Басты бет » Жаңалықтар » Димаш Құдайберген продюсерлігімен «Voice Beyond Horizon» жобасы жүзеге асты

Димаш Құдайберген продюсерлігімен «Voice Beyond Horizon» жобасы жүзеге асты

29 қыркүйекте Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі Димаш Құдайберген «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінде «Voice Beyond Horizon» жаңа қазақ-қытай бірлескен жобасына арналған баспасөз конференциясын өткізді.

Димаш Құдайберген мен Қытай Халық Республикасының Hunan Broadcasting System (ХТЖ) телерадиокомпаниясы бірлесіп түсірген халықаралық жоба Қазақстанда 2025 жылдың қыркүйек айында жүзеге асырылды.

Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова, Қазақстанның Халық артисі Димаш Құдайберген, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы, «Hunan TV» арнасының «Voice Beyond Horizon» жобасының атқарушы продюсері Ван Чин және жобаның бас режиссері әрі продюсері Луо Синьсин қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова атап өткендей, жоба Ұлы Жібек жолының жүрегі болып саналатын Түркістан шахарында басталып, әрі қарай Каспий теңізі жағалауы мен Бозжыра шатқалының әсем табиғатында жалғасын тапқан. Сондай-ақ, жобада Алматы өңірінің мәдени жауһарлары көрсетіліп, Қазақстанның астанасы Астана қаласында қорытынды жасалды.

Түсірілімдерге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген өнерпаздар қатысты. Бірнеше апта бойы қатысушылар Қазақстанды аралап, тарихи мұрасымен, табиғи көріністерімен және мәдени дәстүрлерімен танысты.

Бұл жоба халықтар арасындағы достықтың символына айналып, гуманитарлық байланыстарды, мәдени алмасу мен халықтық дипломатияны нығайтуға үлес қосуда.

«Бұл жоба – Қазақстанды халықаралық аудиторияға таныстырудың ерекше мүмкіндігі. Туризмді дамытудың бір жолы – осындай бағдарламалар арқылы көршілес елдерге әсем табиғатымызды көрсету. Мен жерлесіміз, Димаш Құдайбергенге елімізді әлемге танытқан ерекше таланты үшін алғыс білдіремін. Бұл – аса маңызды жобалардың бірі. Себебі біздің қытайлық әріптестеріміз бизнесті дамытуға да, жалпы экономиканың ілгерілеуіне де зор ықпал етеді», – деді Әсел Жанасова.

Қазақстанның Халық артисі Димаш Құдайберген де жиналғандарға алғысын білдіріп, жобаның басты мақсаты Ұлы Даланың сұлулығын таныту екенін атап өтті. Ол: «Бұл жоба аясында мәдениет пен туризмнің дамуына көп үлес қосылды деп ойлаймын. Біз көрермендерге қатысушылардың вокалдық шеберлігін ғана емес, еліміздің көрікті орындарының әсемдігін де көрсеттік. Туризм саласы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді ол.

Шоудың қатысушыларын іріктеу барысы туралы қойылған сұраққа Димаш жас шектеуі болмағанын, бірақ «коммерциялық тұрғыдан сұранысқа ие жас ерекшелігі» ескерілгенін жеткізді. Дегенмен басты назар сандарға емес, үміткерлердің қабілетіне, ерекшелігіне және шынайы талантына аударылған.

«Voice Beyond Horizon»

Жобаның қазылар алқасы құрамында халықаралық деңгейдегі танымал тұлғалар мен көрермендер болды. «Грэмми» жүлдесінің екі мәрте лауреаты Уолтер Афанасьев жобаның бастауында Түркістанда өнер көрсетті.

Жеңімпазды анықтау тетігінің толық жай-жапсарын Димаш ашып айтпады, тек қазылардың әрқайсысына 100% дауыс беру құқығы берілгенін, сонымен қатар көрермендер де өз таңдауларын жасай алғанын айтты. Жалпы 8 байқаулық кезең жоспарланып отыр, ал қосымша 4 эфир Қазақстан тарихына және еліміздің туристік әлеуетін көрсетуге арналады.

«Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы жаңа жобаның миллиондаған көрермен аудиториясын қамту арқылы Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Компания жоба түсірілімдері өткен локациялар бойынша арнайы туристік маршрут әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Hunan TV» арнасының продюсері және «Voice Beyond Horizon» жобасының бас режиссері Луо Синьсин түсірілім барысы туралы өз ойымен бөлісті:

«Соңғы 22 күн ішінде Қазақстанның түрлі мемлекеттік құрылымдарының жан-жақты қолдауының арқасында біздің түсірілім тобы мыңдаған шақырымды еңсеріп, бірегей қалаларда болды: көне Түркістанның тарихи үнін естіді, Каспий жағасындағы Ақтаудың асқақ пейзаждарынан шабыт алды, «алма қаласы» Алматының ыстық ықыласын сезінді және футуристік Астананың қарқынды дамуына куә болды. Біз баға жетпес сәттерді таспалап, осы қонақжай жерге музыканың әсерлі іздерін қалдырдық».

«Voice Beyond Horizon» жобасын жүзеге асыруға қомақты үлес қосқан қазақстандық компаниялар: Qarmet металлургиялық комбинаты, «Қазақмыс холдингі»«Алтын Алмас» акционерлік қоғамы және Нұрлан Смағұлов қоры.