Басты бет » Жәдігер » МЫСЫР – ҒАЖАЙЫП ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛІ

МЫСЫР – ҒАЖАЙЫП ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛІ

Ұшы-қиыры жоқ Мысырдың шыңыстағы бір шеті Жерорта теңізімен шектесіп жатса, солтүстік-шығыс Африканың жазық құмындағы келесі бөлігі Қызыл теңізбен көмкеріледі. Таңғажайып тарихы, табиғаты һәм мәдениеті арқылы Мысырға саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналған.

Жылдың қай мезгілінде саяхаттап барсаңыз да, тылсым тарихқа толы ежелгі мәдениет сізді қайран қалдырудан жалықпайды. Көкпен таласқан архитектуралық зәулім құрылыстар, қатпарлы тарихтың құпиясын бүккен ескерткіштер өткен дәуірдің тағылымы мен танымын, мәдениеті мен мәйегін паш етеді. Мысыр тарихы негізгі төрт кезеңнен тұрады.

МЫСЫРДЫҢ ҚИЛЫ ТАРИХЫ

Ең әуелгісі – перғауындар кезеңі. Ол б.з.д. IV ғасырға дейін созылады. Одан соң біздің заманымыздың IV ғасырының аяғына дейін грек-рим кезеңі жалғасады. Ал византиялық кезең небары екі жарым ғасыр ғана өмір сүреді. VII ғасырдан бастап исламдық кезең Мысыр тарихынан өз орнын алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ежелгі патшалық кезеңінде (б.з.д. 2800-2250 жылдар) жүздеген пирамидалар бой көтерді. Олар ғаламат сәулетімен сол қалпында сақталды. Каир қаласының түбіндегі үш ұлы мысырлық пирамида (Хеопс, Хефрен және Микерин) – бүгінгі күнге аман-есен жеткен жалғыз жеті кереметтің бірі. Бұлармен қатар орналасқан алып Сфинкс – тек қана монолиттен құйылған ең үлкен мүсін болып табылады. Пирамида маңындағы үстіртте ежелгі Мысыр перғауындары мен билеуші тап өкілдерінің қорымдары орын тепкен. Орта патшалық кезеңінде (б.з.д. 2050-1750 жылдар) сәулет пен көркемөнер жаңа сатыға көтеріледі. Барлық жерде зәулім сарайлар мен ғибадатханалар салына бастайды. Жаңа патшалық кезеңі (б.з.д. 1550-1070 жылдар) тұсында Карнак, Луксор, Абу-Симбел, Абидос аумағындағы айрықша ғибадатханалар мен Фивы түбіндегі ақсүйектер жерленетін Патшалар аңғары пайда болды. Византиялық кезеңде христиандық ескерткіштер қалыптасса, мұсылмандық дәуірде ислам ескерткіштері бой көтереді.

ПАТШАЛАР  АҢҒАРЫ

Біздің дәуірімізге дейінгі XVI-XI ғасырлар аралығында бұл алқапта ежелгі Мысыр патшалары жерленген. Аңғар Ніл өзенінің батысында, бүгінгі Луксор, кешегі Фивы қаласына қарама-қарсы орын тепкен. Атаулы алап батыс және шығыс болып екіге бөлінген. Бұл алқап XVIІІ ғасырдың аяғынан бастап археология және мысыртану ғылымдарының бай қазынасына айналды. 1922 жылы ағылшын археологі Говард Картер Тутанхамонның қорымын табады. Алқаптың аты Тутанхамон тас қабірінің табылуына байланысты тіпті аспандап кетті. Өйткені жас перғауынның қабірі ұрылардың көзінен таса қалған жалғыз ғана қорым болатын. Осылайша, Фивы қорымдары тұтастай 1979 жылы әлемдік мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынады. Айта кету керек, ең жас перғауын Тутанхамонның табытынынан асықтар қоса табылған еді. Бұл ежелгі мысырлықтар мен түркілер арасында қандай да бір байланыстың барына дәлел бола алады. Әйгілі патшалар қорымына жерлеу Мысыр перғауыны І Тутмостың кезінен бастау алады. «Өлілер қаласын» арнайы жасақ күзететін болған. Патшалар алабында 64 зират бар. Барлығы да негізінен патшаларға тиесілі. Ежелгі патшалық кезеңіндегі перғауынлармен салыстырғанда Жаңа патшалық билеушілері төбесі көк тіреген пирамидалар салмаған. Қорымдар әзірлеу жартастарды тесу арқылы жүзеге асқан болатын. Қорымның аузы үлкен тастармен жабылып, тегістелген. Барлық қорымдар бір-біріне ұқсас болып келеді: 200 метрлік дәліз 100 метрге дейінгі тереңдікке бойлайды. Жол ақырында үш немесе төрт бөлмелі тұраққа келіп тіреледі. Перғауындардың ерліктері мен өнегелері дәліз бен бөлме қабырғаларына түрлі түсті суретпен бәдізделген.