Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, этнолог-тарихшы
Қазір отбасы туралы сөз қозғасақ, алдымыздан көбіне бір ғана көрініс шығады: зорлық-зомбылық, ажырасу, ұрыс-керіс, ене мен келіннің дауы, әкенің жауапсыздығы, ананың тағдыры…
Әрине, мұның бәрі бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Зорлық көрген әйелді де, зорлық көрген баланы да қорғауымыз керек.
Бірақ бақытсыз отбасы бар екен деп, барлық отбасы бақытсыз емес ғой?!
Зорлық-зомбылық жасалған отбасы бар деген, барлық отбасында зорлық бар деген сөз емес ғой.
Ажырасу бар екен деп, отбасы құндылығы жоғалып кетті деген сөз емес. Ене мен келіннің арасында түсініспеушілік бар, бірақ ол – барлық ене жаман, барлық келін жаман деген сөз емес. Керісінше, сыйласатын ене-келіндер де бар.
Жұбайын құрметтейтін ер азаматтар да бар. Баласының тәрбиесіне жауапты әкелер де бар.
Ата-анасын қадірлей отырып, өз алдына дербес шаңырақ болып отырған жас отбасылар да бар.
Жап-жақсы бала өсіріп, бір-біріне сүйеу болып, қиындықты бірге еңсеріп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан отбасылар да көп. Біз соларды неге көрсетпейміз?
КЕЙІНГІ КЕЗДЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ЕМЕС, ЖАМАНДЫҚТЫ КӨП КӨРСЕТІП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?
Бір отбасы ойрандалса, мың адам талқылайды. Бір әйел зорлық көрсе, қоғам ашуланады. Бір ер азамат қылмыс жасаса, «қазақтың барлық еркектері осындай» деген пікір пайда болады. Бір келін енесімен ұрысса, «енелердің бәрі оңбаған» дейді. Бір келін тәрбиесіздік танытса, қазақтың келіндерінің бәрі санасыз дейді. Бір отбасы ажырасса, «қазір дұрыс отбасы қалмады» деп қорытынды жасаймыз. Бұл да қауіпті құбылыс.
Өйткені біз қоғамға үнемі жаман мысалды көрсете берсек, жамандық қалыпты нәрсе сияқты қабылдана бастайды. Ал жақсы отбасы туралы көп айтпасақ, жастар «Бақытты отбасы деген бар екен ғой» деп ойланады. Әрине, бар. Бар және көп.
Біз тек оны көрсетпейміз,іздемейміз. Әр нәрсенің жақсылығын көрмей, жамандығын іздеу әдетке айналып барады.
БІЗГЕ ОТБАСЫНЫҢ ЖАҢА МЕДИА-МӘДЕНИЕТІ КЕРЕК
Жылтыраған өмірді үлгі етудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі: «Күйеуім маған мынадай сыйлық жасады», «Мальдивке бардық», «Қымбат көлік алдым» деген жылтырақ өмір отбасы бақытының өлшемі емес. Отбасы бақыты – телефон камерасы өшкеннен кейінгі өмір.
Жұбайлардың қарым-қатынасы қандай?Қиындықта бір-бірін қалай қолдайды? Баласының көзінше бір-бірін қалай сыйлайды? Екі жақтың ата-анасымен қалай сыйласады? Ақшаны қалай басқарады? Бір-бірінің арман-мақсаттарын, ұстанымын қолдай ма? Бір-бірінен кешірім сұрай ала ма? Отбасына қаншалықты уақыт бөледі?
Міне, нағыз отбасы құндылығы осында.
ОТБАСЫ САЯСАТЫН ҚАЙТА ОЙЛАНАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ
Меніңше, бүгін отбасы саясатына өте жіті, терең және жүйелі түрде қарауымыз керек.
Бізге тек ажырасқаннан кейін ойланбай, ажыраспай тұрып алдын алатын саясат керек. Тек зорлық болғаннан кейін араласатын емес, зорлыққа апаратын себептерді ерте анықтайтын жүйе керек.
Тек проблемасы бар, отбасыларды ғана зерттемей, бақытты, тұрақты, өнегелі отбасылардың тәжірибесін де зерттеу керек.
Неге кейбір отбасылар 30-40, тіпті 50-60 жыл бірге өмір сүреді? Олардың қарым-қатынасының негізі неде? Шыныаяқ сылдырламай тұрмайды, сондай кезде дау-дамайды қалай шешеді? Отбасы татулығының мәні неде? Бала тәрбиесіндегі ұстанымы қандай?
Ене мен келін арасындағы жақсы қарым-қатынастың сыры неде? Әкесі мен баласының жақындығы қалай қалыптасады? Жұбайлар бір-бірінің жеке кеңістігін қалай сыйлайды?
Міне, бізге осындай зерттеулер өте қажет.
Біз тек: «Неге ажырасты?» деп сұрамай «Неге бұл отбасы осынша жылдар бойы сақталды?» деп те сұрауымыз керек.
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК
Меніңше, мектепте жасөспірімдерге отбасы туралы жүйелі түсінік беру керек. Бұл «қыздар міндетті түрде күйеуге шығуы керек» немесе «ұлдар міндетті түрде үйленуі керек» деген үгіт емес. Бұл – өмірлік, отбасылық жауапкершілікке дайындау.
Жастар:
— неке деген не;
— отбасы деген не;
— ерлі-зайыптылық жауапкершілік деген не;
— әке мен ана болудың мәні қандай;
— бала тәрбиесі қандай жауапкершілік;
— отбасылық бюджет қалай құрылады;
— жанжал қалай шешіледі;
— зорлық пен махаббаттың айырмасы қандай;
— жеке шекара деген не;
— ата-ана мен жас отбасының қарым-қатынасы қандай болуы керек деген мәселелерді білуі керек.
Бұл – үлкен өмірге дайындық.
ҮЛГІНІ ЖАМАНДЫҚТАН ЕМЕС, ЖАҚСЫЛЫҚТАН ІЗДЕЙІК
Бізге «ең бай отбасын», «ең әдемі отбасын», «ең сәнді отбасын» емес, ең үлгілі, берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасыларды дәріптеуіміз керек. Бір-біріне 40 жыл, 50 жыл, 60 жыл сүйеу болған, қиындықта қолдау болған, жақсылықта таспаған,жамандықта қашпаған жұптарды настхаттау керек. Баласына үлгі болған әке мен қызын саналы етіп тәрбиелеген ананы, қариясына құрмет көрсеткен, ұрпағына өнеге болған әулетті, енесі мен келінінің қарым-қатынасы үлгі болған отбасыны дәріптеуіміз керек.
Міне, осындай отбасыларды үлгі-өнеге етіп көрсету керек. Өйткені жас ұрпақ көргенінен көргенінен тәрбие алады.
Жастардың бойында жақсы үлгіден отбасылық түсінік қалыптастырады.
ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨРСЕТСЕК, ЖАҚСЫЛЫҚ КӨБЕЙЕДІ
Мен бұған сенемін. Біз жамандықты жасырайық демеймін. Зорлықты, қылмысты, ажырасудың себептерін жасыруға болмайды.
Бірақ мәселенің үнемі жаман жағын ғана көрсете беруге болмайды. Қоғамға диагноз қоюмен бірге, емін де көрсетуіміз керек.
Бәлкім, бір отбасын сақтап қалуға көмектесетін жақсы өнегені көрсету -мыңдаған отбасының өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желіде де, теледидарда да, кинода да, контентте де, мектепте де, мемлекеттік саясатта да:
«Мына отбасы бұзылды» дегеннен бөлек, «Мына отбасы неге берік?» деген сұрақ қойылсын.
Өйткені отбасы – жеке адамның ғана мәселесі емес.
Бұл мемлекеттің де мәселесі. Отбасыда бала дүниеге келеді. Сол жерде оның отбасы жайлы алғашқы түсінігі қалыптасады Ер мен әйелдің жауапкершілігі жайлы алғашқы ұғымы қалыптасады. Демек, отбасы – ұлт тәрбиесінің алғашқы мектебі. Сондықтан отбасы институтын сақтау – тек ажырасуды азайту емес. Бұл – жауапты ер азамат тәрбиелеу; саналы қыз тәрбиелеу; бақытты ана тәрбиелеу; жауапты әке қалыптастыру; қауіпсіз балалық шақ жасау; ұлттық құндылықты заманауи өмірмен сабақтастыру.
Меніңше, бүгін бізге: «Күйеуге шықпаңдар!» деп қыздарды қорқыту да, «Қазақ қызына үйленбеңдер!» деп жігіттерді қорқыту да керек емес.
Бізге «Жақсы жар болуды үйреніңдер.
Жақсы жарды таңдауды үйреніңдер.
Жақсы ата-ана болуды үйреніңдер.
Отбасы жауапкершілігін бірге көтеруді үйреніңдер» дейтін қоғам керек.
Қызға: «Өзіңді қадірле» дейік.
Ұлға: «Өз жауапкершілігіңнен қашпа» дейік.
Екеуіне де: «Ешкім-ешкімнен артық емес, отбасылық жауапкершілік тең. Бір-біріңді құрметтеңдер» дейік. Сонда ғана отбасы сезім мен сенім мен қадір мен құрметтің мекеніне айналмақ.
Сондықтан бүгінгі біздің ең үлкен мәселеміз «Қалай ажыраспаймыз?» емес, «Қалай бақытты, қауіпсіз, жауапты отбасы құрамыз?» деген мәселе болуы керек.
Отбасын сақтай алсақ. ұлттың сабақтастығын да сақтай аламыз.
Жақсылықты көбірек көрсетейік.
Жақсы үлгіні көбейтейік.
Жақсы отбасын дәріптейік.
Жақсылық көрген ұрпақ жақсылық жасауға ұмтылады.
Қазақтың отбасын қорқынышпен емес, саналы тәрбиемен сақтайық.
Жамандықты жасырмайық, жақсыны көбейтейік.
Ал ең маңыздысы, қорқынышты көбейтпей, үміт пен жауапкершілікті көбейтейікші…
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
