Алматыда бастау алған «Чемпиондық рух» жобасы бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде жалғасуда. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы Астана алаңында, Өскемен қаласындағы Жеңіс саябағында бір мезгілде және Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында кең ауқымды таңғы жаттығулар өтті, деп хабарлайды Jastar janary.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының телеграм арнасы жазды.
Жобаның басты мақсаты – салауатты өмір салтын жастар арасында насихаттап, табысты спортшылардың үлгісінде әр азаматтың чемпион болуға лайық екенін көрсету. Бағдарлама аясында тек таңғы жаттығулар ғана емес, түрлі бағыттағы мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары мен спорттық белсенділіктер ұйымдастырылуда.
Алматыдағы ашық жаттығуға қазақ кәсіпқой боксшысы WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы Қанат Ислам, грэпплингтен Қазақстандағы тұңғыш әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова, ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев, джиу-джитсудан әлем чемпионатының жүлдегері Нариман Даулбаев, чемпион Нұртуған Бекмұрат, аралас жекпе-жек шебері Сырым Айдынұлы, әйгілі акробаттар Әділет Сүбіханұлы мен Абай Оразбаев, аралас жекпе-жек спортшысы Бексұлтан Пилал, танымал блогер Иван Червинский, сондай-ақ қоғам белсенділері мен қала жастары қатысты.
Жастар чемпиондармен бірге жаттығу жасап, еркін форматта әңгімелесуге мүмкіндік алды. Спортшылар жастарды жеңіске ұмтылуға, мақсат қоюға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетеміз, Алматы қаласында еліміздің танымал чемпиондары мен спорт шеберлері жастармен бірге таңғы жаттығу өткізіп, «Чемпиондық рух» жобасының ресми бастамасына ұйытқы болды. Бұл жоба – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының жаңа бастамасы.
Жобаның амбассадоры – Алматы облысының мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу мен грэпплинг бойынша спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров.