Басты бет » Жаңалықтар » Ақ жаулықтың қадірін біліп жүрміз бе?

Ақ жаулықтың қадірін біліп жүрміз бе?

GeBpRArljPI4A0Xh

 «Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақ жаулық»

                                 Халық даналығы

 

Үйдің тұңғышы болған соң ба, қарт әжем мені бауырына басып, кенже баласынан кем қылмай өсірген еді. Ақ пен қараны айырмаған балғын бала кезім есіме түсіп отыр. Әжемнің орамал тағып, оны азаннан кешке дейін шешпей жүргенін көргенде іштей ойға батушы едім. «Бұл шүберекті шешпейтіндей не қасиеті бар екен?» деп. Әжем сол ақ орамалын ылғи да тағып жүретін. Тіпті жан тапсырғанша да басынан тастамады десем, артық айтқандық емес.

Әжемде орамалдың түр-түрі болатын. Сандығының ішінде тап таза, аппақ, енді бірі қызыл сары, көкала, жасыл, қоңыр орамалдар шетінен «бүгін мені тақ» дегендей, көздің жауын алып жататын. Үйге қонаққа келген әйел адамдарға да әжемнің ұсынатын бағалы осы сыйы кестелі орамалдар еді. Міне, бүгін менде ержеттім, ақыл тоқтаттым.  Сол сәулелі сәттерді, келмеске кеткен күндерді сағынышпен еске аламын. Жүзін әжім торлаған Әжем де көз алдымда ақ жаулығы желбіреген кейпінде сақталыпты…

Түпқияннан түркі тектес жұртымыз орамалға жай ғана бас киім деп немесе бейжай қарамаған. Оны ең аяулы затындай қадірлеп, қастерлеген. Орамалды әйелді арына балаған, ақ жаулықты анаға құрмет қылған. «Орамал» туралы өлеңдер халық ауыз әдебиетінде де кездеседі. Мәселен, халық әні «Әгугай-ай»-да «Орамалы тұрады бес жүз жорға» деген сөз болса, Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әже туралы әнінде» немересі әжесіне «Менің жаным жаулығыңа түйулі» дейді. Халық арасында кең тараған әндердегі осы сөздерге қарап, орамалдың қазақ халқынының өміріндегі рөлін анық байқауға болады. Ендеше, қазақтың тарихымен тікелей байланысы бар ақ орамал жайында азды-көпті мәлімет беріп өтсем. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдардың атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын энциклопедияда «Қыз бала орамал тартпаған. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беташар болғаннан кейін енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Сонымен қатар, дәстүрлі ортада жас келінге сәукелесінің артында тұратын орамалын да салған. Оны желек деп атаған. Желектің түсі көбінесе қызғылт, қызыл, қызыл күрең өңді болып келген. Жас келін үлкен кісілердің алдында бетін желегімен көлегейлеп сөйлесетін болған. Балалы болғаннан кейін келіншек желек орнына кимешек киген» делінген. Осыдан-ақ ертеректе халық арасында жас ерекшеліктеріне байланысты орамал тартудың қатаң сақталғанын байқауға болады.

 2dd05103d18c6ec7b47e0a18f6eaa395

Дәстүр мен ұстаным

Жас келіншектер ертеден басына ашық түсті орамал салған. Оны ақ жаулық деп атайды. Жас келіннің басына ақ орамалды үлкен кісінің салатынында да үлкен тәрбие жатыр. Одан бөлек бас киімді аяқ астына тастамайтын қазекем орамалды киелі деп санайды. Тұтынған орамалды ешқашан сыйға тартпайды. Ақ түсті орамал қуаныштың, береке мен бірліктің, молшылықтың белгісі болса, қара түсті орамал қайғы-қасіреттің, қазаның белгісі.

 Дін не дейді?

Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы қырық қадам алыс жүреді. Сонымен қатар, емізулі баласы бар әйел орамалсыз бала емізсе, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген түсінік бар. Ондай бала есейгенде мәңгүрт болып, анадан безеді, қайырымсыз болады деп ұққан. Ананың ақ сүтімен даритын баланың тәрбиесінде ақ орамалдың да алатын орны ерекше.

Орамал – сыйлық

«Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ел арасында аталы сөз бар. Мән-мағынасына үңілер болсақ, орамалдың сый-сияпат екенін аңғаруға болады. Алыстан ат терлетіп, бөктерлетіп келген қонақ  үйдің отанасына орамал сыйлап жатады. Сыйдың қайтарымы ретінде үй иесі де кетер кезде орамалды көйлектік бұлмен бірге салып береді.

 

Орамал – махаббат символы

«Шетінде шай орамал күміс жүзік,

Қуантқан сүйген жардың сөзі келді» деген өлең жолдарында орамал сезімді, көңілді білдірудің тамаша символы болып тұр. Ертеректе ер азаматтар орамал шетіне жүзік түйіп, үйленуге ұсыныс жасаған. Қыздар жағынан да орамал ыстық махаббат пен сағыныштың белгісін танытады. Жаугершілік заманда, одан бері келе алапат майдан тұсында да ер азаматтарға сапарға аттанарда кестелі ақ орамал ұсынып, сарқылмас төзімділік танытатындарын жеткізген.

 

Орамалдың қасиеті

Ауыздан ауызға тараған аңыз, дастандарға сүйенсек, жаугершілік заманда қыз-келіншектер орамалын көтеріп үлкен даудың алдын алған сәттер де болған. Қолына қару алған батырдың бәрі орамалдың алдында дәрменсіз болып, орамалсыз әйелге көз жанарын салмаған. Ақ орамалдан аттамаған. Одан басқа, алып қашу үрдіске айналған кезеңде жасы үлкен  әженің орамалынан аттасаң, бақытсыз боласың деген ұғым да ел арасында кеңінен танымал. Арыға бармай-ақ, беріректен мысал келтірер болсақ, 1991 жылы Орал қаласында болған Орал казактарының патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі келеңсіз әрекетке қарсы шараны ұйымдастырушылардың бірі, ақын Айсұлу Қадырбаева оқиға кезінде қазақтар мен жергілікті казактардың арасына орамал тастаған деседі. Өз кезегінде бұл әрекет екі жақты сабасына түсіруге елеулі септігін тигізген…

Арымның киесіндей ақ орамал

Орамал деген дүние имандылықтың, адамгершіліктің, тазалықтың, бір сөзбен айтқанда ар-ұяттың белгісі. Орамал – дүйім қазақ үшін қасиетті ұғым. Ал, ақ жаулықтың әлімсақтан киелі саналып келе жатырғаны әммеге аян… Тек бүгінгі жаһандану, еуропаға еліктеген, батыс пен шығыстың қаңсығын таңсық қылған, әсіре жаңашыл қоғамда ғана ақ жаулықтың қадірі төмендеп бара ма деп алаңдаймыз. Алпыстан асқан кейбір аналарымыз ақ жаулықтан ат-тонын ала қашса, жаңа түскен жас келінге не айтасыз? Расында да, айдың-күннің аманында нәзік жандылардың көбісі жалаңбас жүр. Бастағы орамалдың мәнісі – жат жұрттық болып ана атанған жолы жіңішке жандарды тұрмыс құрмаған қыздардан ерекшелеп тұратын. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Кейде әйел мен қызды ажырата алмай дал боласың. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылған соң көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, ол қасиет қайтады деп айтатын. Бүгін бәрі басқаша болып бара ма?!

Бізді толғандырған мына жағдай. Бұл көріністі күнде көріп жүргесін бе көзде үйреніп барады. Алайда, орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір аналарымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас күйде көргенде ыңғайсызданып қаласың. Тіпті елуден асып, егде жасқа жеткен әйелдер арасында да жаңа заман ағымымен орамалын шешіп, шаш бұйралап, көзін бояп, тұрпайы топтың легіне ілесіп бара жатқандар қаншама?! Бірақ, қайткен күнде де ақ жаулықты ұмытуға бола ма?… Қазақта «Әйел орамал тартпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Міне, талай ақынның жырына, шешендердің нақыл сөзіне арқау болған сол бір дүниенің қадірінің төмендеп кеткенін сезінгенде іштей қынжыламыз, налимыз.

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса…

Нені көрем? – деп өз заманында марғасқа Мұқағали да жырға қосқан екен. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндер азайып кетпесе, сіз айтып жүрген, біз айтып жүрген «Рухани жаңғырудың» көкесі сол болар еді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысы,

Жаңақала ауданы

 

Аққойсын Анесова зейнеткер, көп балалы ана:

– Орамалдың мәніне терең үңілмей жүрген бүгінгі қыз-келіншектерге қайран қаламын. Өзім ешқашан жалаңбас жүрген емеспін. Үйдегі келіндеріме де ылғи осыны айтып отырамын.

 

Ерік Сұлтанов, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы:

«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген халық даналығынан байқасақ, адам ба­ласы ұятты жерлерін жасырып, абыройын қорғаумен ғана адамдық санатын сақтап қалады. Олай болса, киім дегеніміз – ұят пен абыройдың қалқаны. Ежелден бері түркі тектес елдердің, исі мұсылман әйелдері басына орамал тартты.

Әйел заттының шариғат бойынша  киіну мен орамал тағуының өз үкімі бар. Құран-Кәрім сүресінде ол жайлы ашық айтылған: «Мүмин әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін» деген «Нұр» сүресі 31-аятта. Ата-бабаларымыз «біздің салт-дәстүрімізде орамал тағу жоқ» деп Алланың бұйрығына ешқашан қарсы шықпаған. Керісінше, өздерінің мәдениетіне, әдет-ғұрпына сай етіп, небір әсем киім үлгілерін жасап шығарған. Олардың Құран талаптарына қайшы келмеуін басты назарда ұстаған.

 

Пікір жазу