Басты бет » Жаңалықтар » Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтады

Мемлекет басшысы Барселона қаласында өткен халықаралық STEM олимпиадасында, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған химия пәнінен халықаралық олимпиадада жеңіске жеткен қазақстандық оқушыларға құттықтау жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұны еліміздің абырой-беделін арттыра түсетін тарихи жетістік ретінде бағалады.

– Бұл – Қазақстанда білім беру саласы қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Мемлекет жастардың сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына әрдайым баса мән береді. Еліміз сіздерді мақтан тұтады. Жарқын жеңістеріңіз көп болсын! – деп жазды Президент.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері: IChO-2025 олимпиадасында төрт медаль иелеген болатын.

Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйіншілі жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль!

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

 Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.‍

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Анықтама: Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.