Қазақ халқы үшін дастархан – тек ас ішетін жер емес, тұтас бір дәстүр мен мәдениеттің тоғысқан ордасы. Дастархан басындағы тәртіп, асқа деген құрмет пен қонақ күту – бұның бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан болмыстың бір бейнесі. Тіпті, ас ішудің өзі халқымызда тәрбие мен әдепке негізделген. Қазақтың дәстүрлі дастарханы – ұрпақ тәрбиесінің айрықша құралы.
Дастархан басында әр адамның өз орны бар. Үлкенге төрден орын беріледі, кішіге ізет көрсетіледі. Ас ішер алдында бата сұрау, тағамды асығыс ішпеу, ысырап қылмау осының бәрі баланың бойына кішкентай кезінен сіңіріледі. Ата-баба заманынан қазіргі кезге дейін бар әдеп, дастархан басында бәрі бірдей отырмай, тәртіппен жайғасатын. Алғаш болып үлкендер қол созса, кішілер сосын ғана бастайтын. Осы арқылы үлкенге құрмет, сабырлық үйретілген.
Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған
Неге бата сұрайтын?
Біріншіден, ас – адамға берілген несібе, тіршілік. Асты киелі деп санаған, оның қадірін түсінген. Сондықтан ас ішер алдында «Бисмилләһ» деп бастап, артынша бата сұрау дәстүрге айналған. Бұл берілген несібеге риза болу, шүкір айтуды білдірген. Сонымен қатар бата арқылы үлкендер балаларға үлгі көрсеткен:
«Басыңа амандық, асыңа адалдық берсін!», «Жолың оң болсын!» деген сынды баталар шүкір ету, сабырлы болу, жақсыға жору сияқты құндылықтарды сіңіріп отырған.
Ал тағамды неге асығыс ішпеу керек?
Қазақта «асты қорлама» деген сөз бар. Тамақты ретсіз немесе асығыс ішу – асты қадірлемеу деп есептеген. Ол адамның өз денсаулығына да, дастарханға деген салғырттықты да көрсеткен. Дастархан үстінде ұрсысу, дау-дамай шығару – бұрыс әрекет. Себебі халқымыз дастарханды бейбіт көңілмен, жақсы жаңалық айтумен жайғастыратын. Ата-әженің әңгімелері, ата-ананың өнегелі сөздері – бәрі де баланың жадында сақталып қалатын жылы естелік.
Қазақ дастарханы – құндылықтар мен дәстүрлер тоғысқан киелі жер, ұрпақ үшін бірліктің нағыз мектебі. Бұл құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа үлгі ету – әр отбасының міндеті. Ал рухани байлық осындай қарапайым дәстүрлер мен іс-әрекеттерден бастау алады. Қазақтың тағамға, қонаққа деген құрметінің астарында – ғасырлар бойы жалғасқан терең тәрбиелік дәстүр жатыр.
Асия СЕРІКҚЫЗЫ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті