Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » Лейла Рахматпури: Қазақ тіліне деген махаббатым мен құрметім ерекше

Лейла Рахматпури: Қазақ тіліне деген махаббатым мен құрметім ерекше

Тіл – қай ұлттың болмасын болмысын айшықтайын басты құрал. Қазақ тілі – қазақ баласына ана сүтімен дарыған ардақты тіл. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, анамыздың әлдиімен құлағымыздың құрышын қандырған да ана тіліміз. Еліміз тәуелсіздік отыз жылдың ішінде тіліміздің қолданыс аясы кеңейді. Соның арқасында бүгінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де артты. Соның бірі – отандасымыз 21 жасар Лейла Рахматпури.

 

Лейла көпұлтты отбасында дүниеге келген. Себебі Лейланың әкесі иран ұлтынан болса, анасы – грек, ал әжесі – кабардин. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығы балалық шағынан бастау алған.

Лейла Рахматпури, жас маман:

– Мен бала кезден Сүткент деген кішкентай ауылда өстім. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі қазақтар болатын. Қазақ тілін меңгеруге марқұм атамның қосқан үлесі зор. Атам үнемі: «Қазақ даласында тұрған соң біз олардың тілін жетік білуіміз керек. Қазақ тілін білгеніміз – қазақ халқына құрмет көрсеткеніміз. Тату-тәтті өмір сүру үшін, ортақ тіл табу үшін, ең алдымен қазақтың тілін білу керек» деп айтып отыратын. Атамның осы сөздерін әлі күнге дейін жадымнан шығарған емеспін. Осылайша, ата-анам мені мектепте қазақ сыныбына берді. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Аудан және облыс көлемінде поэзия сайыстарынан бас жүлделерді иелендім. Сол кездің өзінде туған жер, қазақ тілі туралы патриоттық өлеңдерге құмар болдым. Көптеген үлкен олимпиадаларға қатыстым. Жоғары сыныпта «Абай жолы» романын оқыдым. Кітапты оқығаннан соң сөздік қорым тіптен толықты, – дейді.

Ұрпағымыздың ұлжанды, отансүйгіш, білімге құштар, парасатты да пайымды болуына мемлекеттік тілдің қосар үлесі зор. Еліміздің болашағы – жастар. Сондықтан қазақ тілінің қанат жаюына жастар белсенді үлес қосуы тиіс.

– Қазақ тіліне деген махаббатым мен құрметім күннен-күнге арта түсуде. Қазір мен бірнеше тіл білсем де қазақ тіліндей бай тілді еш жерден кездестірмедім. Қашанда, қазақтың жерінде өмір сүретін өзге ұлт өкілін кездестіре қалсам, ұлттық тілді меңгеруге шақырып жүремін. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін жастарды көріп жаным ашиды. Себебі олар туған тілдің құдіреттілігін сезіне алмасы анық, – дейді кейіпкеріміз.

«Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақ тілі – қазақ баласының ең қымбат байлығы. Тілі өлген ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Сол себепті де әр адам өз ана тілінде сөйлеуге міндетті. Сондай-ақ әр ұлт өкілі өзі туып-өскен Отанының тілін меңгергені абзал.

Фариза Ахмет,

Шымкент қаласы