Әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын онлайн көруге тіркеу ашты, деп хабарлайды Jastar janary Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Тойды онлайн трансляция арқылы көру үшін әр адам 1380 теңге төлеуі керек.
«Әділет пен Әдияның тойына онлайн қонақ болу үшін тіркелу басталды» деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
Желідегілер әншінің бұл әрекетін сынап жатыр.
«Масқара, Сәкен Майғазиев бұлай жасайды деп ойламаппын», «сендер арқылы ақша таппақшы, шығынды жабу керек», «сорлылар-ау», «сөз жоқ», «ойбай, тоймай жатыр ғой, жеке бас қуаныштарын да жарнамалап сату керек», — деген пікірлер жазды көпшілік.
Айта кетсек, жақында әншінің ұлы шаңырақ көтеріп, келінін ұзатып алып келген. Қыздың ерекше ұзату тойы көптің талқысына түсті. Сәкен Майғазиевтің келіні ұзату тойында ақ кілемге отырғызылып шығарылды. Енді жұлдыздың отбасы дүркіретіп той жасауға дайындалып жатыр. Мерекеге 2000 адамның шақырылғаны айтылды.
Оның тойын жүргізетін танымал продюсер Жан Мұқанов Майғазиевтер әулетінің қуанышын «елдің мәдени өміріндегі ерекше сәт» деп баға берген.