
Астанада болған автобус апатынан екі аяғынан бірдей айырылған 7 жасар Алуа Бекеннің анасы халықтан көмек сұрайды. Бұл туралы журналист Гүлбану Әниятқызы хабарлады.
Журналистің жазуынша, Алуа түнімен ұйықтамай, шошып ояна береді.
Автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған 7 жастағы Алуа Бекен.
Кішкентай қыз келесі айда 8-ге толады екен. (Суреттерді анасы жіберді)
Бүгін анасымен сөйлестім. «Алуа түнімен ұйықтамайды, шошып ояна береді. Автобус апаты болғанын енді есіне түсірді» дейді.
«Әкімдік пен автопарк өкілдері психолог әкеліп, Алуаға коляска беріп көмектесіп жатыр. Сақтандырумен қашан, қанша өтемақы берілетінінен хабарым жоқ» деп отыр», — деп жазған журналист.
Алуа бірінші сыныпты бітіріп, әжесімен Астанаға қыдырып келген. Автобуста бүкіл отбасы болған. «Мега» ойын-сауық орталығынан келе жатқанда жүргізуші көшенің шетіндегі бағананы көрмей қалып, соған соғылған. Әжесі терезеден ұшып кеткен, ал Алуаның бір аяғы темірге қысылып, жұлынып қалған. Дәрігерлер оған ота жасап, екінші аяғын тізеден төмен ампутация жасады.
Баланың анасы ажырасқан, 5 баласы бар. Зардап шеккен қызы Алуаға күтім керек болған соң, Егіндікөл ауылындағы балабақшадағы жұмысынан шығып, Астанаға келген. Алуаның еміне көп қаржы керек, амалсыз жұрттан ақша жинауға мәжбүр болып отыр екен. Қиналып отырған отбасыға көмек әлі де керек , – деп жазды журналист.
Айта кетсек, бұған дейін Астана әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына алғашқы күндерден бастап жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Әкімдік өкілдері мен автобус паркі қызметкерлері зардап шеккен қыздың туыстарымен кездесіп, бірқатар көмек түрін ұсынған. Атап айтқанда:
Автопарктің сақтандыру полисі есебінен 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі қарастырылған (қазіргі уақытта заң аясында рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр).
Бұдан бөлек, автопарк тарапынан қосымша 10 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсету туралы шешім қабылданған.
Отбасы Ақмола облысынан келгендіктен, Астанада емделу және оңалту кезеңінде тұрғын үй жалдау бойынша көмек ұсынылған.
Алайда Алуаның анасы өтемақының көлемі мен оның қашан берілетінінен бейхабар екенін айтып отыр.
Еске сала кетсек, 2 маусым күні кешкі уақытта Астанада Республика даңғылы бойында автобус жол шетіндегі бағанға соғылып, жол апаты орын алған еді. Апаттан зардап шеккен адамдардың үшеуі ауыр халде жатқаны айтылған.