«Ән – көңілдің ажары» деуші едік. Бүгінгі әндерді тыңдай отырып, әннің ажары да, базары да кетіп барады демеске лаж жоқ. Қазір ән де көп, әнші де көп. Тек есті ән қалмай барады. Өйткені соңғы жылдарда жас әншілердің орындауындағы әндер әнге жұртты елітпек түгілі, безіндіріп барады.
Әнге талғамы төмен әншілеріміз еш мағынасы да, көркемдігі де жоқ әндерді еш қымсынбай айта беретін болған. Әндерді сараптап, саралайтын көркемдік кеңестің қажет екендігі біраздан айтылып жүр. Сол істі көпке ұзатпай қолға алу керек секілді. Өйткені бүгінгі әндерді тыңдау мүмкін болмай барады.
Әндеріміз «чип-чип-чип», «жоқ-жоқ», «бар-бар», «зың-зың, дың-дың» сынды әндер күннен күнге қазақ эстрадасын жаулап барады. Бірде бір танысым: «Мен қазақтың қазіргі әншілерін тыңдамаймын» деп салғаны бар. Мен ұлтжандылығыма салып: «Өзің қазақ бола тұра қазақ әндерін тыңдамаймын дегенің қалай?» деп біраз ренжігенім бар. Сөйтсем, оның бұлай деуінің де жөні бар секілді. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгінгі әншілердің ән талғамына қаның қайнайды расымен.
Қолыма қалам алғызған мәселе түсінікті болу үшін бірнеше әнге тоқталып кетейін.
Жақында Нұржан Керменбаев пен Әбдіжаппар Әлқожа орындауында «Бауырым бесті әкел маған» деген әнді тыңдадым. Қайырмасы мынау:
«Бауырым бесті әкел, бесті әкел маған,
Төнбесін еш қатер, еш қатер саған
Ешқашан».
Бір-бірімен қабыспайтын екі сөйлем.
Әндердің атауларына дейін адамды шошытады. Нұрболат Абдуллин «Сен қорқақсың» деп әндетіп жүр. Және Нұрболат осы «Сен қорқақсың» деген атаумен концерт те беріп үлгіріпті.
Бұл туралы оралдық ақын, журналист Мұнайдар Балмолда өзінің «Facebook» парақшасында «Мәдениетті мансұқ қылыпты» деген жазба қалдырыпты:
«Бүгін нөмірі 5-ші қоғамдық көлікке отыра қойғанмын, Нұрболат Абдуллиннің суреті бақырайып тұр. «Сен қорқақсың!» деп астына бадырайтып жазып қойыпты. «О, тоба бұл не болды?» деп жөндеп қарасам, бұл әнші жігіт «Сен қорқақсың» деп аталатын өзінің ән кешіне көзін бақырайтып шақырып тұрған түрі екен. Осылай да атау қояды екен-ау? Көрер көзге томпақ, естіген құлаққа түрпідей тиер осындай атаумен де жұртты концертке шақыратын болған ба? Кімге айтып тұр ол сөзді? Құдай сақтасын. Иә, «Сен қорқақсың, Келе алмайсың» деп өзбекше ме бір әуенге салып, үйіп-төгіп сөз ақтарған әннің атын концертке қоймаса болар еді ғой. Сондай керемет ән емес екен. Әдейі іздеп, тауып алып тыңдадым. Түк ұнамады. «Сен өзі адам емес…» деген де әні бар екен. Мәдениеттілік қайда? Тілімізді де бұзып тұр. Ай, ай, көркемдік кеңес деген жоқ, бүйте берсе ертең бейәдеп сөзді де жазып қояр бұлар. «Сен қорқақсың» дейді ғой, сонда өзің батыр ма екенсің? Ел-жұртқа бұлай деуге болады ма? Кімге айтса да, мұндай афиша көптің түйсігіне кері әсерін тигізері анық. Төмендегі суретті интернеттен алдым, концерттің афишасы бұдан басқаша».
Әннің мәтініне назар аударып көрсек…
Сен қорқақсың
Ғашық болдым
Өзің көрмей тасып тұрдым
Саған құшақ ашып көрдім
Сен келмедің неге
Сендей сұлу мен көрмедім
Құшағымда тербелмедің
Жүрегіңнен төр бермедің неге
Ұялып жүрсің маған қарауға
Айтшы сен соншама кімсің
Сүйіп қалдым күйіп жану
Қиын мағанда
Келмейсің бе сен сертіңді бермейсің бе
Сенесің бе сенбейсің бе
Маған енді бəрі бір
Жүрек жылап қала берді
Жалынбаймын саған енді
Тағыда айтам маған енді бəрі бір
Қырсығып жүрсің келем демейсің
Бəрін жан қалауың білсін
Сағыныштан өлдейсің бе
енді не дейсің?
Қайырмасы:
Сен қорқақсың
Келе алмайсың
Келе алмасаң неге алдайсың
Қорқақ болмасаң
Сүймей қалмасаң
Сен жанымда менің
Мəңгі болмайсың ба.
Міне, ән керек болса сіздерге… Сөздерді ұйқастыру үшін тек мәнсіз, мағынасыз тізе берген. Әннің атауын «Сен қорқақсың» деп қоюдың өзі ақылға қонымсыз дүние.
«Шаруам жоқ» деген де ән бар екен. Бұл әннің орындаушысы өзіміз «Ұлы дала баласы» деп ат берген Төрешіміз (Төреғали Төрәлі). Сөздерін көріңіздер, бағасын беріңіздер (толық беруді жөн деп таптым):
Шаруам жоқ
Момын бар елде, асаулар бар,
Мықтылар да бар, осалдар бар.
Қол-аяғымның қожайынымын,
Басқада менің не шаруам бар?
Таң қалма жүйрік шабудан қалса,
Озады шауып бағы бар болса.
Адамның басы Алланың добы,
Басқада менің шаруам қанша?
Қайырмасы:
Жорғалатқанмен жауын алдында,
Нәпсіні жеңген палуан жоқ.
Нәпсісін жеңген палуанның да,
Шаруасында шаруам жоқ.
Қаралап мені қара баспа,
Сырымды сыртқа ала қашпа.
Жақсы күндердің арасын бөліп,
Шаруаларыма араласпа.
Адам жолдасым, Аллам қолдасын,
Сөздерім інжу маржан қорғасын.
Өзіме-өзім беремін жауап,
Сеніңде менде шаруаң болмасын.
Қайырмасы:
Жорғалатқанмен жауын алдында,
Нәпсіні жеңген палуан жоқ.
Нәпсісін жеңген палуанның да,
Шаруасында шаруам жоқ.
Не шаруаң бар? Шаруам жоқ.
Сіздер не түсіндіңіздер оқырман. Өз басым не айтқысы келгенін еш түсінбедім. Түсінбесең, түсінбей-ақ қой, «Не шаруаң бар?» деп тұр ғой Төреғалидың өзі. Сөздің парқын түсінетін, кезінде айтысқа қатысып, суырыпсалмалығымен, ақындығымен танылған Төреғали әнінің сиқы осы. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Бұндай әндерді тыңдаған адам қандай күйге бөленеді? Қандай рухани азық алады?
Осылайша, қазақ ән өнерін талғамсыздық, сауатсыздық жайлап барады. Тезге салып, жөнге келтірмесек болмайды. Көркемдік кеңес құрылып, әнді саралап, сараптап, елеп-екшеп отырса, мұндай олқылықтар түзелер ме еді деген ой біздің айтпағымыз.
Венера Мұратқызы