«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жиі айтамыз. Алайда осы сөздердің астарына үңіліп, мән-мағынасын терең сезіне алып жүрміз бе? Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, қиын қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар?!
Қазақтың өмірімен біте қайнасып, ұлтымыздың айнымас серігіне айналған ұлттық аспабымызды қастерлеу – ұрпақ үшін аса маңызды. Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» ретінде тойлануы да соның айқын бір дәлелі. Осы мерекеге орай домбыра жасаушы шебер Муталхан Байырбековпен сұхбаттасып, домбыра қатысты біраз дерек анықтауға тырыстық.
– Алдымен, өзіңіз туралы білсек, қандай мамандық иесісіз? Киелі домбыра аспабын жасауға қалай келдіңіз?
– Мен өзім Шымкент қаласынан боламын. Негізі, құрылыс саласының маманымын. Алайда 2005 жылдан домбыра жасауды қолға алдым. Қазір 10 жылға жуықтап қалыпты. Менің осы салаға келуіме сабапшы болған бір оқиғаны айтып берсем.
Менің әлі күнге дейін есімде, бала күнімізде әкем бізге домбыра әкеліп берген. Сол уақытта бізге бұл өте үлкен сыйлық болды. Ол кезде туған күнім болатын. Өте қатты қуанғанымды сөзбен айып жеткізе алмаймын, себебі ол кезде домбыра біз үшін таңсық дүние еді. Кішкентай мектеп оқушысымыз, сол уақытта домбыраға деген қызығушылық оянды. Cодан бірнеше жылдан кейін жаңағы әкеміздің алып берген домбырасы сынып қалды. Сол бойда домбыраны жөндейтін шебер іздеп кеттік, бір шебер таптық. Бірақ ол жасы үлкен кісі болатын, ол кісі «мен жөндеп берейін домбыраңды, бірақ өзің жөндеп көргің келмей ме?» деп қызығушылығымды одан әрі оятқан еді. Сол атамызға әлі де рақмет айтамын. Домбыраны сыйға тартқан әкем мен домбыраны жөндеуге деген қызығушылығымды оятқан атаға алғысым шексіз. Осы салаға келуіме осы кісілер себепкер болды. Бұл жағдай – сол мектеп бітіріп аяқтап жатырғанда болған оқиғалар. Сол уақытта домбыра жөндейміз деп жүріп бір шеберден домбыраның жалпы қалай жөнделетінін, қалай жасалатынын үйрендім.
– Сіздің шеберханаңызда домбыра қалай жасалады? Қандай ағаштан жасайсыз, оған қандай бояуды қолданасыз? Домбырадан басқа да аспаптар не бұйымдар жасайсыз ба?
– Біздің шеберханамызда домбыра жаңғақ ағашынан жасалады. Оңтүстік өңірлерде көбінесе жаңғақ ағашы табылады. Сосын жаңғақ өзі табиғи қатты ағаш болады, басқа ағаштарға қарағанда. Сондықтан ол күмбірді, тембрді жақсы береді. Сол себепті біз көбінесе жаңғақтан жасаймыз. Одан бөлек, қарағаштан жасаймыз, біз көбінесе осы екі ағашты пайдаланамыз. Домбыра жасау 3 этаптан тұрады, оның әрқайсысының жауапкершлігі мол. Көп адамдар ойлайды екен домбыра жасау үшін ағашты шауып, екі шегін тағып беріп жібере салады деп. Әрине, олай емес. Себебі домбыра жасау жоғарыда айтқандай, күрделі еңбекті, шеберлікті талап етеді. Кәдімгі домалақ күйінде келген ағашты оны жапырақ күйіне келтіріп кесіп, домбыраға дайын жапырақ күйіне жеткізгенде ол ағаштың жартысына жуығы қоқысқа кетеді. Cоны келтіргеннен кейін домбыра құралады. Мойыны мен шанақтары киіліп, домбыраның қалтасы құралады. Бұл – бірінші этаптағы жұмысы. Қалтасы құралып, біткеннен кейін 2-этапта бет тақтайы жабылып, мойын жабындысы, басы барлығы салынады. Одан кейін әрлеп, бояу жағамыз. 3-этапта шектік салынып шертіп, күмбірі, дауысы барлығы тексеріледі. Осы этаптардан өткеннен кейін дайын болады. Ал біз өзіміз ағашты Шымкент қаласының өзінен немесе іргесінде орналасқан Ақсу кенті, Қарасу деген жерлерінен аламыз. Оған әрине, бүгін кесілген ағаш жарамайды, ол ағаш кемінде кесілгеннен кейін 4-5 жыл жатып кебу керек. Содан кейін танғасын ғана домбыра жасауға дайын болады. Біз домбырадан бөлек, қобыз, дауылпаз, астау жасаймыз, ал негізгі жасайтынымыз – домбыра. Қобыз, дауылпазды тек тапсырыспен жасаймыз.
– Бір домбыра жасап шығаруға қанша уақыт кетеді, бір айда шамамен қанша домбыра жасайсыздар?
– Бір домбыра жасап шығуға шамамен 3-4 күн уақыт кетеді. Ал бір айда біз 15-20 шақты домбыра жасаймыз. Негізі, домбыра жасау процесі өте қызық. Сабырлықты, шеберлікті талап етеді. Домбыраның 1 мл-мен санасатын тұстары бар. Соның барлығы асықпай, екі-үш мәрте тексеріп шығамыз. Домбыраның беті, басы жабылғаннан кейін күмбір ене бастайды, осы – ең қызықты кезеңі. Былай қарасаң, кәдімгі дыбысы жоқ шкаф, орындық сияқты әртүрлі бұйымдар жасайтын ағаштан осындай шанағынан күй төгілетін, адамдарға мұңын жеткізіп, көңілін көтере алатын, әуен шығарып бере алатындай аспап жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Домбыра шертетіндер көп, бірақ домбыра жасайтын кәсіби шеберлер саусақпен санарлық.
– Даусы күмбірлеп тұратын, қазақы ою-өрнекпен безендірілген домбыра жасалып біткенде, жұмыс аяқталғанда қандай әсерде боласыз?
– Біз енді жұмыста домбыраны аяқтап біткеннен кейін, бізге кәдімгі балаларымыз сияқты. Әзіл ретінде келістіріп айтатын болсам, мысалы, қыздарыңызды баптап, өсіріп, бой жеткізіп ұзатып жатырған кезде қандай әсерде болады?! «Артыңа қарама» деп шығарып салады ғой. Қыз қайтіп келсе ренжіп, неге бұлай болды екен, «неге қайтіп келді?» деп көңіл түседі ғой. Біз де сол сияқты неге ұқыпты ұстамады екен, жақсы қарамады екен, неге домбыраны сындырды деп көңіліміз түседі. Болмаса, біз домбыраның қасына қосып қолдану ереже нұсқаулығын береміз, кепілдік талонын береміз. Бірақ домбыра сынып қалды, ұнамады десе, көңіліміз түседі. Себебі ол – біздің жасап шығарған өнеріміз, өніміміз. Өзіміз қаншама еңбек, термен жасап шыққан дүниеміз болғандықтан, ол бізге өте ыстық. Қаншама домбыра шығарсақ та, әрбір домбыра біз үшін жеке бір дүние, құндылық ретінде танимыз.
– Домбыраның сапалы шығуы неге байланысты?
– Домбыраның сапалы шығуы тікелей шеберге байланысты. Себебі шебер жақсы болса, он саусағынан бал тамған болса, домбыраға рух бітіре алады. Сенесіз бе?! Біз көбіне өзіміз байқаймыз, жасалып жатырған домбыра өз иесіне тартып тұрады, иесіне кәдімгідей жан дүниесіне тартып тұрады. Кейбір домбыралар тез бітеді, кейбір домбылар мүлдем бітпей жолы ауыр болып кетеді. Кейде жаңағы ойламаған жерден керемет домбыралар жарық көріп шығады. Бізде барлығы кәсіби домбыралар, бірақ он домбыраның арасынан сондай бір әдемі домбыраның төресі шығып жатады. Ол домбыраны басқаға беруге қимайсың, арасында сондай керемет домбыралар шығады. Шерткен кезде кәдімгідей жан дүниеңізді ашатын, жүрегіңізді тебірентіп жіберетін домбыралар шығады.
– Осы уақытқа дейін қанша домбыра жасадыңыз, осы кәсіпке байланысты мемлекеттен көмек алдыңыз ба? Немесе демеушілер бар ма?
– Біз біраз домбыра жасадық, кемінде 15-20 мың домбыра жасап шығарған шығармыз. Ал мемлекеттен алған көмек, қолдауларымыз әрине бар. «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 2019 жылы ең алғашқы ілекпен грант алған болатынбыз, ол кезде қателеспесем, 512 мың теңге ме сондай болды. Одан кейін «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы бойынша, инновациялық грантты да жеңіп алғанбыз. Иә, бізге мемлекет тарапынан жақсы қолдау болып жатыр. Оған өз алғысымызды білдіреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы берген кәсіпкерлерге арналған салықтық 3 жылға арналған жеңілдігі болды. Ол да бір керемет қодау болған еді. Кәсіпкерлерге жасаған осындай мүмкіндіктері үшін мемлекетімізге рақмет!
– Болашақта домбыра жасау кәсібін бастағысы келетін адамдарға қандай ақыл-кеңес айтасыз? Осы домбыра жасау шеберлігіне үйретіп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Иә, біздің шәкірттеріміз бар. Аллаға шүкір! Олар да өздері шеберханасында домбыра жасап жүр. Дегенмен тек домбыраның жасалуын ғана білу жеткілікті емес. Себебі домбыра – қазақтың мұңын немесе қуаншын жеткізген сондай музыкалық аспап. Жүрекке жететін күй шығару үшін тембр беру үшін, қоңыр үн жасау үшін тек қана домбыраның жасалу жолын білу жеткіліксіз. Сондықтан домбыраны түсіну керек, не сызып, не жасап жатырғанын ұғынып жасау қажет.
Иә, болашақта домбыра жасау кәсібін ашамын дейтіндерге айтарым, домбыра жасауға әрине болады, неге болмасқа?! Себебі домбыра әрбір қазаққа алыс емес, шерте алмаса да. Үйренем десе болады, бірақ міндетті түрде домбыра жасап жүрген жақсы шеберлердің алдында дәріс алу керек. Одан бөлек, домбыра жасау өте сабырлықты талап етеді. Сабырлықсыз домбыра жасау мүмкін емес. Менің айтатын кеңесім, қаншама еңбек, тер төгіледі. Іс құралдарында жаңағы өткір, ұшқыр заттармен жұмыс жасау барысында жарақат алуың да мүмкін, Сабыры жетіп, шынайы домбыраның болмысын жасаймын дейтін болса әрине болады. Ал егер сабырлық болмаса, домбыраны не үшін жасап жатырғанын түсінбесе немесе тек домбыра жасап сату мақсатында болса, мен 100 пайыз кепілдік берем, ол домбырашы ұзаққа бармайды.
– Алда Ұлттық домбыра күні келе жатыр. Жалпы, ел-жұртқа домбыраның маңыздылығы туралы не айтар едіңіз?
– Алда келе жатырған Ұлттық домбыра
күні құтты болсын! Негізі, домбыра жайлы айтатын көп дүние бар. Реті түсіп тұрғанда айтайын, 1920 жылға дейін, совет өкіметі орнағанға дейін алашордашылардың кезінде домбыра қазақтың идеологиясы болған. Қазір домбыраны тек беташарда немесе құдалықта ән айтып жүр. Ал кезінде домбыраның идеологиясы мықты болғаны соншама, қаншама ақын, хандар мен билердің алдында түйіткілді мәселелерді домбырамен жеткізген. Керек десеңіз, кезінде жау шапқан кезде жаудың ханның алдына барып халықтың қөкірегіндегі жағдайды күймен жеткізген.
Қадыр Мырза Әлі атамыз айтпақшы, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Бұл сөздің түп-төркінін түсінсеңіз, домбырада біздің қаншама мәдениетіміз, тіліміз, жыр-өлеңдеріміз, айтыстарымыз сақталған. Сондықтан домбыра әр қазақ үшін құнды.
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary