Қазақстанда 2,6 мыңға жуық шағын жинақты ауыл мектебіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
Қазір пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте жүзеге асуда. Жоба аясында 4-сыныптың 50-ден астам оқушысы математика, цифрлық сауаттылық, қазақ және орыс тілдері пәндерін жаңа форматта оқып жатыр.
Оқыту гибридті модель негізінде ұйымдастырылған. Білікті педагогтер арнайы студиядан онлайн сабақ өткізсе, ауылдағы мұғалімдер оқушыларға сыныпта тікелей қолдау көрсетеді. Ал жасанды интеллект оқушылардың жауаптарын талдап, біліміндегі олқылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл жобаны кезең-кезеңімен кеңейту көзделген. 2027 жылдың қаңтарына қарай қатысушы мектептер санын кемінде 50-ге, сәуірде 440-қа жеткізу жоспарланса, 2028 жылдың шілдесіне қарай Қазақстандағы 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепті қамту көзделіп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балаларға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік беру. Сондай-ақ мұғалімдер мен мектеп басшыларының да цифрлық құзыреттілігін арттыруға басымдық берілмек. Авторлардың айтуынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, әр оқушыға жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
