұсынары бар театр бұл жолы бүлдіршіндерді қуантып, мейірімді, көңілді, саяхаттағанды жақсы көретін бүлдіршіндер туралы ертегі сахналады. Қойылым балаларға мақтанбауға, алдамауға, дос болуға үйретеді. Сонымен қатар басқа адамдарды сыйлауға және сөзбен емес, іспен қорытынды жасауға үйретеді.
Қойылым режиссері, Пермь мемлекеттік өнер және мәдениет институтының түлегі — Дмитрий Курочкин. Аталмыш режиссер осыған дейін театр репертуарындағы «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.: А.Сент-Экзюпери) қойылымын да сахналаған болатын. Ертегіні қазақ тіліне аударған – Динара Әбікеева. Балғын бүлдіршіндерді қуантар қойылымда театрдың жас буын талантты артистері Олжас Сақ, Бақытгүл Серікбаева, Нариман Егімбеков, Айнұржан Орынбасарова т.б өнер көрсетеді.
«Түкбілмес» — басты кейіпкердің басынан кешкен оқиғаларын заманауи әндермен әрлеп, балалардың өзгеше атмосфера сезінуіне мүмкіндік сыйлайтын қойылым. Театр репертуарындағы «Әріптер әлеміне саяхат», «Туған күн», «Ойнайық та, ойлайық» сынды балаларға арналған қойылымдардың қатарын толықтырған спектакль кішкентай көрермендердің көңілінен шығып үлгерді.
Қойылымдағы Түкбілмес өзінің кемшіліктеріне қарамастан, жақсылықты, жарқын түстерді жақсы көретін кейіпкер. Оның бойынан әлемдегі барлық балалардың кейпін көруге болады. Баланың нығаюы мен дамуына керекті қасиеттер көркем және көңілді түрде жеткізіледі. Кейіпкерлердің киімдері де түрлі түсті, жарқын, оқиғаға енуге оңай ықпал жасайды.
Спектакльдің алғашқы көрермені болған бүлдіршіндер әр оқиғаға бірге қуанып, ертегі әлеміне еніп үлгерді. Бала көрермендердің көңілінен шығуды басты мақсаттарының бірі санайтын театрдың кезекті қойылымының ғұмыры ұзақ болады деп сенеміз.
Театр – балалардың өнермен танысатын алғашқы мектебі. Ендеше бала қиялының дамып, рухани көкжиегі кеңейюі үшін саф өнермен таныстыруды әрі тұрақты көрермені етуді естен шығармайық.
Бейбіт Әлкеева