Басты бет » Жаңалықтар » 2025 жылғы еңбек нарығы: Түлектердің таңдауы қандай?

2025 жылғы еңбек нарығы: Түлектердің таңдауы қандай?

Фото:автордан

Жаңа дәуір жаңа талаптар

Бүгінгі таңда әлемдік және отандық еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп келеді. Цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект сынды технологиялардың дамуы жұмыс күшіне деген талаптарды түбегейлі өзгертті. Бұрынғыдай тек дипломмен шектелу жеткіліксіз. Қазіргі нарық – нақты дағдысы бар, бейімделуге қабілетті, креативті әрі технологияны игерген жастарды қажет етеді.

Осындай өтпелі кезеңде жоғары оқу орындарын бітіретін 2025 жылғы түлектердің алдында үлкен мүмкіндік те, үлкен жауапкершілік те тұр. Олар – пандемия кезіндегі онлайн оқытуды бастан өткерген, цифрлы ғасырдың алғашқы буыны. Енді осы буын еңбек нарығында өз орнын табуы тиіс.

Сұранысқа ие салалар мен мамандықтар

Сарапшылар мен еңбек нарығын зерттеушілердің болжауынша, 2025 жылы мына салаларда кадр тапшылығы күтілуде:

  • Ақпараттық технологиялар: IT-инженерлер, бағдарламашылар, деректер аналитиктері;
  • Инженерлік бағыттар: автоматтандыру мамандары, құрылыс, энергетика;
  • Медицина және психология: жалпы практика дәрігерлері, медбикелер, психологтар;
  • Білім беру: жаңа әдістер мен технологияларды меңгерген мұғалімдер;
  • Экология және жасыл энергетика: климат мамандары, экологиялық аудит жүргізушілер;
  • Цифрлық медиа және маркетинг: SMM, PR-мамандар, визуалды контент жасаушылар.

Жаңа заман түлектерден тек кәсіби білімді ғана емес, пәнаралық құзыреттерді талап етеді. Яғни, медицина саласындағы маман IT-ны да түсінуі, ал журналист цифрлық құралдарды меңгеруі қажет.

Сарапшылар не дейді?

2025 жылғы түлектерге қойылатын басты талаптар туралы сарапшылар да нақты пікір білдіреді. Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:

– Қазіргі еңбек нарығы тез өзгеріп жатқандықтан, түлектер тек алған білімге емес, оны қалай қолдана алатынына мән беруі керек. Бүгінгі жас үшін ең басты қабілет – бейімделу мен үздіксіз үйрену дағдысы, – дейді.

Бұл пікір жастар үшін білім алумен шектелмей, оны практикада іске асырудың маңызын айқын көрсетеді. Қазіргі таңда кәсіпорындар дипломға емес, икемді дағды мен жауапкершілікке көбірек назар аударады.

Жастар қандай мамандық таңдайды?

2025 жылғы түлектер – Z буынының соңғы толқыны. Олар:

  • тұрақтылықтан гөрі еркіндікті қалайды;
  • фриланс, кәсіпкерлік, цифрлық кәсіп бағыттарына қызығушылық танытады;
  • шетелде оқу мен жұмыс істеуді мақсат етеді;
  • жалақыдан бұрын жеке даму мен еркіндікке басымдық береді.

Алайда түлектердің таңдауы мен нарықтағы шынайы сұраныс сәйкес келе бермейді. Бұл кәсіптік бағдардың жетілмегенін көрсетеді. Көп жастар гуманитарлық бағытты таңдап, нәтижесінде техникалық және инженерлік мамандықтарда кадр жетіспейді.

Басты қиындықтарға келсек, тәжірибе тапшылығы, өңірлік теңсіздік (аймақтарда жұмыс аз), мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділіктің төмендігі, жастардың өз қабілетін тани алмауы.

Мәселені қалай шешуге болады?

Біріншіден, білім беру мазмұнын еңбек нарығына сәйкестендіру. Екінші, дуальды білім беру жүйесін кеңейту. Үшіншіден, студенттерге арналған тәжірибелік бағдарлама санын арттыру. Төртінші, жастардың кәсіптік бағдарлауын мектептен бастап дамыту.

2025 жылғы түлектер – елдің экономикалық болашағын қалыптастыратын негізгі күш. Олар еңбек нарығының жаңа талабына сай бейімделіп, үздіксіз дамуға ұмтылуы керек. Бұл жолда оларға қоғамның, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен білім беру мекемелерінің қолдауы қажет. Сарапшылар атап өткендей, заманауи түлек – диплом иесі ғана емес, білімді икемге айналдыра алатын, өзіне жауапкершілік алуға дайын тұлға. Ал еңбек нарығындағы табыс сол икем мен икемделгіштікке тікелей байланысты.

    Аружан ҚАДЫРОВА,

 Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті