Отбасы – адам өміріндегі ең асыл құндылықтардың бірі. Адам баласы дүниеге келіп, ес білгеннен бастап отбасының тәрбиесін көріп, сол ортада тәлім алады. Берекесі мен бірлігі жарасқан жанұя – қоғамның тірегі, ұлттың болашағы. Осындай еңбекқорлығы мен татулығы арқылы көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттің бірі – Нұртаевтар отбасы.
Отағасы Нұрғали Нұртаев мен отанасы Әсия Нұртаева – теміржол саласында 60 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік өмірдің қызығын көріп отырған ардақты жандар. Саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы еңбекке арнаған олар тек қызметте ғана емес, отбасы тәрбиесінде де өнеге көрсете білді. Әсия апай 40 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып, мектепте мұғалім болып еңбек етумен қатар, теміржол институтында да жас мамандарға білім беріп, талай шәкірттің өмір жолына бағыт-бағдар сілтеген. Ұстаздық пен теміржол саласындағы еңбекті қатар алып жүрген ол өз ісіне адалдығымен, жауапкершілігімен көпшілікке үлгі болды.
Нұртаевтар отбасы – үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әулет. Ұл-қыздары ата-анасының тәрбиесін бойына сіңіріп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған. Қазіргі таңда бала-шағасы мен немерелері де теміржол саласында еңбек етіп, ата жолын жалғастырып келеді. Бүгінде бес немересінен үш шөбере сүйіп отырған олар – бірлігі мен берекесі жарасқан, ұрпағы өсіп-өнген өнегелі шаңырақ иелері.
– Отбасыңыздағы татулық пен берекенің сыры неде? Қандай құндылықтарды басты орынға қоясыздар?
– Отбасымызда ең бастысы – бір-бірімізге түсіністікпен қарап, кешірімді болу. Адамдар бір-бірін сыйлап, қолдап отырса, отбасында тұрақтылық пен береке орнайды. Біз үшін отбасы кіші мемлекет секілді. Мемлекетте тәртіп пен дұрыс саясат қажет болса, шаңырақта да сыйластық пен тәрбие болуы керек. Сонымен қатар ата дәстүрімізді сақтап, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасын ұстануға мән береміз. Осындай құндылықтар отбасының бірлігін нығайтып, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізеді.
– Теміржол саласына қалай келдіңіздер? Бұл сала кімнен бастау алды?
– Отағасы Нұрғали атаң бала кезінен теміржол саласына ерекше қызыққан. Ауылының маңынан теміржол рельсі өтетіндіктен, күн сайын зулап өткен пойыздарды көріп, олардың үнін естіп өскен. Шымкент қаласына жиі қатынап, ауылынан пойызбен келіп-кетіп жүрген кездері де оның теміржолға деген қызығушылығын одан сайын арттыра түскен. Мектепті тәмамдаған соң Семей қаласындағы теміржол училищесіне оқуға түсіп, еңбек жолын машинистің көмекшісі болып бастады. Кейін білімін жетілдіруді назардан тыс қалдырмай, кейін Ташкенттегі теміржол институтына сырттай оқуға түсті.
Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында ол теміржол саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Қазіргі таңда атасының жолын ұл-қыздары, немерелері жалғастырып келе жатыр.
– Ұрпақтарыңыздың ата жолын жалғастырып жатқанын көргенде қандай сезімде боласыз?
– Әрине, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі зор қуаныш. Ата жолын жалғап, теміржол саласында адал еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымыз бен немерелеріміз көңілімізді марқайтады. Ең бастысы – олардың өз істеріне жауапкершілікпен қарап, еңбекті қадірлей білуі. Біз әрдайым балаларымызға «Еңбек етсең ғана елге сыйлы боласың» деп тәрбиелеп келдік. Бүгінде сол тәрбиеміздің жемісін көріп отырғандаймыз. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, атакәсіптің жалғасып жатқаны – біз үшін үлкен бақыт.
– Өмір жолдарыңызға қарай отырып, бақытты отбасын құрудың сыры деп есептейсіздер ме?
– Аллаға шүкір, өзімізді бақытты отбасы деп есептейміз. Өмірде бәрі тек қуаныштан тұрмайды ғой. Қиындық та болды, таршылықты да көрдік, талай сынақтан өттік. Бірақ қандай жағдай болса да бір-бірімізге сүйеніп, түсінісіп, қолдау көрсетіп отырдық. Отбасының беріктігі де осында деп ойлаймын.
Бақыт деген – бала-шағаңның амандығы, ұрпағыңның өсіп-өнуі, дастарханыңның басында немере-шөбереңнің шат күлкісін есту. Қазір, міне, үлкен жасқа келіп, өткен өмірге қарасақ, маңдай термен адал еңбек етіппіз, елге қызмет етіппіз, жақсы ұрпақ тәрбиелеппіз. Одан асқан бақыт бар ма? Біз балаларымызға әрқашан үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып, еңбекпен өмір сүруді үйреттік. Бүгінде сол тәрбиенің жемісін көріп отырмыз. Сондықтан жүрегіміз тыныш, көңіліміз тоқ.
«Отбасының берекесі сыйластықта, ырысы ынтымақта» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Нұртаевтар отбасы – теміржолшылар әулеті ғана емес, ұрпаққа өнеге болып келе жатқан еңбек пен тәрбиенің, татулық пен бірліктің жарқын үлгісі. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, ұрпағына өнегелі тәрбие бере білген әулет бүгінде көпшілік құрметіне бөленіп отыр.
2025 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде Шымкент қаласының намысын қорғауы Нұртаевтар отбасының қоғамдағы беделі мен өнегелі өмірінің айқын дәлелі. Бірлігі бекем, ұрпағы өнегелі осындай отбасылар елдің тірегі, ұлттың рухани байлығы.
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
