Басты бет » Жаңалықтар » Айгүл Иманбаева дүбірлі той жасап, немересінің тұсауын кесті

Айгүл Иманбаева дүбірлі той жасап, немересінің тұсауын кесті

Фото: видео скриншот

Фото: видео скриншот

Кеше белгілі әнші әрі актриса Айгүл Иманбаеваның үйінде үлкен той болды. Көпшілік әншінің үйінде қос қуанышты атап өтті. Ұлының тойымен қатар, немересінің тұсауын кесті, деп хабарлайды Jastar janary.

Бұл туралы әншінің өзі жазба жариялап, қуанышымен бөлісті. Немересінің тұсауын дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың жары, журналист Жадыра Жұмакүлбайға кестірді.

«Бүгін менің немерем Айсұлуымның тұсауы кесілді. Бұл жауапты сәтті кімге ұсынсақ деп мың ойланып, мың толғандық. Қазақтың маңдайына біткен өнердегі аға, апаларымның бірі кессе де болатын еді. Бірақ біздің таңдау алты баланың анасы, журналист, менің соңымнан ерген туған сіңлімдей жақын тартатын құрбым, жекжатым, Ерекемнің жан жары Жадырама түсті. Асылжаным мен Жансаям да “Жадыра апайдың жолын берсін” деп, пікірімді қолдай кетті.

Жадыраның 2003-05 жылдар аралығында “Қазақ радиосы” эфирінде “Аты жоқ көкек” атты авторлық хабары болды. Соған “Ұят болмасын” арқылы көрерменнің көзайымы боп жүрген кезімде шақырып, сұхбат берген едім. Осы уақытқа дейін қаншама журналист менен сұхбат алды ғой. Солардың ішіндегі өрімдей жап-жас Жадырамның сұхбаты менің әлі күнге дейін есімде. Ең бір салмақты, жан дүниеммен ашылған әңгімеміз еді. Кәсіби журналист ретінде біліктілігіне тәнтімін. Алла Тағала Жадырамның жолын ботақаным, немерем Айсұлуыма бұйырсын деген тілегім бар», – деп жазды әнші.

Көпшілік өнер иесінің ұлы үйленіп, балалы болғанын да білмей де қалғанын жазды журналист Анна Данченко. Осы той туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, Айгүл Иманбаеваның шаңырағындағы тағы бір қуанышты жаңалықты жеткізді.

«Айгүл Иманбаеваның шаңырағында қос қуаныш. Ұлы Асылжанның үйленіп, балалы болғанын көбісі білмейді екен, себебі әншінің баласы жеке өмірін жария етуден алшақ. Жан-жары – Жансая, өзінен 2 жас үлкен. Екеуі бір саладан. Айсұлу есімді қыздары бар, бұйырса, жақында тағы да бөпелі болады. Бүгін Алматыда қос ғашықтың құрметіне дастархан жайылды. Белгілі себептерге байланысты үлкен үйлену тойлары болмады. Енді міне, Айгүл ханым ұлы мен келініне той жасап, артынша немересінің тұсаукесерін өткізді», – деп жазды журналист.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Anna Danchenko (@ann_2905)