Шекелік – ауырлау келген сырғаның бір түрі. Оны құлақтың сырғалығын жырып кетпеуі үшін бас киімге немесе самайға іледі. Сол себепті самайсырға деп те атайды.
Қазақтың зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, қалайы, алтын сынды басқа да асыл және түсті металдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алынғандығын айғақтайды.
Зергерлік бұйымдарды жасағанда алтын, күміс, және бағалы тастарды пайдаланған. Қазақ зергерлері әйелдердің сәндік әшекей заттарын негізінен түсті металдардан жасады. Әсіресе, күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар-сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тана, тіс шұқығыш ертеден-ақ кең тараған заттар.
Зергерлік өнердің туындылары жауға – айбар, жақынға – мақтаныш, аруға – ажар, жігітке – жігер беретін болғандықтан, батырлардың ерлігіне, ақындардың тапқырлығына, жүйріктердің бәйгесіне сыйға тартылатын да болған. Сәндік бұйымдардың ішінде біреу білсе де, біреу білмейтін, салтанатты жағдайларда ұшы бас киімнің бауына немесе самай шашқа бекітілетін «шекелік» деген әшекей бұйым бар.
Шекелік бірнеше бөліктерден тұрып, оған тағылатын әшекейлер үзбелі болып келеді. Салмағы мен ұзындығы әртүрлі. Кейде иықтан төмен түсіп тұратын болған. Көбіне, геометриялық пішіні біркелкі, бір-бірімен тіркескен жалпақша бөлшектерден жасалады. Шекелік үшбұрышты, жүрекше, ромб, гүл жапырақшасы тәрізді және басқа пластиналардан құралып, шынжырмен немесе ілгектіжүзік тәрізді әдіспен байланысады. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында шекелік бұйымы жәдігер ретінде сақталған. ХХ ғ. Басында жасалған бұйым музей қорына 2004 жылдың 15 қарашасында тапсырылған.
Үзбелі әшекейлерден құралған шекелік бірнеше бөліктерден тұрады. Селдір суыртпалардың күрделі үлгідегі жасалған әсем салпыншақшалары да өте тартымды көрінеді. Басты ерекшелігі – күнді бейнелейтін бір-бірімен арасы сым желі арқылы ұласатын қос шеңберлі жалпақ суыртпақтар да барынша сәнді. Біріне өрнек ретінде шаңырақ алынса, келесісі – үш бұрышты гүл жапырақшасымен өрнектелген. Зергер көк түсті эмальмен белгілі элементтерін бояу арқылы көркемдей түскен.
Пластикалық және композициялық тұрғыдан белгілі бір жүйеге түскен суыртпаққа бір-біріне тізбектеле орналасқан тербелмелі, сыңғырлауық салпыншақтары ерекшелей түседі. Өз кезегінде осы салпыншақтар қыз-келіншектердің өңіне көрік қосқандай, ажар бергендей әсер тудырады. Аталмыш бұйым бір-бірімен әдеттегіше шашақтала дәнекерленген сымдар арқылы сыңғырлаған қоңырау үнін әкелетін салпыншақтарды жалғаған. Бұл әшекейдің қорғаушылық қасиетіне сенген заманнан бері келе жатса керек. Шығыс пен Орта Азияның басқа да халықтары секілді қазақтар да үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген.
Әшекейлер арқылы тұтынған кісіге жақсы ырым мен сәттілік тілеудің кейбір түрлері бұйымның нұсқасы мен өрнегі арқылы да меңзелген.
Назерке ЖАРТЫН