Басты бет » Сен білесің бе? » Су туралы 15 қызық дерек

Су туралы 15 қызық дерек

Су – ғаламшарымыздағы ең қарапайым зат. Алайда, судың өзінде қаншама құпия жатыр. Ғалымдар оны әлі күнге дейін зерттеу үстінде, бірақ уақыт өткен сайын су туралы қызықты деректердің пайда болып жатқаны да рас.

су

 

Бірінші дерек: ең таза су Финляндияда.

ЮНЕСКО деректері бойынша ең таза су Финляндияда кездеседі. Зерттеу жұмысына жалпы есеппен алғанда 122 елдің табиғи суы алынған. Әлем бойынша қауіпсіз суға қолы жетпей отырған 1 миллиард халық бар.

Екінші дерек: ыстық су мұзға тез айналады.

Қандай су мұзға тез айналады: ыстық немесе суық? Логикалық тұрғыдан суық су тез айналатын сияқты көрінеді. Себебі ыстық су алдымен суып барып, қатуы қажет, ал суық суға суудың қажеті жоқ. Алайда, тәжірибелер ыстық судың мұзға тез айналатынын көрсеткен.

Суық суға қарағанда ыстық судың неліктен тез қататыны туралы әлі күнге дейін өз жауабын таппаған сұрақ күйінде қалып отыр. Айырмашылығы қатты суу, булану, мұзға айналуда, конвекцияда болуы немесе сұйытылған газдардың ыстық және суық суға әсеріне де байланысты болуы мүмкін.

Үшінші дерек: аса қатты суитындығы.

Мектептегі физика курсынан барлығымыз да судың нөл градуста қатып, жүз градуста қайнайтынын жақсы білеміз. Алайда, судың аса қатты сууы деген бар. Мұндай қасиетке тек қоспасыз таза су ғана ие. Салқындатқанда суу нүктесінен төмен температурада да бұл су сұйық күйінде қалады. Бірақ, қандай жағдайда болмасын, судың қату және қайнау температурасы болатынын ескерген жөн.

Төртінші дерек: судың үш күйі бар.

Мектептен білетініміздей, судың үш агрегаттық күйі бар: сұйық, мұз, газ. Алайда ғалымдар сұйық судың 5 түрлі күйі, мұздың 14 түрлі күйі болатынын айтады.

Бесінші дерек: су әйнек сияқты.

Егер таза суды қатырып, оны одан әрі салқындатса не болады? Таңғажайып нәрсе орын алатын көрінеді. Цельсий бойынша минус 120 градуста су аса жабысқақ әрі созылмалы болады екен, ал минус 130 градуста ол «әйнек» суға айналады. Әйнек су – әйнектегідей кристалл құрылымдары жоқ қатты зат.

Алтыншы дерек: өмір негізі – су.

Су – өмір негізі. Жануарлар мен тірі жаратылыстың бәрі судан тұрады: жануардың 75%-ы, балықтың 75%-ы, медузаның 99%-ы, картоптың 76%-ы, алманың 85%-ы, қызанақтың 90%-ы, қиярдың 95%-ы, қарбыздың 96%-ы. Тіпті адам ағзасының көп бөлігін судан тұрады. Жаңа туған сәби ағзасының 86%-ы судан тұрса, егде тартқан адамдар ағзасының 50%-ға дейінгі бөлігін су құрайды.

Жетінші дерек: су – ауру тасымалдаушы.

Су тек өмір сыйлап қана қоймайды, сонымен қатар өлімге де әкеліп соғады. Әлемде кездесетін аурулардың 85%-ы су арқылы таралады. Бұл аурулардан жылына 25 миллион адам өмірмен қоштасады.

Сегізінші дерек: адам сусыз күн көре алмайды.

Адам дене массасының 2% суын жоғалтқан кезде оны шөл қысады. Егер ол 10%-ға дейін көтерілсе, галлюцинациялар басталады. 12%-ын жоғалтқан адам дәрігердің көмегінсіз есін жия алмайды. 20%-ын жоғалтқан жағдайда өмірден озады.

Тоғызыншы дерек: ішуге жарамды судың көбі мұздықтарда орналасқан.

Су қай жерде көп кездеседі? Әлбетте, Тынық мұхитта судың мол екенін білеміз. Алайда, жер мантиясындағы су көлемі Тынық мұхиттағы судың көлемінен 10-12 есе көп. Бірақ, ғаламшарымызда кездесетін судың бәрі ішуге жарамды емес. Біз судың 3%-ын ғана ішеміз, себебі дәл осындай мөлшерде ішуге жарамды су бар. Осы ішуге жарамды судың көп бөлігі қолжетімсіз – мұздықтарда орналасқан.

Оныншы дерек: су диета сияқты

Судың көмегімен артық салмақтан құтылуға болады. Сусындардан тек суды ғана іше отырып, рационның жалпы калориясын жедел түрде түсіре аласыз. Біріншіден, адам калориясы көп тәтті газдалған сусын мен шырындарды ішуден бас таратады, екіншіден, судан кейін тәттіге тәбет те тартпайды.

Он бірінші дерек: сау жүрекке арналған су

Су жүрек талмасының болу ықтималдығын төмендетеді. Зерттеулер барысында ғалымдар күніне алты стақан су ішетін адамдардың екі стақан су ішетін адамдарға қарағанда жүрек талмасына ұшырау ықтималдығы төмен болатынын анықтаған.

Он екінші дерек: өмір сүру үшін 35 тонна су қажет

Адам сусыз ұзақ өмір сүре алмайды. Су қажеттілігі ауадан кейінгі екінші орында. Адам тамақсыз алты аптаға жуық, ал сусыз бес-жеті тәуліктей өмір сүре алады. Адам бүкіл өмірінде 35 тонна су тұтынады.

Он үшінші дерек: ең қымбат су

Су тегін немесе өте қымбат болуы мүмкін. Ең қымбат су Лос-Анджелесте сатылады. Өндірушілер үйлесімді дәмі және ph белгісі бар қымбат сұйықтықты «Swarovski» жылтырағы бар бөтелкеге құяды. Мұндай судың литрі 90$ тұрады.

Он төртінші дерек: жанатын су бар

Ғаламшарымызда қауіпті су да кездеседі. Мысалы, Әзірбайжанда құрамында метаны көп су бар, оған сіріңке жақындатсаң, ол жанып кетуі мүмкін. Ал Сицилиядағы көлдердің бірінде су қоймасындағы судың түбінде суды улайтын қышқылдың шығу көздері бар.

Он бесінші дерек: суда ақуыз бар

Теңіз суы – қоректік субстанция. Теңіз суының 1 см кубында 1,5 грамм ақуыз бен басқа да нәрселер кездеседі.

Дереккөз: https://dyvosvit.jimdo.com

Пікір жазу