Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт

Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт

isk_0767

Бақыт Кенжебаевты Шымкенттен 25 шақырым жерде қыр басында жолықтырдық. Жеті жылдан бері жапан далада жалғыз өзі күркетауық бағып, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

– Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы №44 мектепте білім алдым. Жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатынмын. 9 сыныптан кейін ата-анам білімімді ары қарай колледжде жалғастыруымды қалады. 2011 жылы автоматтандыру және басқару мамандығын бойынша қызыл диплом алдым, – дейді Бақыт.

Бірақ талапты жас бірнеше мекеменің есігін қағып жұмыс іздегенімен, мамандығы бойынша «екі қолға бір күрек» табыла қоймайды. Бәрі алдағы күнге үміттендіріп, жұмсақ шығарып салумен шектелген. Ақыры Бақыт университетке сырттай оқуға құжатын тапсырып, ауылға оралды.

«Күркетауық баққанша, қой бақ»

– Әкем 30 жылдан бері қой бағады. Ұл-қызының болашағын ойлап, жақсы мектепте білім алуымызды қалап, Шымкентке де көшіп барды. Сосын біз мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласқан соң, өзімен біте қайнасып кеткен ауыл тіршілігіне қайта оралдық. Мен де жұмыс табылмаған соң, қолғабыс етейін деп әке-шешемнің қасына келдім. Бірақ қой емес, күркетауық баққым келді, – дейді Бақыттың өзі.

Бақыттың бизнесі алты күркетауықтан басталды

Осылайша ешкіммен ақылдаспастан, алты күркетауық сатып алып, бағуға кірісіпті. Алғашында ата-анасы мен бауырлары сенімсіздікпен қараған. Тіпті, «баланың тірлігін жасап жүрсің, одан да қой бақ, жылқы бақ» деп үгіттеп те көреді. Бірақ бала кезінен мақсат қойса, оған жетпей тынбайтын Бақыт өз дегенінен қайтпайды.

– Егер мен 10 күркетауық бағып, оны сатсам, 50 мың түседі, ал 200-ін бақсам, 1 миллион теңге таба аламын. Оны 12 айға бөлсем, әр айға 83 мыңнан бөлінеді. Бұл – қаладағы орташа айлықтың бірі. Ауылда жүріп, осындай қаржы таба алсам, жап-жақсы нәтиже шығады деп ойладым, – дейді ол.

vjyipzs1y8q

Алғашқы миллион

Бақыттың 6 күркетауығы бір жылда 40 болды. 20 жасында өзі мақсат еткендей 200 бас күркетауық бағып, ең алғашқы миллион теңгесін тапты. Осылайша кәсіптің қыр-сырына қаныққан ол жыл сайын 200-300 бас күркетауық бағып, оларды өсіріп, сатып отырды.

– Күркетауық ақылды болады, адамға тез үйренеді. Маған олардың шегірткені қуып жүріп ұстағаны, бір-бірімен шекісіп қалғаны, тіпті қанатын сабалап, ұшқаны – бәрі қызық. Жазғы уақытта күн ұясынан көтерілмей тұрып, қырға қарай безеді. Ұйқылы-ояу соңдарынан жүгіремін. Екі-үш сағат жайып, сағат 8-9-да таңғы асымды ішуге үйге келемін, – дейді ол.

Бір күні теледидардан алма егіп, бақ жасаған кәсіпкер туралы хабарды көзі шалады. Оның жылдық табысының 5 миллион теңге екенін естиді. Сосын бір жылда мен де сондай қаржы табамын деп алдына нық мақсат қояды. Ол үшін 1000 күркетауық бағуы керек.

100 күркетауықтың әрқайсысы 15-тен 1500 балапан шығарады. Олардың 1000-ын қолымда қалдырғанның өзінде 5 миллион теңге табыс табамын деп, есептеп алып, іске кірістім. Күні-түні кірпік ілмей, дамыл таппай қарадым. Ауырып қалса, қорапқа салып, құшақтап, аузына дәрі тамыздым. Бірде әп- сәтте ауырып, 200-і өліп қалды. Оларды өз баламдай әлпештеп жүрген маған бұл оңай тимеді.

– Әрқайсысы өлген сайын жүрегім ауырады. Сосын мен бұл істі біреуден қарыз ақша алып немесе банкке кепілге зат қойып, несие алып бастаған жоқпын. Бәрі қырылып қалған күннің өзінде уақытым зая кетті демесем, былайша ұтылмаймын деп сабыр сақтауға тырыстым. 800 балапан аман қалды, – дейді Бақыт.

«Gelandewagenнің» қызығы

– 800 балапанды аман-есен өсіріп, союға жараған соң біртіндеп сатып, 4 миллион теңге табыс таптым. Ата-анам мен бауырларым «Бақыт, қашанғы күркетауықтың соңында жүресің. Осымен доғар. Басқа кәсіпке ауыс» деп қайта-қайта айта берген соң, ағаларыммен ақылдастым. Сөйтіп, 3,5 миллион теңгеге «Gelandewagen» көлігін сатып алдым. Ойым жастардың үйлену той алдындағы серуеніне көлікті жалға беріп, табыс табу болатын, – дейді ол.

Сүліктей қап-қара көлікті тізгіндеген Бақыт «Gelandewagenнің» арқасында облыстың түкпір-түкпірін шарлайды. Құдалық, қыз ұзату, үйлену сынды қуанышты той иелерімен бірге бөлісіп, қызмет көрсетеді.

– Әр тойға 10-12 мың теңгеге шығамын. Арыс, Созақ, Сарыағаш, Шаянды көрдім. Өзімнің ысырапшылдыққа, даңғазалыққа жаным қас. Бірақ не сиқыры барын білмеймін, «Gelandewagenге» мінгенде өзіңді басқаша сезінесің. Достарым «сен көлік ішінде мүлдем өзгеріп кетесің» деп күлетін. Ең қиыны, көліктің салығын төлейтін кезде болды. 350 мың. Былайша айтқанда бір ескі «Опельдің» ақшасы. Оңай табыс тапқаныммен берекесі болмады. Екі жыл айдаған соң, қайтадан 4 миллион теңгеге сатып жібердім, – дейді Бақыт.

86_wide (1)

«Қазақтар күркетауық етін аз жейді»

Біздің елімізде құс шаруашылығы біртіндеп дамып келе жатқанымен, Бақыт секілді күркетауық ісіне ден қойғандар аз. Сондай-ақ, біздің қазекеңдер оның етін де жиі жей бермейтін көрінеді.

– Күркетауық етіне көбіне әзірбайжан, иран, күрд секілді өзге ұлттар тапсырыс береді. Адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Әсіресе, сан етінде темірдің құрамы көп. Холестерині өте аз. Еті жұмсақ, жеңіл. Интернеттен күркетауық етін америкалықтар мен израильдықтардың әскери мәзірге қосқанын, яғни жауынгерлерге аптасына екі реттен тұрақты беріліп отыратынын оқыдым. Сондай-ақ адам баласы үшін аллергия бермейтін жалғыз ет – осы күркетауық еті екен. Әлемдік медицинада дәлелденіпті, – дейді Бақыт.

«Күркетауық өсірсең, табысы оның көл-көсір»

Күркетауық өсіру, оларды күтіп-баптау шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Бірақ, табысы көл-көсір. Оған 25 жасар Бақыттың жасап жатқан еңбегі дәлел.

– 1000 күркетауық баққан жылы қатты қиналдым. Олар айналадағы шөп пен шегірткенің бәрін жеп, жерде түк қалдырмады. Әкеме күре жолдың арғы бетіндегі қырға көшетінімді айттым.

«Айдалада біреу соққыға жығып кетсе де, білмейміз. Жалғыз өзің қыр басында қалай отырасың?» деп қорықты. Бірақ табандап тұрып алдым. Шатырым мен ас-суымды алып, күркетауығымды алдыма салып, көшіп кеттім.

Екі ай бағып, қайта оралдым. Биыл да апталап, әр қыр-сайды қуалап, көшіп отырып жайдым. Сонда күркетауық өзіне қажетті 70-80 пайыз тамақты жерден теріп жейді. Шегіртке, жантақтың гүлін, сүтті өсімдіктерді жақсы көреді.

Бұл – қиын әдіс. Өзгелер секілді қораға қамап, дәрі мен дәрумен беріп, баптауыма болады. Оған ар-ұятым жібермейді. Біздің халық табиғи өнімді тұтынса деймін. Онсыз да зиянды нәрсе көп. Адамдардың, болашақ ұрпақтың денсаулығы мықты болса екен деп ойлаймын.

«Gelandewagenді» алғаннан кейін 300 күркетауық бағып жүргенмін, сатқан соң қайта 700-800 бас баға бастадым. Өйткені Шымкенттен екі қабатты үй салып жатырмыз. Басқа да арман-мақсаттарым бар. Соларды жүзеге асыруым керек, – дейді Бақыт.

«Ауылда тұратын қыз іздеймін»

Бақыттың әкесі 24 жасында шаңырақ көтеріп, отау иесі болған екен. 2017 жылы үйленемін деген мақсаты тағы бір жылға шегерілгелі тұр. Ол ауылда тұратын қыз іздейді.

– Қалада тудым, қалада өстім. Бірақ есіл-дертім ауылға кетті. Ауылдың топырағы, ауасы, үп еткен самалы ыстық. Ауылдың балалары қалаға қашса, мен керісінше, далаға асықтым. 25 жасымда үйленемін деп өз-өзіме уәде берген едім. Бірақ күркетауықты тастап, бір қадам шыға алмадым. Өзге адамға сеніп те тастай алмайсың. Ибалы, мінезі жұмсақ, ауылда тұрудан қашпайтын қыз іздеймін. Тапсам, үйленемін, – дейді күліп.

Бақыттың арманы

– Толып жатқан KFC, Chicken сынды тез тағам дайындайтын орындарға осы кезге дейін бірде-бір рет бас сұққан емеспін. Қай жерде, қандай жағдайда өсірілген тауықтың етінен жасалғанын білмеймін ғой. Болашақта өзім тек күркетауықтың етінен тағамдар ұсынатын дәмхана ашсам деймін. Қала тұрғындары мен қонақтары күркетауық сорпасын, қуырдағын, кәуабын іздеп келіп, сүйсініп жеп жатса жақсы емес пе?! Осы арманыма бір табан жақындау үшін бизнес тренер Ахметбек Нұрсиланың «Бизнес бастау» мектебінде онлайн оқып жатырмын. Ерік-жігерді күшейту, әлеуметтік желілерді кәсіп жүргізуге тиімді пайдалану секілді өзіме қажетті, тың мағлұматтар алдым, – дейді Бақыт.

Ол былтыр Шымкенттегі «Кәсіпкерлік мектебінде» де білім алып, маркетинг, сату, тағы басқа тақырыпта білімін шыңдаған. Тыным таппайды.

Бақыттың күркетауығын сатып алу үшін оны іздеп келетіндер көп

– Ең бірінші күркетауықты базарға сатуға шығарған сәтімді еш ұмытпаймын. Өзімнің де, күркетауығымның да басы салбырап тұрған. Келе-келе бойым үйренді.

«Күркетауық алыңыздар, еті сондай дәмді» деп айқайлайтын болдым, дауысым шыға бастады. Кімнің алыпсатар, кімнің шынымен сатып алушы екенін ажырататын болдым. Тұрақты тапсырыс берушілер таптым. Қазір базар жағаламаймын. Қажет адамдар өздері іздейтін болды.

Сосын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолы тиімді боп тұр. Ары-бері ағылған көлік жүргізушілері күркетауық бағып жүргенімді көріп, жол бойына тоқтайды. Сұрайды. Сатып алып кетеді. Ал күркетауықтың етінен бір дәм татқан адам, міндетті түрде екінші рет қайта айналып соғады. Бір күркетауық жеті мың теңге тұрады, 4-5 кг ет береді. Сойып бер десе, сойып беремін, – дейді Бақыт.

Қаладан жұмыс табылмаса да, қолын сілтемей, өмірге өкпелемей, ауылда жүріп-ақ миллиондап табыс тауып жүрген Бақыттың тірлігіне сүйсіндік. Ол күркетауық бағуды ешкімнен үйренген жоқ, жеті жылдық тәжірибемен келді.

Қазір бір күркетауығының мазасы болмай тұрса, қандай ем қолдану керектігін жақсы біледі. Осы кәсіпті серік етемін деушілерге бағып-қағып, өсірудің қыр-сырымен бөлісуге де даяр. Тегін ақыл-кеңес береді. Себебі, ол бар қазақтың бай, мықты, еңбекқор болғанын қалайды.

 Әйгерім Бегімбет

Мақала informburo.kz сайтынан алынды

Пікір жазу