Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры жер жаннаты Жетісу өлкесінде Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының ұйымастыруымен өткен IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестиваліне қатысып, өзінің шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте айқын танытты.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған айтулы мәдени шара 2023 жылы қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай бастау алған. Дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальге биыл Грузия, Түркия, Өзбекстан елдерінен және еліміздің Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау, Өскемен қалаларынан келген таңдаулы театр ұжымдары қатысты.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль аясында көрермен назарына философиялық астары терең, психологиялық драма «Мен кіммін…» спектаклін ұсынып, халықаралық сарапшылар мен театр мамандарының жоғары бағасына ие болды.
IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінің қазылар алқасы төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек: ««Мен кіммін…» спектаклі фестиваль аясында ұсынылған ең ізденісті, орындаушылық шеберлігі жоғары қойылымдардың бірі болды. Бұл спектакльден заманауи қуыршақ театрының жаңа мүмкіндіктерін көрдік. Қуыршақ жүргізушілердің кәсіби деңгейі, әрбір қимылдың дәлдігі мен мағыналық жүктемесі көрерменді бірден баурап алады. Қойылымның астарында адам болмысы, өзін-өзі тану мәселелері терең әрі әсерлі өрілген».
Спектакльдің режиссері – Грузиядан арнайы шақырылған талантты театр қайраткері Николоз Сабашвили. Символикалық мәнге ие қуыршақтардың ерекше пластикалық шешімдері, актерлік шеберлік, қозғалыс мәдениетінің үйлесімі, сондай-ақ сахналық кеңістіктің тұтас көркемдік жүйесі спектакльдің мазмұндық тереңдігін айшықтап, көрерменді өз ішкі әлеміне үңілуге жетелейді.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтарының жүрегіне жол тапқан спектакль өзекті тақырыбы мен терең философиялық мазмұны арқылы көпшілікті бейжай қалдырмады. Зал көрерменге лық толып, спектакль аяқталған сәтте көрермендердің ұзаққа созылған қошеметі шығармашылық ұжым еңбегіне берілген шынайы баға болды. Театртанушылар мен халықаралық сарапшылар спектакльдің режиссерлік шешіміне, актерлік ансамбльдің үйлесімді жұмысына, қуыршақ жүргізу мәдениетінің жоғары деңгейіне және спектакльдің көркемдік тұтастығына ерекше тоқталып, заманауи театр кеңістігіндегі өзекті әрі жаңашыл туынды екенін атап өтті.
Сонымен қатар фестиваль қорытындысы бойынша Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Сонымен қатар, фестиваль аясында түркі мәдениетінің TÜRKSOY халықаралық ұйымның ұйымдасыруымен ағымдағы жылы өткізілетін халықаралық фестивальге жолдамаға ие болды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

