Басты бет » Жаңалықтар » Құмар ойындары жұмысын тоқтату керек!

Құмар ойындары жұмысын тоқтату керек!

Сурет ғаламтордан алынды

Соңғы кезде аса қауіпті, жастар өміріне дендеп еніп бара жатырған букмекерлік, тағы да басқа интернет ойындарын жарнамалау бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желі беттерінде де белең алып барады. Мұның қауіптілігі сол – жастардың санасын улап, қалтасын тонап, көптеген күрделі жағдайлардың орын алуына әкеліп соқтыруда. Қарыздану, өтірік айту, ұрлыққа бару, жанжал, ажырасу, тіпті өзі-өзі өлтіру сынды келеңсіз оқиғалар осынау ойындарға арбалған, ақшасын ұттырған жандардың арасында көбеюде.

Жақында елге танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген осы мәселені көтеріп, өзңнің әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жазба жариялады. Ол өз жазбасында:

«Бүгінде түрлі интернет-казинолар мен онлайн-букмекер кеңселердің тұзағына іліккен жастардың  қатары артып келеді. Мыңдаған жігіттер мен қыздар – оқушылар мен студенттер «1XBET», «ParіMatch» сияқты ойындарда ұтылып, қарызға белшесінен батуда. Олар бұл жүйеде ұтысқа қол жеткізудің тіпті де мүмкін емесін еш түсінбейді. Мұндай жайлардың ішінде соңы сұмдық оқиғалармен аяқталып жатқандары да бар. Букмекерлерге қарыз болған бір жас жігіт ақырында асылып өлген. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Осындай ойыннан ұтысқа қол жеткіземін деп барынан айырылған бір қыз өз өміріне өзі қол салмақ болған. Ал бір ата-ана ұлының онлайн-казиноға берешек қарызынан құтылу үшін өздерінің өмір бойы тырнақтап жиған ақшасына алған пәтерін сатпақшы… Осындай оқиғалар мыңдап саналады. Елімізді жарнамасы шектен шыққан агрессивті казино басып кетті. Олардың жарнамасын қыруар ақшаға жанын жалдайтын сатылғыш блогерлер жүргізеді. Өздерінің желідегі парақшасына жазылған адамдардың санына қарай олар ештеңе істемей-ақ бір аптада 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін табыс табады. Қайталап айтайын, бір аптада ғана. Міне, сондықтан да олар әр күнін: «Сәлем, бауырлар!» (егер блогер қыз болса: «Сәлем, менің ардақтыларым!») – деп бастайды. – Мен сіздерге ақшаны қалай тез көбейту керегін айтамын. Онлайн ойынды мен сияқты 3 мың теңгемен бастаңыздар…» – деп сайрайды, өз жазылушыларын осылай алдап-арбай отырып, ары қарай оларға фейк ұтыс түбіртектерін көрсетеді. Мұндай онлайн-жұлымырлар қазір барлық жерде бар. Олар онлайн-кинотеатрларға, спорт сайттары мен іс-шараларына  да демеушілік жасайды. (Мәдениет және спорт министрлігі қайда қарап отыр?!) Олардың жарнамаларын барлық жерден көруге болады. Әуежайдағы, «карусельдегі» суреттерге, орталық көшелердегі баннерлерге қараңыз. Биылғы күзде мен мұндай жарнаманы Нұр-Сұлтан қаласынан, «Ақордаға» кіре беріс жерден де көрдім. Бұған қалай жол беріліп отыр? «Ойын бизнесі туралы» Заң бойынша интернет-казино жұмысына тыйым салынған. Сонда олар қалай жұмыс істеп тұр? Өйткені олар Үкіметке де, депутаттарға да кедергі келтірмейді. Оны ешкім де елең қылмайды, оған немкетті қарайды. Таяуда Парламент сайлауы болады. Мен осы елдің азаматы ретінде Мәжілістің жаңа депутаттарының алдына заңға бүгінде әр аулада дерлік ашылған букмекерлік кеңсе, бинголардың жұмысына тыйым салуға мүмкіндік беретін толықтырулар ендіру мәселесін қоямын. Онлайн-казино жарнамасын жасайтын, спорт ойындарына ұтыс қоятындарды, әсіресе бұл жарнама блогерлер арқылы таратылатын болса, кінәлілерді нақты түрмеге отыру жазасына кесуге дейін мүмкіндік беретін толықтырулар ендіру мәселесін көтеремін» деп жазады.

Расымен де, қазір желіні аша қалсаң, осындай «Қомақты ұтысқа ие боласың» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Неге оларға тосқауыл қойылмай отыр? Қалтасының қамын ғана ойлайтын блогерсымақтар өздерінің қоғамға қаншалықты зиян тигізіп жатырғанын ойламайды да! Оңай олжаны қалайтын ондайларды қатаң жазалау керек шығар?!

Мыңдаған, миллиондаған оқырмандары бар блогерлер елге үлгі боларлықтай іс атқарып, әлеуметтік маңызды мәселелерді қозғап, соның шешімін табуына атсалысып отырса ел құптарлық іс болар еді. Алайда, бізде сапасыз әзіл түсіріп, жай не жеп, не ішкенін, гив пен жарнама жасағаннан әрі аса алмай отырғаны жасырын емес.

Ендеше, ел болып ойланатын, қоғам болып қолға алатын уақыт жетті. Ойынқұмарлықтың жолын кесіп, жастарымыздың қоғамда белсенді, білімді, ұшқыр ойлы болып, ел дамуына үлес қосуына баршамыз атсалысқанымыз жөн!

Өз тілшіміз

Пікір жазу