«XXI ғасыр көшбасшысы» деген тіркесті естігенде көз алдымызға кім келеді? Роботтармен дос болып, жасанды интеллекті сөйлетіп, ғаламдық мәселелерді шешіп жүрген Илон Маск па? Әлде қарапайым ауыл мектебінен шыққан, халықаралық олимпиадаларда елін танытып жүрген қазақ баласы ма? Шын мәнінде, XXI ғасыр көшбасшысы-нақты бір адам емес, бұл – заманауи әлемнің талабына сай өмір сүріп, өзгеге үлгі бола алған тұлға.
Көшбасшы деген кім өзі?
Бұрын көшбасшыны тек батыр, ел бастаған қолбасшы деп түсінсек, қазір көшбасшы деп атауға болатын тұлға көп: 1. ғылымда жаңалық ашқан ғалым. 2. IT саласында стартап құрған жас. 3. Tiktok арқылы миллиондарға мотивация берген адам. 4. Тіпті, өз ауылында жастарға тегін білім беріп жүрген ұстаз да көшбасшы. Көшбасшы – атақ емес, әрекет.
XXI ғасыр көшбасшысында қандай қабілеттер болуға тиіс?
1) Білімді және жан-жақты
Бұрын бір мамандықты меңгеру жеткілікті болса, қазір адам бір уақытта бірнеше салада ойлана білуі керек. Мысалы, дәрігер бола тұра, IT-ді меңгеріп, ауруларды жасанды интеллектпен анықтап жүрген мамандар бар.
2) Технологиямен дос
Технологияны игерген адам – болашақты игерген адам. Илон Маск, Марк Цукерберг сияқты жандар тек IT саласының емес, бүкіл әлемнің көшбасшыларына айналды.
3) Шешен және шабыттандырушы
Көшбасшы – адамдарды артынан ерте алатын тұлға. Айтары бар, сөзі салмақты, жүрегінде оты бар адам. Мейірімді әрі әділ. Бұл ғасырда «қатал бастық» емес, «жақсы көшбасшы» бағаланады. Қарапайымдылық, адамгершілік – нағыз көшбасшының қасиеті.
Бүгінгі қазақ жастары арасында көшбасшылар кімдер?
ӘСЕЛ АМАНГЕЛДІ
Әсел Амангелді – қазақ қызы, қазіргі уақытта білім беру мен инновациялық жобалау саласында өзіндік ізін қалдырып жүрген жастар көшбасшысы. Қазір ол Гарвард университетінде білім алып, өзінің авторлық жобасын іске асырып жүрген алғашқы қазақ қыздарының бірі ретінде айрықша танылды.
Негізгі кезеңдер мен жетістіктері қандай?
Әсел Гарвард университетінде магистрлік бағдарламаны аяқтап, 2025 жылы диплом алды. Гарвард қабырғасында тарихта алғаш рет қазақ қызы ретінде өзінің жобасын 200-ден астам команда арасында қорғап шықты.
Димаш Құдайберген – Ақтөбе топырағында дүниеге келген қарапайым қазақ баласы бүгінде әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, миллиардтаған тыңдарманды таңғалдырып жүр. Димаштың жетістігі тек дауысында емес. Әрине, оның 7 октавалы диапазоны – табиғат берген ғажап сый. Бірақ Димашты биікке көтерген – оның қарапайымдылығы, ұлттық болмысына деген адалдығы, өнерге деген адал махаббаты. 2017 жылы Қытайдағы «I Am a Singer» жобасына қатысқанда, ол тек өнер көрсетіп қана қоймай, әлемді қазақ ұлтының саз өнерімен таныстырды. Ол сахнада ән салған кезде – оның әнімен бірге халқымыздың үні де естіледі. Содан бастап Димаш әлемдік деңгейде «музыкалық жаңалыққа” айналды. Оның әндері тек орындау техникасымен емес, шынайылығымен баурап алады. Димаш – бүгінгі ұрпаққа үлкен үміт сыйлайтын тұлға. Ол бізге бір нәрсені дәлелдеді: қайда жүрсең де, еліңді, тіліңді, болмысыңды ұмытпау – нағыз күш.
Санжар Тайжан – Қазақстаннан шыққан жас және алдыңғы қатарлы инженер, зерттеуші және стартапшы. 1997 жылы Алматыда туған, кейін Англияда білім алған. Ол University of Warwick-те автомобиль инженериясы бойынша бакалавр дәрежесін алған және Jaguar Land Rover, McLaren, Warwick Manufacturing Group сынды жетекші компаниялармен жұмыс істеген.
Оның жетістіктері
Hyperloop жобасы: Санжар Cambridge және Warwick университеттерінің Hyperloop командаларын құрып, 400+ инженерді басқарды. SpaceX ұйымдастырған жарыста Warwick командасы үздік 35 құрамға кірді (1600 команданың ішінде)
Jaguar Land Rover тәжірибесі: Энергия тиімділігіне арналған лити-ионды батареяларды әзірлеп, электромобильдердің жүрісін 8%-ға ұзартқан.
- Forbes Kazakhstan «30 under 30» құрамында
Санжар Тайжан – ғылым, кәсіпкерлік және инновацияны біріктірген қазақ жастарының өкілі. Университеттен бастап халықаралық деңгейдегі жобаларға дейінгі жолы – Қазақстанға қайтып, технологиялық туынды шығарып, экожүйені дамытуға дайын екенін көрсетеді. Оның жетекшілігі мен жобалары – жасанды интеллект пен жасыл технологияларға енуге үлгі бола алады.
Сая Қыдырәлі – қазақстандық жас тіл маманы, IELTS емтиханы бойынша әлемдегі ең жас сарапшы. Ол 17 жасында халықаралық ағылшын тілі емтиханынан ең жоғары 9.0 балл жинаған. Ағылшын тілін 6 жасынан бастап үйреніп, 9 жасында балаларға, ал 10 жасында ересектерге сабақ бере бастаған. 11 жасында алғашқы рет IELTS тапсырып, 6.5 балл алғаннан кейін, өз әдістемесін жасап, терең дайындыққа кірісті. 14 жасында «Saya Education» атты ағылшын тілі орталығын ашып, 3000-нан астам студентке көмектесті .
Қорыта келе, ХХІ ғасыр көшбасшысы – бұл робот жасайтын инженер де, ауылын көркейтетін әкім де, шабыт беретін мұғалім де, өз арманына жетуге тырысып жүрген сен де бола аласың. Ең бастысы – өзіңе сен, үйренуден жалықпа және өзгелерге үлгі болуға тырыс. Бұл ғасыр – жаңаның ғасыры. Демек, көшбасшы болу – қазірдің өзінде әр адамның қолында.
Аделя СПАРТАКҚЫЗЫ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті