Басты бет » Жастар үні » ПАРИЖДЕН ДЕ ӘСЕРЛІ: ҮЙЛЕНУГЕ ЖАСАЛҒАН ЕРЕКШЕ ҰСЫНЫС

ПАРИЖДЕН ДЕ ӘСЕРЛІ: ҮЙЛЕНУГЕ ЖАСАЛҒАН ЕРЕКШЕ ҰСЫНЫС

Соңғы кезде әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылы қызу талқыланып жүр. Бұған себеп – ауылда бой көтерген «Эйфель» мұнарасының көшірмесі. Ерекше сәулеттік нысан көпшіліктің қызығушылығын тудырып, Жалпақтал жұртшылық арасында «Қазақстанның Парижі» атанып үлгерді. Ауылдың ажарын ашқан бұл жоба жергілікті тұрғындар мен ауыл түлектерінің туған жерге деген құрметінің жарқын көрінісі ретінде бой көтерген.

Париждегі махаббат мұнарасының үлгісінде салынған нысан бүгінде ауылдың жаңа символына айналып, өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның назарын өзіне аударып отыр. Түнгі жарық шамдарына бөленген мұнара маңында сүйіктісіне ұсыныс жасайтын жандардың қатары күн санап артып келеді. Солардың бірі – Мирас пен Назерке. Жас жігіттің сүйіктісіне жасаған ұсынысы әлеуметтік желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп, бейнежазба қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинаған.

Өмірлеріңіздегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтаймыз! Жалпақталда жасалған ұсыныс көпшіліктің назарын аударды. Сол ерекше күн қалай өтті? Ұсыныс жасау сәтін баяндап берсеңіз.

– Иә, ұсыныс жасау ерекше болды. Біз екеуміз де Орал қаласынанбыз. Дәл осы көрініс үшін жігітім мені қаладан 300 шақырым жерге алып келді. Бірақ бәрі мен күткеннен де ерекше болды. Әдемі жарыққа бөленген мұнараның жанындағы атмосфера өте әдемі әрі әсерлі болды. Сол сәтте жүрегім ерекше толқып, қуаныштан көзіме жас келді. Шынымды айтсам, мұндай ұсынысты мүлде күтпедім. Сөзбен айтып жеткізу қиын, бұл өмірімдегі ең бақытты әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды. Осындай ерекше күнді ұйымдастырып, мені таңғалдырғаны үшін жігітіме ризамын. Жалпақталдағы Эйфель мұнарасының жанында болған сол кеш біздің өміріміздегі ең қымбат естеліктердің біріне айналды.

– Көптеген қыздар сүйіктісінің өзіне Парижде немесе шетелдің көрікті жерлерінің бірінде ұсыныс жасағанын армандайды. Ал сіз болашақ жарыңыздың ұсыныс жасау сәтін қалай елестететін едіңіз? Осындай арманыңыз болды ма?

– Шынымды айтсам, ұсыныстың нақты қай жерде жасалғанынан гөрі, оның шынайылығы мен сол сәтке деген ықыласы маңыздырақ деп ойлаймын. Ең бастысы – сүйіктімнің мен үшін барлығын ойластырып, ерекше әсер сыйлауға тырысқаны. Мен дәл осы ниеті мен көңілін жоғары бағалаймын. Жалпақталдағы Эйфель мұнарасының жанындағы ұсыныс мен үшін кез келген әйгілі қаладан кем болған жоқ. Тіпті, әлеуметтік желіде видеоны көрген кейбір адамдар оны Парижде түсірілген деп ойлап қалып жатыр. Бұл Жалпақталдағы жаңа нысанның қаншалықты әдемі әрі ерекше екенін көрсетеді. Сондықтан мен үшін сол кештің құндылығы –  оның қай жерде өткенінде емес, бізге сыйлаған эмоциясы мен ұмытылмас әсерінде.

Ұсыныс жасау сәтіңіз түсірілген бейне әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Тіпті, бұл ерекше орын басқа жастарға да шабыт беріп жатыр. Мұндай қызығушылықты күттіңіздер ме және Жалпақтал романтикалық символға айналып келе жатқаны туралы не айтар едіңіз?

– Шынымды айтсам, мұндай қызығушылық болады деп күтпедік. Біз үшін бұл жай ғана өміріміздегі ерекше әрі бақытты сәттердің бірі еді. Бейнежазбаның әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің жылы лебізін алғаны қуантты. Пікірлердің басым бөлігі жағымды болды, көп адам бізге ақ тілегін жолдады. Бұл біз үшін өте әсерлі болды. Ал Жалпақталдың романтикалық символға айналып келе жатқанына келсек, бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын. Бұрын мұндай ерекше орындарды көру үшін алыстағы қалаларға немесе шетелге бару керек сияқты көрінетін. Ал қазір өз елімізде, өз ауылымызда адамдарға қуаныш пен әдемі эмоция сыйлайтын орын пайда болды. Егер осы жер басқа жастарға шабыт беріп, олардың өміріндегі маңызды сәттердің куәсіне айналып жатса, бұл Жалпақтал үшін де үлкен мақтаныш. Меніңше, мұндай бастамалар ауылдың танымал болуына ғана емес, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға да ықпал етеді.

Батыс Қазақстандағы бұл ерекше орын аз уақыттың ішінде көпшіліктің сүйікті мекеніне айналды. Бүгінде Жалпақталдағы Эйфель мұнарасы тек сәулеттік нысан ғана емес, арман мен махаббаттың, әдемі естеліктердің символына айналып келеді. Мирас пен Назеркенің оқиғасы – соның жарқын дәлелі. Алдағы уақытта да дәл осы жерде тағы талай жүрекке жол табар ұсыныстар жасалып, жаңа махаббат хикаяларының бастауы боларына сеніміміз мол.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, қазіргі таңда немен айналысасыз?
  2. Өміріңіздің жаңа кезеңімен құттықтаймын! Сол ерекше күн қалай өтті? Ұсыныс жасау сәтін өз аузыңыздан баяндап берсеңіз.
  3. Болашақ жарыңыздың дәл осы жерде сөз салатынын алдын ала білдіңіз бе? Ұсыныс жасаған сәтте қандай әсерде болдыңыз?
  4. Қазіргі таңда көптеген қыздар сүйіктісінің өзіне Эйфель мұнарасының алдында немесе шетелдің көрікті жерлерінің бірінде ұсыныс жасағанын армандайды. Ал сіздің бұл жөнінде арманыңыз қандай еді?
  5. Шет мемлекетте ұсыныс жасауға кетіп жатқан жастарға көзұарасыңыз қандай?
  6. Қазір жұртшылық Жалпақталды «Қазақстанның Парижі» деп атап жүр. Ал сіздің ойыңызша, Жалпақтал мен Париждің қандай ұқсастығы немесе айырмашылығы бар?
  7. Әлеуметтік желіде болашақ жарыңыздың сізге ұсыныс жасаған сәті кеңінен тарап жатыр. Әсіресе, «Өзіміздің Жалпақтал тұрғанда Парижге барудың қажеті жоқ» деген пікірлер көп жазылуда. Әлеуметтік желідегі пікірлер қандай?
  8. Бүгінде Жалпақтал көпшіліктің назарын аударып жатыр. Оқырмандар мен саяхатшыларға ауыл туралы не айтар едіңіз? Жалпақталға келуге шақырасыз ба?