Астана халықаралық әуежайында Болгарияда өткен жаһандық додада ел намысын абыроймен қорғаған көркем гимнасшыларды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jastar janary елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Болгария астанасы Софияда өткен жасөспірімдер арасындағы үшінші әлем чемпионатында Қазақстан атынан Ақмарал Ерекешева 3 жаттығу, Айғаным Рысбек 1 жаттығу және топтық жаттығуда жүлдеге таласты.
Нәтижесінде 14 жастағы Ақмарал Ерекешева 2 алтын (доп және лента сайысы) және 1 күміс медаль (шығыршық) жеңіп алды.
«1 ай бұрын ғана Сингапурде өткен Азия чемпионатынан кейін қателіктермен жұмыс істеп, күнделікті дайындалдым. Иә, өте қиын. Бірақ 2 жылдан кейін өткізіліп жатқан әлемдік додада жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіспін. Бірінші кезекте ата-анама, бапкеріме алғысымды айтамын. Қарсыластарымды да елеусіз қалдырғым келмейді. Себебі, өзге 60 елден келген спортшылардың да өзіндік арман-мақсаты болды», — деді Ақмарал Ерекешева.
Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары ұйымдастырылған жасөспірімдер әлем чемпионатында ең жоғарғы көрсеткіш Елжан Таниеваға (4-орын) тиесілі еді.
«Әлем чемпионатында қазақтың көк туы алғаш рет көтерілгенде, көңіліміз босап кетті. Ақмарал 4 жасында осы спортқа келіп еді. Үздіксіз 10 жыл бойы жаттыққанның арқасында ғана осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өте қуаныштымыз. Бізді әуежайда салтанатты түрде күтіп алғандарыңызға, қолдағандарыңызға рақмет!» – деп бапкер Меруерт Балғымбаева өз ойымен бөлісті.
Енді жасөспірімдердің келесі әлемдік додасы 2027 жылы Румынияда өтеді дкп жоспарланған.