Басты бет » Жаңалықтар » Жалғыз қазақ мектебі жабылды

Жалғыз қазақ мектебі жабылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жалғыз қазақ мектебі жабылды.
ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның айтуынша, қалалық білім беру басқармасы мектеп ғимаратының тозығы жетіп, шатырының кез келген уақытта опырылып қалуы мүмкін екенін ескеріп, мектепті жауып тастаған. Ал жаңа қазақ мектебінің ғимаратын салуға қала бюджеті көтермейді. Сондықтан «Шаңырақтың» оқушылары жаңа ғимарат салынғанша №11 мектепте білім алуға мәжбүр.

Сурет: «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының ресми сайтынан

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ғимаратқа сараптама жүргізді. Биыл мектеп оқушыларының ата-аналары дабыл қағып, білім ошағын қауіпті деп жариялауды талап еткен еді. Жергілікті тұрғындар да ғимараттың тозығы жеткенін, шатырдың кез келген уақытта опырылып қалуы мүмкін екенін айтты. Содан кейін ата-аналардың өтініші бойынша білім басқармасы ғимаратқа сараптама жүргізіп, «мектеп апатты жағдайда емес» деген сараптамалық қорытынды шығарды. Дегенмен ғимараттың іргетасы мен жылу жүйесіне күрделі жөндеу қажет. Сондықтан балаларды уақытша көшіру туралы шешім қабылданды. Қазір №11 мектепте білім алып жатыр, – деді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Оның айтуынша, «Комфорт мектебі» бағдарламасы бойынша қалада жаңа мектеп салынғанша «Шаңырақтың» оқушылары №11 мектепте білім алады. Жоспар бойынша ол 2024 жылы пайдалануға берілуге тиіс. Бірақ жаңа мектептің ғимаратын пайдалануға беру одан көп уақытты алуы мүмкін.

Қазір қалада 60 мыңға жуық адам тұрады. Халықтың 80 пайызы – орыс халқының өкілдері. Сол себепті халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Құралай Салдықованың айтуынша, Риддердің қазақтары өздерін диаспора санайды.

Қалада 16 орыс мектебі және 4 аралас мектеп бар.

Риддер – Шығыс Қазақстан облысындағы екінші үлкен қала. Қала халқын негізінен «Қазмырыш» компаниясы жұмыспен қамтып отыр.

Дереккөз: https://almaty-akshamy.kz/