Жігіт:
Ата-анаңның әлпештеген гүлісің,
Сыңғыр қаққан күміс шолпы үнісің.
Балдай тәтті қылығыңмен баурадың,
Жарығым-ай, жаралдың сен кім үшін?!.
Қыз:
Ата-анаңның ер жеткен сен ұлысың,
Кең даладан нәр алады тынысың.
Біздей нәзік өмір гүлдің қорғаны,
Ар-намыстың желбіреген туысың.
Екеуі:
Сенімен мен: бір-бір арман, үмітпіз,
Жұп аққудай көлде қатар жүзіппіз.
Сенімен мен, Тәңір жазса маңдайға,
Таңдайда ән, тағдыры бір жүзікпіз.
Жігіт:
Өмір деген берілген бір ұлы сын,
Ұлы сында мыс болады күмісің.
Сен мен үшін алтыннан да ардақты,
Аспанымның, арманымның күнісің.
Қыз:
Көңіл деген көркемдіктен нұр ішу,
Бақыт деген көзбен ғана ұғысу.
Өмір гүлің болсам менің мойнымда,
Отан-ана, ошағыңды жылыту.
Мұнайдар Балмолда
«Фейзбук» парақшасынан
2016 жыл.