Шымкент қаласында волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған дәстүрлі жазғы мектеп ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – волонтерлік ұйым жетекшілерінің кәсіби және тұлғалық әлеуетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Жазғы мектепке қаланың 9 жоғары оқу орнынан 100-ге жуық белсенді жас, волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары мен қоғам белсенділері қатысты. Бағдарламаның алғашқы күнінде қатысушыларға арнайы дайындалған имидждік өнімдер – худи, бейсболка, сөмке, блокнот пен қаламсаптар табысталып, олар түрлі түстер бойынша командаларға бөлінді.Кейін тәжірибелі спикерлердің қатысуымен көшбасшылық, еріктілік қызметі және жеке даму бағытында мазмұнды семинарлар өтті. Теориялық біліммен қатар, жастардың ұйымшылдығы мен командалық рухын нығайту мақсатында ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Қатысушылар садақ ату, асық ату, ләңгі тебу және арқан тарту сайыстарында бақ сынап, белсенділіктерін көрсетті. Сондай-ақ жауынгерлік самбодан әлем чемпионы, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов жастармен еркін форматта кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жетудің қыр-сыры туралы әңгімеледі. Іс-шара барысында Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов белсенділік танытқан қатысушыларды қала әкімінің орынбасарының алғысхатымен марапаттады. Ал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастармен ашық форматта кездесіп, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар саясаты және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында Сәрсен Абайұлы бүгінде сапалы білім алып, көшбасшылық қасиеттерді дамыту жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Кешкі бағдарлама аясында қатысушыларға концерттік кеш ұсынылды. Ал іс-шараның алғашқы күні «Достық алауын» жағу рәсімімен қорытындыланды. Алау басында жастар домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен ән шырқап, еркін әңгімелесіп, бірлік пен достықтың ерекше атмосферасын сезінді.Жазғы мектептің екінші күні «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өтті. Қатысушылар таулы аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық акцияға белсене қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі жазғы мектеп алдағы уақытта да волонтерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа бастамаларды қолдауға және жастардың азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастырады.
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы