Басты бет » Жастар үні » Арманда шекара жоқ: Академиялық ұтқырлық арқылы ашылған әлем

Арманда шекара жоқ: Академиялық ұтқырлық арқылы ашылған әлем

Бүгінгі жаһандану дәуірінде сапалы білім алу – жастардың басты мұратына айналған. Әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Академиялық ұтқырлық бағдарламасы – сол армандарды жүзеге асыратын көпір десе болады. Бұл бағдарлама студенттерге жаңа мәдениетпен танысып, тіл меңгеріп қана қоймай, кәсіби және тұлғалық дамуына үлкен серпін береді. Академиялық ұтқырлық арқылы шетелде білім алып жатқан студенттермен сұхбат жүргіздік. Олар өз тәжірбиелері, қызықтары мен қиындықтары жайлы шынайы әрі әсерлі ойларымен бөлісті.

– Ең алдымен, сұхбатқа келіскендеріңізге рақмет! Өздеріңізді таныстырып өтсеңіздер. Қай өңірденсіздер? Қай университетте, қандай мамандықта оқисыздар?

Жания ЖҰМАДІЛ:

Мен қонақжай Тараз қаласының тумасымын. Қазіргі таңда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқимын. Журналистика мамандығының 3-курс студентімін.

Аида НУРАДИНОВА:

– Мен Ақмола облысы Астрахан ауданынанмын. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика мамандығы бойынша 3-курс студентімін.

– Қай елде оқып жатырсыздар?

Аида:

– Біз Түркия еліне, нақтырақ айтқанда Нийде қаласындағы Нийде Омер Халисдемир университетіне Академиялық ұтқырлықпен «ENU Students Ambassador» бағдарламасы арқылы оқуға мүмкіндік алдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе мен шабыт көзіне айналды.

– Оқу кезінде шетелдік университет пен Қазақстандағы білім беру жүйесінің қандай айырмашылықтарын байқадыңыздар?

Жания:

– Менің ойымша, Түркиядағы білім беру жүйесінде студенттердің еркін ойлауына, пікір білдіруіне және практикалық тапсырмалар арқылы үйренуіне көп көңіл бөлінеді. Қазақстанда теориялық база мықты болса, Түркияда тәжірибеге көбірек мән беріледі. Екеуінің жақсы жақтарын үйлестіру – болашақ маман ретінде маған үлкен көмек.

Аида:

– Көптеген айырмашылықтар бар деп айта аламын. Ең алдымен, бағалау жүйесі: біздің елімізде түрлі тапсырмалар, топтық жобалар, презентациялар, күнделікті сабаққа қатысу барлығы есептеледі. Ал Түркияда аралық бақылау мен емтиханның бағаларына аса мән береді. Екінші айырмашылық – оқу жүйесі: біздің елімізде дәстүрлі дәріс-семинарлар басым. Ал шетелде студент орталық рөлде. Яғни, түрлі жобалық жұмыстар, пікірталастар, зерттеулер болады.

Шет мемлекетке алғаш барғанда қандай мәдени шок немесе қызықты жағдай орын алды?

Аида:

– Бұл – жол қозғалысы мен көлік мәдениеті. Көліктер кейде жол ережесін елемей, тез жүріп немесе сигналды көп қолдануы мүмкін. Жаяу жүргіншілерге әрдайым жол бермейді, бастапқыда үйрену қиын болды. Жол ережесі тұрса да, оны ұстанбау маған біртүрлі көрінді және әлі күнге дейін үйреншікті емес.

Жания:

– Мен үшін ең үлкен мәдени шок – түрік халқының біртүрлі «қырсық» мінезі болды. Сен бір нәрсені жоқ, керек емес десең де, өз айтқандарын істетуге тырысады. Бұл қасиет тек көшедегі адамдарда ғана емес, тіпті мұғалімдердің өзінен де байқалады. Алғашында абдырап қалдым, бірақ кейін бұл да өздеріне тән, ашық әрі бірбеткей мінез екеніне көзім жетті. Кейде күлкі шақыратыны да бар.

Бұл бағдарлама сіздерге қандай жаңа мүмкіндіктер ашты?

Жания:

– Бұл бағдарлама маған тек білім ғана емес, халықаралық деңгейде ойлау, өзімді басқа елде сынап көру, жаңа достар табу және мәдени тәжірибе алу сияқты баға жетпес мүмкіндіктер сыйлады. Сонымен қатар өзімді болашақта халықаралық журналист ретінде елестетуге жол ашты.

Аида:

– Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студентке тек білім алып қана қоймай, тұлға ретінде дамуға, әлемге басқа көзбен қарауға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама маған жаңа білім беру жүйесін көрсетті. Басқа тілді меңгеру, тілдік дағдымды жетілдіруге көмектесті. Шетелде оқу менің жауапкершілігімді арттырып, өз бетімше өмір сүруді үйретті.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелде оқуды қалап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіздер?

Жания:

– Қорықпаңыздар! Бұл сіздің өміріңізді түбегейлі өзгертуі мүмкін бірегей мүмкіндік. Белсенді болыңыз, көп сұраңыз, жаңа нәрселерден қашпаңыз. Шетелде оқу – тек білім емес, өзіңді тану мен шыңдау жолы. Өз шекараңызды кеңейтіп көріңіз!

Аида:

– Академиялық ұтқырлық бағдарламасына барғысы келетін жастарға берер кеңесім – жан-жақты дайындалып, батыл болу. Бұл бағдарлама – тек шетелде оқып көру ғана емес, өзіңді жаңа ортада сынау, өсу, шекараңды кеңейту мүмкіндігі.

– Шетелде білім алу не береді?

Аида:

– Шетелде оқу – бұл өзіңді жаңа әлемде қайта танып, мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту.

Жания:

– Шетелде оқу – бұл өз арманыңмен бетпе-бет келіп, жаңа көкжиектерге жол ашу!

Академиялық ұтқырлық – тек шетелде оқу ғана емес, ол – жаңа әлеммен танысу, өз-өзіңді тану, шыңдалу мектебі. Сұхбат барысында студенттердің айтқандарынан олардың тек академиялық емес, өмірлік үлкен тәжірибе жинағаны анық байқалды. Олар мәдени әртүрлілікті қабылдауға үйреніп, шет тілінде еркін сөйлеп, жауапкершілік пен дербестікті арттырған.Жастардың арманын жүзеге асыратын мұндай мүмкіндіктер көп болғай! Ал бүгінгі сұхбат – сол мүмкіндікті сәтті пайдаланғандардың жарқын дәлелі.

 

Дайындаған

Аделя СПАРТАКҚЫЗЫ,

Еуразия ұлттық университетінің

3-курс студенті