Басты бет » Жаңалықтар » ШЕКСПИР ФЕСТИВАЛІ: Еуропа көрермені қазақ қуыршақ театрын қошеметпен қарсы алды

ШЕКСПИР ФЕСТИВАЛІ: Еуропа көрермені қазақ қуыршақ театрын қошеметпен қарсы алды

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Румыния мемлекеті Крайова қаласында өткен әлемдік деңгейдегі «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалі аясында ересектерге арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынып, еуропалық көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

«The Craiova International Shakespeare Festival» – ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармашылығын заманауи тұрғыда қайта пайымдауға, театр өнерін дамытуға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған беделді өнер алаңы. 1994 жылдан бері екі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан фестивальдің құрылтайшысы – Марин Сореску атындағы Крайова ұлттық театры. Биылғы фестиваль әлемнің 28 елінен келген 90-нан астам шығармашылық ұжымның басын қосты. Он күнге созылған мәдени шара барысында көрермендер назарына 300-ге жуық іс-шара ұсынылды.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры аталған халықаралық фестивальге 2025 жылы Франция мемлекеті Авиньон қаласында өткен Халықаралық «Off Avignon» театр фестивалінен кейін арнайы шақырту алған болатын. «Ромео мен Джульетта» спектаклі әлемге әйгілі махаббат хикаясын камералық форматта жаңаша интерпретациялауымен халықаралық театр мамандарының назарын аударған еді.

«Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанған. Хореографы – Анна Цой, суретшісі – Юлия Чернова. Спектакль бұған дейін Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстанда өткен халықаралық театр фестивальдерінде жоғары марапаттарға ие болған. Румыния сахнасында спектакльді Ұлан Адамбаев, Бота Табылдиева, Мақсат Камалов, Шохан Құлназаров, Эльмира Кумарова және Арайлым Байырбекова көрермен назарына ұсынды.

Крайовадағы көрсетілім көрермендер тарапынан ерекше ықыласқа ие болды. Залдың толуы спектакльге деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартса, қойылым соңындағы ұзаққа созылған овация туындының көрермен көңілінен шыққанын көрсетті. Спектакльдегі актерлердің жанды ойыны, қуыршақ жүргізу шеберлігі, пластика мен бидің үйлесімі, сондай-ақ декорация мен сахналық шешімдердің тұтастығы спектакльдің көркемдік деңгейі – театр мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Фестиваль қонақтары мен театр мамандары қазақ қуыршақ өнерінің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, шығармашылық ұжымға 2027 жылы Румынияда өтетін «The International Theatre Festival «Elvira Godeanu»» халықаралық театр фестиваліне қатысу жөнінде арнайы шақыру жолдады.