Басты бет » Жаңалықтар » Кинология – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін ерекше сала

Кинология – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін ерекше сала

Әлемде сан түрлі мамандық иелері бар. Олар әртүрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Себебі дұрыс таңдалған кәсіп адамның болашағына, қоғамдағы орны мен өмірлік бағытына тікелей әсер етеді. Осындай жауапты әрі қызықты мамандық иелерінің бірі – Қарулы күштердің әскери полиция бөлімінде қызмет атқаратын кинолог маман Рахымжан Сансызбайұлы.

Кинология мамандығы – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін ерекше сала. Бұл салада қызметтік иттерді үйретіп қана қоймай, олармен сенімді байланыс орнатып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды міндеттер атқарылады. Рахымжан Сансызбайұлының еңбек жолы мен тәжірибесі кинолог мамандығының маңызын айқын көрсетеді. Өз ісіне адал маманның айтуынша, бұл кәсіпке қызығушылықпен қатар сабыр, еңбекқорлық және жануарларға деген сүйіспеншілік қажет. Осындай білікті мамандардың арқасында қызметтік иттер құқықтық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде сенімді көмекші болып келеді.

– Кинолог мамандығын қалай таңдадыңыз? Бұл салаға келгеніңізге қанша уақыт болды?

– Мен алғаш рет 2010 жылы әскер қатарына шақырылдым. Сол жерде бір жыл бойы қызметтік иттердің жетекшісі болдым. Кинология саласына деген қызығушылығым дәл сол кезден басталды. Содан бері осы мамандық бойынша еңбек етіп келемін. 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық ұлан қатарына қызметке қабылдандым. Кейін Қарулы күштердің әскери полиция бөлімінде кинолог маманы болып жұмысымды жалғастырдым. Біздің негізгі міндетіміз – қызметтік иттерді із кесуге, жарылғыш заттар мен миналарды анықтауға үйрету.

– Иттерді қалай үйретесіздер? Бір итті үйретуге қанша уақыт кетеді?

– Кинолог мамандарын даярлайтын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Бұл салаға қызығушылық танытқан адамдар жекеменшік оқу орындарында немесе арнайы кинологиялық орталықтарда білім алады. Мен алғашқы білімімді Ұлттық ұланға қарасты Қаракемердегі оқу орталығында алдым. Кейін 2016–2017 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орталығында білімімді жетілдірдім. Иттерді үйретудің жеті негізгі тәсілі бар. Біз көбіне тамақтандыру, механикалық әдіс және ойын арқылы үйрету тәсілдерін қолданамыз. Сонымен қатар кликер әдісі де кеңінен пайдаланылады. Әсіресе, ойын мен тамақтандыру арқылы үйрету ең қызықты әрі тиімді тәсілдердің бірі саналады. Көптеген кинолог мамандар осы әдістерге басымдық береді.

– Қызметтік иттермен жұмыс істеу қаншалықты күрделі немесе жеңіл?

– Әрине, бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Ит – жануар болғандықтан, онымен жұмыс істеуде төзім мен сабыр қажет. Біз бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп жүргендіктен, жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгердік. Әр иттің өзіндік мінез-құлқы болады. Сондықтан олардың ерекшеліктеріне қарай арнайы үйрету тәсілдерін таңдаймыз.

– Осы уақытқа дейін есіңізде ерекше сақталған иттер бар ма?

– Он алты жылдық тәжірибемде көптеген қызметтік иттермен жұмыс істедім. Солардың ішінде мені кинолог ретінде танытқан ит – Қайсар. Оны күшігінен бастап өзім бағып, тәрбиеледім. Қайсармен бірге үш түрлі құрылымда Ұлттық ұланда, төтенше жағдайлар қызметінде және Қарулы күштер қатарында қызмет атқардық. Қайсар 2025 жылға дейін қызмет етті. Бірге көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Жалпы, кинологтың жетістігін көрсететін – оның иті. Ол бірінші немесе соңғы асыраған итіңіз болуы мүмкін, бірақ жүрегіңізге жақын, ерекше байланыс орнатқан серігіңіз болып қалады. Әскери полицияға келген кезде тағы бір күшік асырап, оған Дос деген ат қойдым. Қазіргі таңда ол менімен бірге қызмет атқарып жүр. Мемлекеттік маңызы бар іс-шараларда, жоғары деңгейдегі ресми сапарлар кезінде де белсенді қызмет етеді. Оның тұқымы – бельгиялық овчарка. Уақыт өте келе Доспен де ерекше байланыс орнаттым.

– Кинолог болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Кинолог болғысы келетін адам бұл мамандыққа шын ниетімен келуі керек. Кейбір жастар қызығып келеді де, біраз уақыттан кейін кетіп қалады. Сондықтан ең алдымен сабырлы әрі жауапкершілігі жоғары болу қажет. Жастарға берер басты кеңесім – алдымен әскерге бару. Әскерде кинология саласы жақсы оқытылады және тәжірибе жинауға мүмкіндік мол. Онда білікті кинолог мамандар қызмет етеді. Үйренемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Біз, әскери полицияның кинолог мамандары, жастарға өз тәжірибемізді үйретуге әрқашан дайынбыз.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы