Ресейден келген мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Қазақ елінің әнұранымен қатар, мемлекеттік тілді де меңгеруге кіріскен. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желіде жазды.
«Әнұранның сөзін жаттауды бастадым. Қазақ тілінде дұрыс сөйлеп кететініме күмәнданам. Бірақ барымды салып тырысамын», – деді Софья РИА Новости порталына берген сұхбатында.
Жас спортшы мамыр айында азаматтығын ауыстырып, Қазақстанның көк паспортын алды. 17 жастағы Самоделкина – төрттік секіру мен қатарынан үш аксель жасай алатын аз спортшының бірі. Ол енді биылдан бастап әлемдік аламандарда еліміздің намысын қорғайтын болады. Софьяға спорт додаларында жеңіс тілейміз!