Басты бет » Жаңалықтар » Цифрлық шындық пен шынайы өмір: Жастар экраннан не іздейді?

Цифрлық шындық пен шынайы өмір: Жастар экраннан не іздейді?

Ұйқыдан тұра сала қолымыз телефонға, ал кешке ұйықтар алдында көзіміз экранға қадалады. Бірақ бұл цифрлық шындық олардың шынайы өмірінің орнын басып бара жатқан жоқ па?

Әлеуметтік желі өмірдің айнасы ма?

Зерттеу мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 10–12 жастағы балалардың 50%-дан астамы ұялы телефонды күніне 3 сағаттан артық қолданады. 6–17 жас аралығындағы балалардың 70%-ы ұялы телефонды күн сайын қолданады екен.

Уақыттарының басым бөлігін TikTok, Instagram, YouTube және Telegram сияқты платформаларда өткізеді.

Неліктен? Себептері әртүрлі болуы мүмкін:

  • Қоғамнан қалмау қорқынышы: соңғы жаңалықтар мен трендтерден хабарсыз қалу – жастар үшін қолайсыздық.
  • Қолдау іздеу: кейбірі желіден эмоционалды қолдау немесе «мен мұндай жалғыз емес екенмін» дегенді сезіну.
  • Өз-өзін көрсету, дамыту кеңістігі. Әлеуметтік желі – имидж жасаудың құралы. Цифрлық орта кейде шынайы өмірден де қауіпсіз әрі түсіністікке толы көрінеді.

Көп жастар TikTok пен YouTube арқылы мотивация мен танымдық контент тұтынады. Бірі, ағылшын тілін үйреніп, екіншісі, фриланс жасауды бастайды, үшіншісі, психология туралы тыңдауды ұнатады. Алайда пайдалы контентпен қатар фейк ақпарат, токсикалық салыстырулар да қатар жүреді. Бұл психикалық денсаулыққа, әсіресе жасөспірімдерге кері әсер етуі мүмкін.

Экран – қызық, бірақ ол шынайы өмірді алмастыра ала ма? Соңғы жылдары психологтар жасөспірімдердің зейін, эмоция, есте сақтау, қабілетінің төмендегенін атап өтуде. Жастар онлайнда көп уақыт өткізген сайын, шынайы әлеуметтік қарым-қатынастар әлсіреп, жалғыздық сезімі арта түседі. Дегенмен бұл тек негатив емес. Жастар цифрлық кеңістікті өз идеяларын айтуға, қоғамдағы проблемаларды көтеріп, тіпті белсенділік көрсетуге де пайдаланып жатыр. Яғни, олар экранды тек тұтынушы ретінде емес, өзгеріс жасаушы құрал ретінде де қабылдайды.

TikTok жастарға қалай әсер етеді?

TikTok – қазіргі жастар арасындағы ең танымал платформалардың бірі.

TikTok-тағы бейнелер 15-60 секундтан аспайды. Мұндай қысқа әрі үздіксіз бейнелер легі жастардың ұзақ зейін қою қабілетін төмендетеді. Бұл құбылыс кейде «TikTok brain» деп аталады. Яғни, кітап оқу, сабаққа зейін қою, тапсырма орындау қиындай түседі. Платформада мазмұнның шексіздігі мен «идеал өмірді» көрсететін бейнелер депрессия, мазасыздық, өз-өзіне көңіл толмау сезімдерін тудыруы мүмкін. Себебі адамдар тек «әдемі картинаны» көреді. Өз-өзіне сенімсіздік тудырып, артық салмақтан ұялу сияқты зиянды әрекеттерге итермелейді. Екіншіден, платформада қауіпті челлендждер жиі пайда болады (мысалы, физикалық қауіпке әкелетін ойындар). Мысалы, «Blackout Challenge» – бұл трендте балалар өздерін тұншықтырып, естен тану сәтін видеоға түсіреді. Нәтижесінде, 10-13 аралығындағы бірнеше бала көз жұмды. Психологтар мұндай жағдайларды «цифрлық дофаминге тәуелділік» деп атайды.

TikTok-тың жағымсыз жақтары жиі айтылғанымен, оның жастарға тигізетін оң әсерлері де жоқ емес.

Біріншіден, шығармашылықты дамыту. Видео түсіру, сторителлинг, монтаж, дизайн сияқты түрлі дағдыларды үйренеді.

Екіншіден, тик токта видео ұзақтығы қысқа болғандықтан қысқа әрі пайдалы білім алу мүмкіндігі бар. Мысалы, тарих, математика, психология немесе қаржылық сауаттылық жайлы видеороликтер көп.

Үшіншіден, табыс табу мүмкіндігі. Себебі бұл платформа жеке бренд жасап, өз өнімін жарнамалап интернет-дүкен арқылы табыс таба алады. TikTok – бұл құрал. Оны қалай қолданатынымыз – жеке таңдау. Құнды контент іздейтін жастар үшін бұл платформа өзін дамыту мен шабыт алу көзіне айналуы мүмкін. Жастар үшін ең маңыздысы – цифрлық өмір мен шынайы өмір арасында тепе-теңдік сақтау. Уақытты қалай өткізіп жатқанын бақылау, пайдалы контентті тұтыну, экраннан тыс өмірге мән беру – бұл қазіргі заман жастарының ең өзекті дүниенің бірі болмақ.

 Асия СЕРІКҚЫЗЫ,

Еуразия ұлттық университетінің студенті

Сурет: qazdauiri.kz