Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астана қаласында өткен NIS желілік «InnovArt: Болашақ өнері» арт-фестиваліне қатысты.

Шығармашылық алаң еліміздің әр өңірінен келген 240-тан астам оқушыны біріктірді. Қатысушылар мюзикл, әлеуметтік бейнеролик, құммен сурет салу (Sand Art) және қолөнер бағыттары бойынша өз жұмыстарын ұсынды.
Іс-шара барысында жасанды интеллект пен технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Бүгінде білім беру жүйесі сапалы білім берумен қатар, әр баланың қабілетін ашуға, креативті ойлауын дамытуға және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауы қажет.
Фестиваль аясында оқушылар музыкалық-сахналық қойылымдарын, авторлық бейнежобаларын, құм анимациясы жұмыстарын және ұлттық қолөнер дәстүрлері негізінде жасалған бұйымдарын таныстырды. Жас өнерпаздардың жұмыстары мәдени құндылықтарды, шығармашылық көзқарасты және жастардың заманауи ой-пікірін көрсетті.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік қатысушылар мен шығармашылық ұжымдар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Дарынды балаларды қолдау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осындай жобалар оқушылардың қабілеттерін ашуға, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға және заманауи қоғамда сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


